Түркия Қырым мәселесінде Украинаны қолдайды

1238

Түркия Украинаны Қырымды "қайтару" туралы келіссөздер бастамасында қолдады. Бұл туралы елдің Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу украиналық әріптесі Дмитрий Кулебамен кездескен соң Twitter парақшасында жазды, - деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы “Lenta.ru”-ға сілтеме жасап.

Түрік дипломаты әріптесімен кездесуге қанағаттанғанын да атап өтті. Чавушоглу Киев пен Анкара қарым-қатынасты, әсіресе әскери ынтымақтастық пен қорғаныс өнеркәсібі саласындағы қатынастарды нығайтатынына тоқталды.

16 қазанда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған украиналық әріптесі Владимир Зеленскиймен өткен баспасөз мәслихатында Түркия Украинаның аумақтық тұтастығын сақтай отырып, Ресейдің Қырымды "заңсыз аннексиялауын" мойындамайтынын айтты. Ол Украинаны Түркияның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатын негізгі ел деп санайтынын да білдірген.

23 қыркүйекте Зеленский БҰҰ-да "Қырым платформасы" тұжырымдамасын ұсынып, халықаралық қауымдастықтың бастамаға қосылуын сұрады. "Бұл қырымдықтардың құқықтарын қорғау және түбектің деокупациясы бойынша халықаралық күш-жігерді үйлестіру", - деп түсіндірді ол. Қазіргі уақытта Украина Еуроодаққа мүше елдердің ұлттық үкіметтері деңгейінде олардың бастамаға қатысуы туралы келіссөздер жүргізуде.

Қырым Ресейдің құрамына 2014 жылы наурызда өткен референдумнан кейін кірді, сол кезде аймақтың дауыс берген тұрғындарының көпшілігі бұл шешімді қолдады. Украина мен Батыс елдері бұл плебисциттің нәтижелерін мойындаудан бас тартты.

Фото ашық дереккөзден алынды
“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы