Әміржан Қосанов: Тоқаев жеңіліске ұшырады

8503

Саясаткер Әміржан Қосанов Facebook желісіндегі ресми парақшасында Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы саяси жеңілісі туралы жазды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

«Мен реформатормын», - деп шетел газеттеріне мәлімдеген және президент сайлауы алдында (және одан кейін) саяси реформалардың қажеттілігі туралы айтқан президентіміз алғашқы саяси жеңіліске ұшырады. Оның мәнісі мынада: Тоқаев болашақта өз реформаларын идеялық және практикалық жағынан қолдай алатын парламент құра алмады»,-деді ол.

Саясаткердің айтуынша , қоғам мемлекет басшысының риторикасына сеніп қалған-ды.

«Не дегенмен Тоқаевтың риторикасына сеніп қалған прогрессивті қауым «осы ойы дұрыс болса, онда парламент сайлауына демократиялық күштер қатысып, «Нұротанды» жеңбесе де, сонда ене алады, сөйтіп, елде шынайы саяси реформалар басталады» деп үміттенген еді. Шынымды айтсам, өзім де солай ойладым. Өйткені өзім қатысқан президент сайлауынан кейін елде билікке наразы идеялар нақты сипатқа ие болып, кең қанат жайып, билік санасатындай құбылысқа (қозғалыс не партия дей алмаймын) боп қалыптаса бастап еді. Ақырында не болды? «Реформатор боламын» деген Тоқаев ескі әдіс-тәсілдерден бас тартқысы келмейтін ретроград, кертартпа күштердің ықпалынан шыға алмай қалды. Нәтижесінде регрессивті күштер жеңіп шықты да, парламент сайлауы қуыршақтардың қойылымы боп қалды.

Тоқаев мырза бір нәрсені түсінуі керек. Бұл сорақы сайлауды ел «Назарбаевтың не Байбектің сайлауы» демейді, «Тоқаевтың сайлауы» деп атайды. Осы күлкілі парламент сайлауымен Тоқаев тарихта қалады.

Кім біледі, бәлкім, Ақордадан тыс биліктегі күштер дәл осылай Тоқаевтың реформаторлық имиджіне сойқан соққы бергісі келген де шығар. Олай болса, бұл екінші президенттің тактикалық емес, стратегиялық қатесі болды деп санаймын. Әйтпесе, ел ішінде центристік сипаттағы демократиялық күштер бар еді ғой. Мәселен, ұлттық-демократиялық күштер. Олар Тәуелсіздік алғаннан бері саяси алаңда жүр. Олар билікке жүйелі түрде қарсы. Олар да оппозиция. Бірақ, радикал мен бітіспес кұштерден айырмашылығы сол - олар заң аясында әрекет жасап келеді. Олар конъюнктуралық саяси мақсаттардан гөрі ел Тәуелсіздігін, мемлекеттік тұтастығын, ұлт мүддесін жоғары қояды. Сол күштер өкілдері парламентке енгенде, елдің сайлауға деген ілтипаты басқаша болар еді. Бірақ болар іс болды.

Сондай-ақ, Қосанов 10 қаңтармен саяси өмір бітпейтінін жеткізді.

«Қоғамдағы броундық қозғалыс толастамайды. Керісінше, қоғамдық-саяси өмір жандана түседі. Өйткені меніңше, билік әзірше «президенттік сайлаудан кейін ғаламат күшке ие болған халықтық нарызылықты парламенттік сайлауда қалайша бәсеңдетеміз?» деген тактикалық ой төңірегінде ғана бас қатырып жатыр. Соның қарсаңында небір популистік, орындалуы екіталай уәделерді үйіп-төгіп, сайлаушылардың «құлағына іліп жатыр». Басқа нәрсені ойлауға биліктің қазір шамасы жоқ. Саяси стратегия деген мүлдем ұмыт қалған сияқты!

Міне, сайлаудан кейінгі кезең Тоқаев құрып жатқан «жаңа» жүйе үшін ең мықты сыни шақ болмақ.

Сол кезде бүгінгі радикалдар емес, оппозиция бола отырып, мемлекет пен ұлт мүддесін ұмытпайтын, білімді, байсалды, парасатты, бір мезеттік не бір тақырыптық хайпқа ұрынбайтын, тереңнен ойлайтын, саясаттану терминімен айтқанда, революцияны емес, эволюцияны қалайтын центристік күштер кімді қолдамақ? Меніңше, парламент сайлауынан кейінгі басты бір сұрақтың бірі осы болмақ»,-деп сөзін қорытындылады ол.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы