Із-түзсіз жоғалған 13 жасар қыз мешітте түнеген

1411

Түркістан облысының полицейлері үйінен шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған 13 жастағы қызды тапты, – деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Сарыағаш АПБ-не түнгі сағат 23:00 шамасында жергілікті тұрғын арызданып келген. Әйел өз арызында кешкі сағат 17:30-дарда қызы үйінен шығып кетіп, содан хабарсыз кеткенін көрсеткен. Жасөспірімнің анасы өз бетінше іздеуден еш нәтиже шықпаған соң, полиция қызметкерлерінен көмек сұраған.

Полицейлер ақпарат алысымен бірден іздестіру жұмыстарына кірісті. Көрген-білгендерден жауап алып, халық көп шоғырланған аймақтарда сұрастыру жұмыстары жүргізілді. ТО ПД аудандық, қалалық полиция бөлім, басқармаларына бағытнамалар жіберілді.

Тәртіп сақшылары жоғалған қызды тез арада табу мақсатында такси жүргізушілерінен, білуі мүмкін деген достарынан сұрастырды. Соның нәтижесінде тәулік ішінде қыздың жүрген жері анықталып, ол орталық мешіттің жанынан табылды. Тексеру барысында ағасымен ренжісіп қалған қыз үйінен шығып кетіп, мешітте түнегені белгілі болды.

Қазіргі таңда жасөспірім қыз анасына аман-есен табысталды.

Өз кезегінде қызының дін-аман табылғанына қуанып, анасы: – Қызым белгісіз себептермен үйден шығып кеткен болатын. Өзім іздестіріп таба алмаған соң полиция қызметкелерінен көмек сұрадым. Сарыағаштық полицейлер жедел іздестіріп, қызымды тауып берді. Полицейлерге алғысымды айтамын!, – деп ризашылығын білдірді.

Түркістан облысының полицейлері барлық ата-аналарға балаларына үйден үлкендердің рұқсатынсыз шықпау керектігін үнемі ескертіп, оларды бақылауда ұстауға кеңес береді. Сонымен қатар жасөспірімдердің өтпелі кезеңінде олармен дос ретінде сөйлесуге шақырады.

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер
Редакция таңдауы