Цифрландыру – өмір сүруді жеңілдете ме?

2785
Adyrna.kz Telegram

Цифрландыру – біздің өміріміздің әр түрлі тұстарында, өмірлік жағдайларда өз салмағын білдіріп тұрады. Цифрландыру – ол негізінен сандық технологиялардан тұратын экономикалық әрекеттердің жиынтығын да білдіреді.

Цифрландыру – кейінгі жылдары біздің елде де даму үстінде. Алайда, қаншалықты дамығанымен, кең көлемде етек жайғанын, қарапайым адамдардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын көре алмай жүрміз деген заңды сұрақ туындауы ғажап емес. Бұған таңданудың қажеті шамалы. Цифрландырудың ең басты тұсы – ол әлеуметтік, саяси сонымен қатар бизнес процестерді басқа арнаға бұратын, біздің өмір сүру жағдайымыздың жақсаруына  ықпал ететін ашық ақпарат көзі болуында. Осы қолжетімді ақпараттарды, цифрландырудың арқасында қолдануға болатын жаңа технологияларды өзіміз орынды, тиімді пайдалана  білмей жатамыз. Сол себепті де цифрландыру  біздің елімізге жаһандық деңгейде қолданылмауда.

Негізінен барлық ел аумағын цифрландыру үшін, тек үлкен қалалар мен елді мекендер ғана емес, түкпір- түкпірдегі ауыл-аймақтың барлығы қажет деңгейде электрлік қуат көзімен, ғаламтормен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл жағынан ақсап тұрғанымыз жасырын емес. Кейде, белгілі бір жеке тұлғаларға цифрландырудың пайдасы туралы түсіндіріп жеткізу де қиындық туғызады. Мысалы, ақылды үтіктің жұмыс істеу қағидасын кейбір адам түсінбейді, түсінгенмен оған сенбейді. Дегенмен, жаңғырулар мен өзгерістер бәрі бірде болуда, бола береді де.

Қазіргі таңда барлығымыз экономиканың тиімділігіне тәуелді болып ғана қоймай, өзімізге қажетті тауарлар мен қандай да бір қызмет түрлерін  ғаламтордан немесе одан тыс алуға, бір – бірімізбен ақпарат алмасуға мәжбүрміз. Ал цифрландыру дәуірі – осы айтылғандарды біршама жеңілдетеді.

Қазіргі кезде цифрландыру – күнделікті тұрмыста, өндірісте, жұмыс орындарында, мемлекеттік органдарда, бизнесте қолданылу аясын кеңейтуде.

Күнделікте тұрмыстағы цифрландыру – ол көпшілігіміз үшін таңсық емес. Мысалы, көптеген адамдар қолданатын цифрлық жүйе – дабылды алатын болсақ, ол да цифрланудың бір көрінісі.

Ал  өндірістік цифрландыру  ол біздің  бірқалыпты  қолмен жасалатын еңбегімізді жеңілдетуге, жұмысты азайтуға септігін тигізеді.   Өндірісті цифрландырудың тағы бір тиімді тұсы –  ауыр еңбектің  адам   өміріне  қауіп төндіретін тұстарын алдын –алуында.  Мысалы, зауыт жұмысшысы өзінің жұмыс орнына, яғни  станокпен жұмыс істеуге келеді,  алайда басына киетін қорғаныш бас киімін киюді ұмытып кетті  делік, сол кезде өз-өзінен  дабыл қағылып,  қызметкерге қауіпсіздік ережесін  сақтамағандығын ескертеді.   Бұл «ақылды» жүйе   өндірісті цифрландырудың нәтижесі

Мемлекет цифрландыруды барлық салада дерлік қолдануды ойластыруда.   Қолданып та жатыр деуге болады. Мысалы барлығымыз білетін, әсіресе көлік жүргізушілерінің «ата жауына» айналған «Сергек бейнебақылау камералары» осының айқын көрінісі.  Жол ережесін сәл бұзсаңыз, жол бойында тұрған жол сақшысы сапырылысқан машиналардың арасынан сізді  байқамай  қалуы мүмкін, ал Сергектен құтыла алмайсыз.  Ол сіздің әр қимылыңызды қалт жібермей, сарт еткізіп түсіріп алады, содан ертеңіне сіздің телефоныңызға айыппұл туралы хабарлама келеді.  Бұдан цифрландырудың   жұмыс процесін қаншалықты жылдамдататынын көруге болады.

Цифрландырудың негізгі бағыттары, олар:  бизнесті  цифрландыру, цифрлық тауарлар мен қызмет түрлерін жетілдіру, ақпараттарды жинауды, олардың сақталуын автоматтандыру, цифрлық жобаларды енгізу және т.б.

Экономиканы цифрландыру – басқа елдерде де сияқты, біздің ел үшін де маңызды рөл атқарады. Цифрлық  экономиканың – жарқын көріністері:  ғаламтор арқылы онлайн сауда- саттық,  онлайн қызмет, электрондық  төлемдер жасау, электрондық құжат айналым.

Экономиканы цифрландырудан басқа – бизнесті, өндірісті, денсаулық сақтау саласын, білім – беру саласын цифрландыру да  мемлекетіміз үшін  кезек күттірмес, бастапқы орындағы сұрақтардың бірі болып отыр.

Пікірлер