Қазақстан-2050 «Мәңгілік Ел» Стратегиясы, Мемлекеттік «Мәдени мұра» және «Халық тарих толқынында» бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында, Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған «Алматының мыңжылдық тарихы: археология және жазба деректері» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.
Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі ұйымдастырған конференцияның мақсаты – Алматы қаласы тарихының көкжиегін кеңейту және жаңа ғылыми деректерді жинау, ғалымдардың атаулы мәселе бойынша тәжірибе алмасуына жағдай жасау, Алматының мың жылдықтарға тамыр тартқан тарихы терең қала екендігін ғылыми дәлелдеу. Жиын барысында сөз алған баяндамашы ҚР Мемлекеттік орталық музейі Археология орталығының жетекшісі Айтқұл Хамит Амантайұлының «ҚР Мемлекеттік орталық музей экспозициясындағы Алматы тарихы» тақырыбындағы баяндамасын ұсынып отырмыз.
Халықаралық ЮНЕСКО ұйымы Алматы қаласының 1000-жылдығын 2016 ж. мерейтойлық күндер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдағаны белгілі. Ағымдағы жылдың 5-ші тамыз күні ҚР Мемлекеттік орталық музейі Алматы қаласының Әкімдігімен бірлесіп Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған «Алматы – ғасырлар куәсі» атты көрме ашты.
ҚР Мемлекеттік оралық музейі қорында сақталған Алматы қаласы аумағынан табылған деректер негізінде құрылған аталмыш көрме экспозициясы ертедегі және орта ғасырлардағы қала халқының тұрмыс-тіршілігімен таныстырады, яғни көрме қала тұрғындарының, қонақтардың Қазақстанның Оңтүстік астанасы – Алматы қаласының көне тарихына жалпы қалың көпшіліктің қызығушылығын арттырады.
Жалпы көрменің мақсаты ертеден – қола дәуірі, ерте темір, орта ғасырлар, XIX ғ. (Верный қ.) кезеңдерден бүгінгі күнге дейінгі Алматының, қалыптасу, даму өркендеу жолын көрсетуге саяды. Бағзы дәстүр бүгінгі орта-тұрмыс үдерісіне ұласып, өзгере, түрлене дамуда. Бұл көрменің міндеті және ерекшелігі – бұрынғы, қазіргі өмірді және болашақты байланыстыра пайымдау. Қала тарихтың өзегі, түрлі маңызды оқиғалардың куәсі, кәсіп, шығармалық, білім мен ғылымның орталығы болды. Тарих тезінде қалалар бірде жермен-жексен болып жойылса уақыт өте келе қайта көтеріліп, өркендеді.
Алматы мәдени, техникалық, экономикалық, әлеуметтік-саяси байланыс біте-қайнаған күрделі құрылым. Көрме материалдары Алматы аумағын мекендеген ежелгі тайпалардың мәдениетін, орта ғасырлардағы қала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін, Ұлы Жібек жолы бойындағы қала мәдениеті, өндіргіш күштер, қолөнері, сауда, шаруашылықтың, ғылым, өнер мен сәулетшіліктің даму жолымен таныстарады.
Қаланың 1000 жылдық тарихының бұлтартпас дәлелі нумизматикалық материалдар. Қаланың оңтүстік аумағынан табылған XIII-XIV ғғ. күміс монеталар Алматыда теңге сарайлары болғандығының бірден-бір дәлелі [1, 50-51 бб,; 2, 264 б,; 3, 67 б,; 4, 161-165 бб,; 5, 15 б.].
Алматы қаласы мен Қазақстанның басты тарихи-мәдени орталығы Жетісудың тарихы ежелден өзектес, бұл біртұтас аумақты бөле-жара қарау мүмкін емес. Жетісу – Қазақтанның оңтүстік-шығысындағы тарихи-географиялық аумақ, солтүстігінде Балхаш өзені, солтүстік-шығысында – Сасықкөл, Алакөл, шығысында – Жоңғар Алатауы, оңтүстік-батысында – Аспантаумен (Тянь-Шань таулары) шектесіп, солтүстіктен оңтүстікке 900 километр, батыстан шығысқа қарай – 800 километр шамасында созылады.
Тарихи-археологиялық зерттеулер мәліметтері Жетісудың табиғат жағдайы – экологиялық ерекшелігіне сай өңірде ертеде қола дәуірінде ақ отырықшы-көшпелі шаруашылықтың қалыптасқанын көрсетеді. Жетісу аумағында қола дәуірінің көптеген ескерткіштері: қорымдыр, қоныстар, жартас суреттері анықталды. Қорымдар Жетісудың оңтүстік-батысындағы Құлжабасы жотасы мен Шу-Іле таулары аралығында, Ойжайлау шатқалы мен Аңрахай тауларында шоғырланса, Жетісудың солтүстік-шығысында ескерткіштер Көксу өзені бойында, Жоңғар Алатауының беткейінде, Баянжүрек тауында, Көлсай, Шелек өзендерінің алабында, Жетісудың орталығында – тау баурайында, Алматыға таяу Майбұлақ, Ақсай маңында, Алматы қаласы аумағында, таулы аудандарда, Асы, Саты, Кеген өзендері алабында ұшырасады [6, 65-69 бб.]. Археологиялық ескерткіштер әсіресе Алматы қаласы аумағында көптеп саналады. Іле Алатауының шұрайлы баурайында, әсем табиғат аясындағы Алматы тіршілікке аса қолайлы орта екендігі даусыз. Тау етегін жайлаған жұрттың жайлауы мен қыстауының аралығы жақын – небары 2 күн болса, бұның өзі мал шаруашылығымен қатар отырықшы егіншілік – кешенді шаруашылықтың дамығанын көрсетеді. Ағаш, тас сынды құрылыс материалдарының молдығы тұрғын жайлар тұрғызуды жеңілдетті, тұрақты қоныстар пайда болды. Б.з.д. II мыңжылдықта ақ Алматы аумағын андрондық тайпалар мекендегені белгілі [7, 79-91 бб.].
Алматы аумағынан табылған көмбелер мен ашылған бірнеше қоныс жұрты байырғы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі жайлы көңіл қоярлық мәлімет берді. Қала аумағындағы құрылыс жұмыстары кезінде қола дәуірінде қолданыста болған заттар табылды. Арнайы әдебиетте, «Каменск» және «Түркісіб» көмбесі деп көрсетілген артефактілер аса құнды дерек. «Каменское плато» демалыс үйі аумағында 1 м тереңдіктен «Каменск көмбесі» қашау, екі шот, қыш ыдыс табылған. «Түркісіб көмбесі» Іле Алатауының баурайындағы «Түркісіб» демалыс үйі аумағында теңіз деңгейінен 1100 м биіктікте, құрылыс жұмысы кезінде 3 м. тереңдіктен табылды. Көмбеде тас сап, қыш фрагменттері, қоладан жасалған шүйделі балта, шот, найза сүңгісі, пышақ және үш орақ болған. Бұл артефактілердің кейбірі ертерек б.з.д. XIV-XII ғғ. және кейінгі б.з.д. X-VIII ғғ. мерзімделеді [8, 190-208 бб.].
Алматы қаласының солтүстік шетінен табылған б.з.д. IX-VIII ғғ. жататын Тереңқара қонысы зерттеуші Ф.П. Григорьевтің пікірінше уақытша қоныс, мерзімдік тіршілік орны болса керек, қоныстағы үйлер дөңгелектеу жертөле секілді жобаланған. Қоныс тұрғындары бақташылықпен қатар отырықшы егіншілікпен, яғни кешенді шаруашылықпен айналысқан. Қоныстан өрнекті қыш ыдыс, дән үккіштер, тас саптар табылды. [9, 3-47 бб.]. Көрме экспозициясында Тереңқара, Майбұлак, Төменгі Каменка, Қарғалыдан табылған қола дәуірінде қолданыста болған материалдармен қатар шот, кельт, пышақ сынды еңбек құралдары – кездейсоқ олжалар көрсетілген. [10.].
Б.з.д. VIII – б.з. III ғғ. ежелгі көшпелілер – сақтар мәдениетінің барынша гүлденген кезеңі деуге болады. Жетісу, Алматы аумағында биіктігі 20-30 метр, диаметрі 90-130 метрге жететін «Патша обалары» жиі ұшырасады. Ерте сақ кезеңінің әйгілі ескерткіші – б.з.д. VIII ғ. тұрғызылған Бесшатыр обасы. Бесшатыр қорымы – Жетісу сақтарының этномәдени және киелі орталығының бірі. Іле өзенінің оңтүстік жағасы Желшағыр тауының етегіндегі, Шылбыр шатқалына кіре берісте «Алтынемел» Ұлттық саябағы аумағында орналасқан. Қорым солтүстіктен оңтүстікке қарай 2 км, батыстан шығысқа қарай – 1 км алқапта тізбектелген 31 обадан тұрады. Қорым обаларын К.А. Ақышев басқарған Іле археологиялық экспедициясы (1957, 1959-1961 жж.) зерттеді. Жер бетіндегі, астындағы: үйінді, бөрене табыт, жерасты жолы – дәліз, қоршау, жал, ұстын сынды құрылғылардан тұратын Бесшатыр обалары зәулім архитектуралық ансамбль деуге болады. Обалардың сыртқы (жер бетіндегі) бөлігі ірі тас, қиыршық қабатынан тұрады. Оба үйіндісі астында Тянь-Шань шыршасы бөренелерінен қиылған көлемі үлкен көр бөлмелері – жерлеу орны болды. Бірнеше қабаттан тұратын үйінді астындағы құрғақ микроклимат ағаштан қиылған құрылғыны шіру, бүлінуден сақтаған. Көрме экспозициясында обалардың біріндегі көр бөлмесі – жерлеу орны қима табыттың фрагменті – тянь-шань шыршасының бөренелері көрсетіледі. Сол замандағы күрделі құрылым – көлемді жерлеу орны жерасты жолы – дәліз, кіре беріс есік ойығы және төбесі буылған қамыс, киізбен жабылған табыт. Көрме экспозициясында көр қабырғасының фрагменті бөренелер қойылған. Бөренелер мұқият жонылған, бөрененің кей тұсында балта жүзінен қалған із байқалады. Көлемі, құрылымы, жобалануы және ағаш табыттың қиюласу техникасы, культтік-ғұрыптық құрылғылардың сипаты жағынан алғанда Бесшатыр Евразияның көшпелі бекзадаларының зәулім ескерткіштерімен тең түседі. [11, 291-292 бб.]. Осы өлкені зерттеген атақты ғалым К.А. Ақышевтің «алтын киімді адам» тапқаны жайлы хабар кезінде елді елең еткізіп Қазақстанды әлемге танытты [12, 132 б.]. Бұнда мәселе алтыннан гөрі әшекей бұйымның мәдени құндылығында дер едік. «Алтын адамның» киім әшекейлері әйгілі скиф-сібір аң стилінде жасалған, әрі әшекейлерде тағы аңдармен қатар қолға үйретілген жануарлардың бейнелері ұшырасады. Бас киімінің жиегі Алатаудың нобайы болса, төбесіне арқар мүсіні бекітілген. Тау етегінде – бас киім жиегінде ыза кернеген жолбарыстың мүсіні бар. Бас киімінің маңдай тұсында қанатты сәйгүліктер бейнеленген. [13, 39-48 бб.]. Бұл көркем дүниелер жиынтығы мұнда сақтар патшасының жерленгендігін аңғартады. «Алтын адам», оның киімі, қару-жарағы, әшекей бұйымдары Жетісу аумағында сақтар тұсында мемлекеттік бірлестіктер қалыптасқанын көрсетеді. Сақ мемлекеттік бірлестігінің тағы бір дәлелі күміс табақшадағы жазу. Егер бұған дейін зерттеушілер сақтар парсы тілінде сөйледі деп келсе, табақшадағы жазу сақтардың түркітілді тайпа екендігін дәлелдеді. [14, 38-62 бб,; 15, 176 б,; 16, 3-215 бб.].
Көрме экспозициясындағы сақ шеберлерінің көркем туындылары – Алматы аумағынан табылған кездейсоқ олжалар аса құнды артефактілер деуге болады.
Алматы қаласы аумағынан табылған үш тағанды 8 қазан айрықша ден қоярлық туынды. Жетісу өңірінен жиналған қазандардың басты ерекшелігі таған-бұттары жануарлардың – арқарлардың, аттың аяғын жұлқылап тұрған күшігеннің (басы бүркіт, денесі арыстан бейнесіндегі құс) мүсіні, немесе теке, қой, түйенің аяғы секілденіп пішінделеді. Жарты сфера түріндегі қазандардың сыртқы беті көбінесе еспе жіп сияқты үш жолақпен белдеуленеді, ернеу астына сырты каннелюра – жолақтармен әсемделген доға түріндегі екі тұтқа сәл көлбеулене көлденеңінен және дәл осындай екі тұтқа тігінен дәнекерленеді. Қазандарды пішініне қарай жіктеуге сай екінші топқа сәйкес келетін конус тағанды қазандар әдетте «скифтік» қазандар деп аталады. Үшінші бір түрге пішінделуі, кейбір детальдері жағынан «скифтік» қазандарға ұқсағанымен тағаны жоқ, бәлкім, темір тағанға қондырылған қазандар жатса керек. Шүмекті екі қазан төртінші түрге сәйкес келеді. [17, 19-25 бб.]. Сонымен қатар қола қазандармен бірге көмбелерден арагідік қысқа үш тұғырлы шағын қазандар да ұшырасады [18, 84-89 бб.]. Жетісу өңірінен табылған сақтардың құрбандық ыдыстары мен шырағдандар ғұрыптық жоралғыларды атқаруға қолданылды. Төртбұрышты немесе дөңгелек табақшалы шырағдандардың бір-бірінен айырмашылығы олардың жер және көк құдайларына табыну мақсатында қолданылуымен байланысты. Сақтардың әлемнің құрылымы жөнінде өзіндік түсінігі болды. [19, 183-196 бб.].
Пирамида пішінді тұғырлар әлемдік тау немес әлемдік ағаш идеясын байқатады, яғни жер мен көкті тігінен байланыстырушы - Әлем кіндігінің толымды сипатын құрушы ұғымынан туындаған. Тұғырдағы шаршы немесе дөңгелек ыдыстар кеңістік идеясын білдірсе, бұрыштарында сақтардың түсінігіндегі дәстүрлі образдар – әлемнің төрт жағын қорғаушылар (жолбарыс, барыс, теке, өгіздер) орналасқан. Шырағдандар ыдыстарында жыртқыштардың бірін-бірі талауы ғана емес, адамдармен шайқасу көріністері де бейнеленген. Жануарлардың жоталарындағы тік түтікшелерге қойылған білте тұтандырылады. Табақша жиегінде барыс мүсіншелері, табақтың ортасында текені талап жатқан екі бөрі, және екі қарға бейнеленген шырағдан Ерменсай ауылынан табылған. Сонымен қатар 1953 ж. Есіктен жылқы оның қасында жүресінен отырған адам мүсінделген шырағдан табылды. 1912 ж. Үлкен Алматы мен Поганка өзендерінің аралығынан мысық тұқымдас қанатты төрт жыртқыш мүсінделген шырағдан, бес мыс қазан көмбесі табылған [20, 140-146 бб,; 21, 3-17 бб.].
Б.з.д. III-II ғғ. Қытай жазба деректерінде Үйсін мемлекеті Ұлы Қытай империясымен тең қарым-қатынас орнатты деген мәлімет бар. Үйсін куньбиі (билеушілері) қыздарын күйеуге беріп туыстық байланыс орнатуға тырысты. Олар мал шаруашылығын отырықшы егіншілікпен ұштастырды. Үйсіндердің археологиялық ескерткіштерін А.Н. Бернштам, К. Ақышев, Г.А. Кушаев зерттеді. [22, 26-45 бб.]. 1939 жылы Алматы қаласының батысы, Қарғалы өзенінің бойындағы таудың ұшар басында - 2300 м биіктіктегі Мыңошақты шатқалының жартас қуысынан мүрде және 300-ден аса алтын әшекей бұйым табылды. Осы заттар арасында диадема, қос өркешті түйенің мүсіні бейнеленген екі сақина, қанатты таутекелер пішініндегі он тоға, адамға қарсы атылған қабан мүсінделген сырға, жапырақ пішінді тіліктер, гүлшанақ, төрт, жеті, сегіз жапырақты гүлдерге ұқсаған тоғалар және т.б. бар. Қарғалы көмбесінің әшекей бұйымдары б.з.д. ІІІ-ІІ ғғ. аң стилін алмастырған безендіру стилімен жасалған. Археология ғылымында «Қарғалы диадемасы» деп аталған бұйым ерекше мәнді саналады, бұл туынды үйсіндердің көне наным-сенімдерін пайымдауға жол ашады. Диадема тікбұрышты жұқа тілік тәрізді, өсімдік сарынды көркем өрнекке аңдардың, құстардың, фантастикалық тосын сипатта берілген антропоморфты төрт мүсінді біріктірген көп фигуралы композиция үйлесімді өрілген ғұрыптық бас киім әшекейі. Қарғалы әшекейлері б.з.д. II- I ғғ. өнер туындысы. [23, 23-31 бб,; 24, 158-181 бб.].
Көрмеде үйсіндер мәдениетінің бірегей құндылықтары Қарғалы диадемасы, қыш ыдыс, еңбек құралдары қойылған. VI-Х ғғ. Жетісу аумағы Түрік, Батыс түрік, Түргеш, Қарлұқ қағанатының билігінде болды. Батыс түрік қағанатының астанасы Шу өзенінің бойындағы Суяб қаласы болса, қағанның жазғы ордасы Тараздың шығысындағы Мыңбұлақта еді. Осы кезеңнің археологиялық ескерткіштерінен табылған материалдар қағанаттың әлеуметтік-экономикалық, мәдени деңгейін отырықшы тұрмыс, қалалардың даму үдерісін көрсетеді. Батыс пен шығысты байланыстыратын Ұлы Жібек жолы қағанаттардың дамуына ықпал етті.
Түркілер өмірден өткен туыстарының қабірлері жанына тас мүсін – ұстындар қойып, қоршаулар тұрғызды. Бірте-бірте діни жоралғылар ықпалымен тас мүсіндер культі пайда болды. Төрт бұрышты тас қоршауларды жанай қатарласа орналасқан VI-VIII ғғ. тас мүсіндер сол кезеңнің басты оқиғаларын, ел қорғаған ерлерін, дүниеден өткен руластарын есте ұстау, ұлықтау ниетінің шынайы көрінісі. Иконографиялық ерекшеліктері бойынша тұлғасы, кескін-келбеті айқын мүсіндер (қолында ыдыс, құс немесе қаруы бар) ежелгі түркілердің дәстүрлі ғұрыптық жоралғысын аңғартады.
Үйме төбешіктердің, обалардың етегінде, тас қоршаулардың шығыс жағын ала орнатылған тас мүсіндер VI-IX ғғ. түркілердің культтік мәндегі іргелі мәдени мұрасы.
Көрме экспозициясында VI-IX ғғ. артефактілер Қырғауылды кешеніндегі жерлеу орнынан табылған әшекей түрлері: шашбау, білезік, шекелік, Ақтерек қорымы обаларынан табылған ат әбзелдері, қару, белдік әшекейлері және кездейсоқ олжалар көрсетіледі. Қалалардың өркендеуінде Ұлы Жібек жолының маңызы зор болды. Осы жол бойында орналасқан қалалар мен қыстақ-кенттерде қолөнері жанданды, түрлі тұрмыстық бұйымдар, көркем, бағалы заттар өндірілді [25, 153-190 бб.]
IX-X ғғ. тұсында өңірде қоныс, қалашықтар дамып, елді мекендер саны көбейді, Алматы саяси, экономикалық және мәдени орталыққа айналды. Бұл кезеңдегі қалалар жобасы төрт бұрышқа жақындау, сәл дөңестеу болып көрінеді. Алматы қаласы аумағында Кіші Алматы мен Есентай өзендері аралығында, Есентай, Каменка өзендерінің оң жақ жағасында, Қазақ Ұлттық университетінен оң жаққа қарай дөңде, Тереңқара, Ақсай өзендерінің бойынан анықталды. Бұрынғы «Горный Гигант» шаруашылығы аумағынан табылған үйдің тас ошағы, тандырдың, ыдыстың сынықтары IX ғ. қолданыста болған заттар (Дублицкий, 1939) [26; 27, 3-4 бб,; 28, 10-25 бб.].
Каменка өзенінің жағасы «Түркісіб» демалыс үйінің солтүстік жағындағы, Есентай, Кіші Алматы өзендері аралығындағы қоныста (1922 ж. В.Д. Городецкий ашқан) қора-қопсы, суландыру жүйесінің қалдықтары, егіс алаңқайы анықталып, қыш сынықтары, дән үккіштер, металл бұйымдар жиналса, 1978 ж. ұста шеберханасының орнынан: көрік, қыш ыдыстар үйілген шұңқыр, металл қалдығы, балта, кетпен, т.б. еңбек құралдары табылды. Бұл мекеннің көлемі, күйдірілген кірпіштен қаланған үйлер, қолөнер бұйымдары, теңге сарайының орны бұл жерде қала болғандығының бұлтартпас дәлелі [29.]. Жалпы экспозицияның «Орта ғасырлардағы археологиялық ескерткіштер. VI-XIV ғғ.» кешені бөлімінде ортағасырлық Шеңгелді қалашығынан табылған материалдар негізінде жасалған тұрғын-жай реконструкциясы, 1978 жылы анықталған ұста шеберханасының қирандысы, сондай-ақ ҚР МОМ коллекциясындағы қыш құбыр, қыш ыдыс фрагменттері, дән үгітілетін текше тас, сап, металдан жасалған түрлі еңбек құралдары, т.б. негізінде жасалған ұста шеберханасы, су құбырының реконструкциясы арқылы көрсетілген [30, 10-12 бб.].
Жазба деректерде Алматы, Алмату, Алимту сынды атаулар жиі ұшырасады. Алматы сөзінің этимологиясы ежелгі түркі тіліндегі «аіта» (қызыл жидек немесе алма) ұғымды білдіреді.
Алматы сөзі топонимистер Г. Қоншақбаев пен А. Абдрахмановтың пікірінше «алма ағашы көп өскен жер», «алмалы мекен» немесе «алмалы қала» деген түсінікке саяды. Осы атау жөнінде Е. Қойшыбаев А. Голубевтің «Алматының байырғы атауы – Алмату» деген пікірін қайталайды. А. Голубев Верныйды кейде Алматы деп атайды; қырғызша (қазақ тілінде - ред.) бұл сөз «алма өскен тау» деп көрсеткені белгілі [31, 65-69 бб,; 32, 45 б.]. Ғұлама ғалым Шоқан Уәлиханов: «Алмату… өз саудасымен белгілі және үлкен жол бойындағы станция» деген мәлімет қалдырған [33, 7-81 бб.].
Қала мәдениеті даму деңгейінің бірден-бір көрінісі IX-X ғғ. қалыптасып кейінгі орта ғасырларға дейін жеткен «Горный гигант», кент-қоныстар және Алматымен іргелес (Талғар, Шеңгелді және т.б.) қалалар жұртынан жиналған артефактілер, Алматы аумағынан табылған нумизматикалық деректер болып саналады. [34, 67-70 бб.]. Сонымен қатар экспозицияның ортағасырлық кешені бөлімінде – Каталон атласы қойылған. Каталон атласы – XIV ғасырда жасалған әлем картасы; ортағасырлық картография каталон мектебінің жетістігі болып саналады. Атласты Арагон патшасы Хуан I-дің тапсырысы бойынша шамамен 1375 жылы еврей Иегудо Крескес пен оның ұлы Аврамм Крескес Пальма-де-Мойоркада дайындаған. Француз патшасына сый ретінде Париж каласында бұрыннан сақталып келді (бүгінде – Франция Ұлттық кітапханасында). Әуел баста алты пергамент парағынан құралған атлас кейініректе қақ ортасынан бөлініп, ағаш тақтаға керілді. Атластың бірінші парағындағы мәтін космография, астрономия және астрология (атап айтқанда, Жердің сфералық пішіні белгіленеді) мәселелерді қарастырады. Екінші парақта күнтізбе мен астрономиялық мәліміеттер келтірілген. Атластың үшінші және төртінші парақтарында Марко Поло мен Джон Мандевильдің теңіздің арғы жағындағы елдер туралы мәліметтері қамтылған біршама толық карта – портулан берілген. Араб дәстүріне сай, солтүстік бағыт картаның төменгі бөлігінде көрсетілген. Қалалар жалаумен белгіленген.
Атластың Орта Азия, әсіресе ортағасырлық Қазақстан тарихы үшін айрықша қызығушылық тудыратын бөлігі – бесінші және алтыншы парақтар. Онда Моңғол империясының ұлыстары бейнеленген. Санкт-Петербургтік тарихшы А.Г. Юрченконың пікірі бойынша, картада моңғолдың барлық төрт иелігі – Жошы ұлысы, Илхан әулеті, Шағатай ұлысы және Юань империясы және әрбір ұлыс әміршілерінің бейнесі көрсетілген мысалы, Қытайда – Құбылай (1271-1294 жж.), Жошы ұлысында – Жәнібек (1342-1357 жж.), Шағатай ұлысында – Кебек (1318-1326 жж.). Ұлыс аумақтарын қалалармен айқындалған және онда билеуші әулеттің байрағы бейнеленген.
Атласта Кебек Medeja елінің патшасы ретінде аталған. Medeja латын тілінде «орталық мемлекет» деген ұғымды білдіреді. Каталон атласында Шағатай ұлысы дәл сол «орталық мемлекет» ретінде бейнеленген. Бұл кезеңде Алмалық қаласы (немесе Алмалы) осы мемлекеттік құрылымның мәдени-тарихи орталықтарының бірі болғандығы белгілі. Кебек және Шағатай ұлысы туралы мароккандық жиһанкез Ибн Батута да баяндайды. Кебек-хан - ақсүйек, Шағатай ұрпағы, Шағатай ұлысының ханы (1318-1326 жж.). Шағатай тұқымы Есен-Бұқа дүние салғаннан кейін 1318 жылы билік Кебекке көшті. Кебек-хан ақша және әкімшілік реформасын жүргізді. бөлді. Кебек күллі мемлекет аумағында өз атынан тиын соққан алғашқы хан ретінде тарихта қалды. Ақша сарайлары Самарқанд, Бұқар, Термез шаһарларында болды. Ол 1321 жылы айналамға ендірген күміс тиындар «Кебек» деген атпен белгілі. Картограф атлас құруға дейінгі 80 жыл бұрын жазылған Марко Поло кітабындағы мәліметтерді пайдаланды. Аталмыш ортағасырлық кешені бөлімі Шеңгелді мекенінен табылған жібек мата фрагменттері (жібек мата өрнегі, кесте сызбасы, шағатай әулеті тұсындағы XIII-XIV ғғ. атқамінер киімінің реконструкциясы), импорт бұйымдары, қола айна, металл ыдыстар және т.б. артефактілермен толықтырылған.
Қала тарихының Верный кезеңі (1854-1921 жж.) қала құрылысының деңгейі, абаттандырылу сипаты, өндіріс және сауданың даму барысы жайлы ҚР МОМ қорындағы фотоқұжаттар сыр шертеді. 1921 ж. – 1990 ж. қала Алма-Ата деп аталды. Алматының қазіргі даму үдерісін ҚР МОМ коллекциясынан іріктелген фотогалерея айғақтайды. Бүгінгі Алматы – Орталық Азиядағы аса ірі мегаполис, республиканың қаржы және мәдени орталығы. ҚР МОМ қомақты қор коллекциясы негізінде құрылған бұл көрме Алматы қаласының көне заманнан бүгінге дейінгі қалыптасу, дамуымен байланысты экономикалық, саяси және этномәдени үдерісіндегі тарихи мәнді оқиғаларды толық ашып көрсетеді деуге болады.
Айтқұл Хамит Амантайұлы,
ҚР Мемлекеттік орталық музей
Археология орталығының жетекшісі.
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Настич В.Н. Алмату - неизвестный монетный двор XIII в. Бартольдовские чтения, год десятый: Тезисы докладов и сообщений. М., 1993. 50-51 бб.
2. Настич В.Н. Алматы - монетный двор XIII века. Древности Поволжья и других регионов. Нумизматический сборник. – Нижний Новгород, 2000. Вып. III, т. 2. 264 бб.
3. Настич В.Н. Монетные дворы средневекового Казахстана. Памятники истории и истории культуры Казахстана. – Алма-Ата, 1989. Вып. 4. – 67 б.
4. Петров И.П., Камышев А.М. Алматы - монетный двор. Государство Чагатаидов. Известия Национальной Академии наук РК. Серия общественных наук. №1. – Алматы, 2005. 161-165 бб.
5. Исин А. К монетному чекану Алматы XIII в. – Семипалатинск, 2005. – 15 б.
6. Агеева Е.И. Новые данные по археологии Семиречья// КСИИМК. Т. 80. 1960. 65-69 бб.
7. Бернштам А.Н. Памятники старины Алма-Атинской области//Вестник АН КазССР. Серия археологическая. – Алма-Ата, 1948. Вып. 1. № 46. 79-91 бб.
8. Байпаков К.М. Жетысу в древности и средневековье: урбанизация и средневековый город Алматы // Sһуqus. – 2004. №1. 190-208 бб.
9. Григорьев Ф.П. Исследования памятников археологии г. Алматы и ее пригородов в 1987. – Алма-Ата, 1988. 3-47 бб.
10. Григорьев Ф.П., Исмагилов Р.Б. Археологические исследования на территории г. Алма-Аты в 1984 г. // Архив ИА МОН РК. Ф. 2, оп. 2. д. 2045. св. 156. – Алма-Ата,
Акишев К.А., Кушаев Г.А. Древняя культура саков и усуней долины реки Или. – Алма-Ата, 1963. 291-292 бб.
12. Акишев К.А. Курган Иссык. – М., 1978. – 132 б.
13. Акишев А.К. Идеология саков Семиречья //Краткие сообщения Института археологии АН СССР. - М., 1978. 39-48 бб.
14. Акишев А.К. Скифская дорога и Великий шелковый путь//Актуальные проблемы казахстанского монголоведения: прошлое, настоящее и перспективы. – Алматы, 1999. 38-62 бб.
15. Акишев А.К. Искусство и мифология саков. – Алма-Ата: Наука, 1984. – 176 б.
16. Акишев К. А. Саки Семиречья // Труды ИИАЭ АН Каз ССР. Т. 7. – Алма-Ата, 3-215 бб.
17. Джумабекова Г.С. О «кладах» металлических изделий в Семиречье // Известия МОН АН РК. Серия общественных наук. – 1996. №2. 19-25 бб.
18. Григорьев Ф.П., Исмагилов Р.Б. Новые находки бронзовых котлов в окрестностях Алматы //История и археология Семиречья. – Вып.1. – Алматы, 1999. 84-89 бб.
19. Акишев А.К. Новые художественные бронзовые изделия сакского времени//Прошлое Казахстана по археологическим источникам. – Алма-Ата, 1976. 183-196 бб.
20. Акишев А.К. Жалаулинский клад или золото бугровщиков//Памятники истории и культуры Казахстана. Вып.5. – Алматы, 1992. 140-146 бб.
21. Байпаков К.М. Семиреченские художественные бронзы//Известия МОН АН РК. – 1998. №1. 3-17 бб.
22. Акишев К.А. Экономика и общественный строй Южного Казахстана и Северной Киргизии в эпоху саков и усуней (V в. до н.э. - V в. н.э.). – М., 1986. 26-45 бб.
23. Бернштам А.Н. Золотая диадема из шаманского погребения на р. Каргалинка//КСИИМК. – 1940. Вып. V. 23-31 бб.
24. Кузьмина Е.Е. Дионис у усуней. О семантике Каргалинской диадемы//Центральная Азия. Новые памятники письменности и искусства. М., 1987. 158-181 бб.
25. Байпаков К.М. Средневековые города Казахстана на Великом Шелковом пути. – Алма-Ата, 1998. 153-190 бб.
26. Дублицкий Б.Н. Курганный могильник у Алма-Атинского Дома матери и ребенка и курганы окрестностей Алма-Аты. – Алма-Ата, 1946. Архив ИА, Оп. 2. д. 35. Св.3.
27. Дублицкий Б.Н. Краткий отчет археологической разведки в окрестностях Алма-Аты. – Алма-Ата, 1939. 3-4 бб.
28. Байпаков К.М. Находка клада керамики на территории Алма-Аты // Вестник АН КазССР. – 1974. №2. 10-25 бб.
29. Городецкий В.Д. Древности Семиреченской области. 1924 // Архив ИА. Оп.2, д.4. св.131. Григорьев Ф.П. Археологические памятники района Алматы//Маргулановские чтения. – Алма-Ата, 1989. 261-267 бб.
30. Байпаков К.М. Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья. – Алма-Ата, 1987. 10-12 бб.
31. Койчубаев Е. Краткий толковый словарь топонимов Казахстана. – А-Ата, 78-79 бб.
32. Койшибаев Е. Қазақстаннын жер-су атарысоздігі. – Алматы, 1985. – 45 б.
33. Валиханов Ч.Ч. Записки о киргизах // Собрание сочинений в 5 томах. Том 2. – Алма- Ата, 1985. 7-81 бб.
34. Копылов И.И. Мостовая улица древнего Талгара (конец XI - начало XIII в.). Памятники истории и культуры Казахстана. – Алма-Ата, 1984. 67-70 бб.