Ешкім қайталауға тиіс емес рекордтар

2312
Adyrna.kz Telegram

Адам баласы әртүрлі. Атын шығару үшін «жер өртейтіндер» бар. Бірақ мәселе  мынада: мұндай әрекеттер алдымен адамның өзіне, айналасына, қоршаған ортаға зиянын тигізбеуі тиіс.

Бірақ атын шығарып, ержүректігімен Гиннестің «Рекордтар кітабына» атын қалдырып жататындар раз емес. Мысалы, Қытайдың тұрғыны Жуань Лян Минді ешқашан аралар шақпайды екен. Оған қатысты мына бір оқиғаны еске алсақ та жеткілікті. Қорғаныш костюмін киген ассисенттер оның үстіне бірнеше корзинаға толы араларды жіберген. Аралардың салмағы шамамен 63,5 келі тартқан. Үсті-басына ара жабысқан қытайлық жігіт қозғалмай бірнеше сағат тұрған. Мамандардың айтуына қарағанда, егер осыншама аралар Жуань Лян Минді шағатын болса, ол денесіне 3 мыңнан аса «у» алып, оны көтере алмай өліп кететін еді. Қуанышқа орай, қытайлық жігітті аралар шақпайды екен.

Сондай-ақ Таиланд тұрғыны Канчану Кэткэоу улы шаяндардан қорықпайды. Ол 33 күн бойы 3,4 мыңнан астам шаяндармен бірге тұрған. Жүрек жұтқан қыз сонымен қатар, улы шаянды 3,5 минут бойы аузында ұстаған.

Бұл ғана емес, Техас тұрғыны Джеки Бобби ваннада 45 минут бойы 195 улы жыланмен отырған. Ол өзінің улы жыландарымен бүкіл АҚШ-ты шарлап, гастрольдік сапарда жүретін болған. Бірақ қандай да бір оқыс жағдай қайталанбаған. Ал мұның себебі неде? Биббидің айтуына қарағанда, улы жыланмен ваннада отырғанда еш қозғалмауың керек. Егер сәл қозғалсаң бітті, шағып алады, сөйтіп өмірмен қоштасасың. Бірақ Джеки Бобби өмірінде бір рет қиын жағдай орын алғанын да жасырмайды. Оны бір гастрольде улы жылан шағып алған. Ақырында жағдай қиынға айналып, дәрігерлер оның бір аяғын тізесінен төмен кесіп тастауға мәжбүр болған. Қазір ол протезбен жүреді.

Запорожьедегі шағын зоопарктің иесі Александр Пылошенко екі жолбарыспен  торда 36 күнін өткізген. Мұның себебі неде? Ол осы әрекеті арқылы  жұртшылықтың назарын аударып, тордағы хайуанаттарына тамақ пен қаржы жинаған көрінеді.

Оңтүстік Африканың Ботсван қаласындағы Окаванго өзенінде ұзындығы 4 метр болатын қауіпті қолтырауындармен бірге жүзуге болады. Ол үшін сіз алдымен 5,5 мың евро төлеуіңіз керек және өзенге түсер алдында «бұл шараны ұйымдастырушыларға ешқандай кінә артпаймын» деп қолхат жазуыңыз қажет.

Міне адамдар өздерінің басын тігіп, қаншама қауіп-қатерге барады. Бірақ атыңды шығарып, мұны қайталаудың еш қажеті жоқ. Бұл адам баласы қайталауға тиіс емес рекордтар. Сондықтан сақтықта қорлық жоқ, тыныш жүргенге не жетсін?!.

Еркін ҚАЛДАН,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер