Су айдындарында балықшылардың қаза болу жағдайлары жиілеп кетті

2129
Adyrna.kz Telegram

Аң және балық аулау маусымы басталғаннан бері (2020 жылғы 1 қазан-22 қараша) елдің су айдындарында 12 адам, оның ішінде 1 бала қаза тапты. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдай министрлігінің  ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.

Төтенше жағдайлар министрлігінің  аумақтық бөлімшелері су айдындарда адамдардың (балықшылардың) қаза болуының алдын алу бойынша рейдтік профилактикалық іс-шаралар өткізеді. Рейд барысында балық аулау кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтау туралы ақпараттық жадынамалар таратылды.

Балық аулау кезіндегі ережелердің сақталмауынан  11 адам қаза тапты және ересек адамдардың қарауынсыз қалған 1 бала абайсызда суға құлап мерт болды.

2020  жылы Ақмола, Алматы, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарының су айдындарында қаза болғандар тіркелді.
Мысалы,  өткен күз-қыс маусымында (2019 жылғы 1 қазаннан бастап 2020 жылғы 1  наурызға дейін) еліміздің су айдындарында балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу салдарынан, сондай-ақ мұз өткелдері арқылы өту кезінде 37 адам (оның ішінде 10 бала) қаза болды.

Адамдардың қаза болуының негізгі себептеріне тоқталсақ, 19 адам балық аулау кезінде жағалаудан немесе жүзу құралдарынан абайсызда суға құлап қаза болған, 7 адам балық аулап жүріп мұз астына түсіп кетіп ажал құшқан, 8 бала ойнап жүріп мұз астына құлап, қаза болса 2 бала суға құлап көз жұмған, 1 адам мұз өткелдерінен өту кезінде құлап қаза  тапқан.
Өңірлер бойынша алып қарасақ, қаза болғандар Ақмола, Атырау, Алматы, Ақтөбе, Шығыс-Қазақстан, Жамбыл, Батыс-Қазақстан, Қостанай, Қарағанды,  Солтүстік Қазақстан облыстарының және Алматы қаласының су айдындарында тіркелген.

 

Осындай қайғылы оқиғалар болмас үшін тұрғындарды су айдындарында, қыс мезгілінде ең алдымен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырамыз. Біріншіден қараңғы кезде және айнала  нашар көрінетін тұманды ауа райында мұз үстіне шықпаған жөн, екіншіден  жұқа және қатты қатпаған мұзға шығуға болмайды, үшіншіден мұздың белгілі бір жекелеген аумақтарында топ болып жиналуға болмайды, төртіншіден мұз үстіндегі шұңқырларға, жарықтарға, ойықтарға жақындауға болмайды, автокөлікпен өткелі жоқ жерлермен жүруге болмайды. Осындай әрбіреуіміздің қолымыздан келетін қарапайым ғана сақтық шараларына бағыну арқылы, өз өмірімізді қауіптен, қайғылы оқиғадан құтқарамыз.

Судағы  немесе мұздағы  оқиғалар көбінесе адамның өз-өзіне сену, өз күштері мен мүмкіндіктерін қайта бағалау, судағы (мұздағы) қарапайым ережелерді елемеу салдарынан орын алып жатады екен.

                                                    Ерке Жомарт,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер