Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен кезекті аппарат отырысында өңірдегі мал қыстату кезеңіне дайындықтың барысы, пайданылмай жатқан жерлерді айналымға тарту мәселелері қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, видеобайланыс арқылы қала, аудан әкімдері қатысты. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың мәліметінше, Ақтөбе облысы бойынша 2020-2021 жж. мал қыстату кезеңіне азық қоры жеткілікті мөлшерде дайындалған. Бұл үшін облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қолдауымен 3,4 млрд. теңге қаржы бөлінген. Сондай-ақ, аймақ басшысының 1,5 жылдық мал азығының қорын, яғни 2 365,1 мың тн шөп дайындау тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылық құрылымдары тарапынан 2550,3 мың тн. шөп, 2,5 мың тн. пішендеме, 20,1 мың тн. сүрлем мен 10,1 тн сабан әзірленген. Дайындалған шөптің 1 554,1 мың тн-сы мал қыстақтарына, 996,2 мың тн-сы тұрғындарға тасылып алынып, 39 559 ауланы табиғи шөппен қамтамасыз етті. Мал қыстату науқанына қажет етілетін шөп көлемі 1 683,1 мың тн. болса, қазіргі кезде мал азығымен қамтамасыз ету көрсеткіші 2 601 мың тн. немесе 152 %-ды құрайды. Сондай-ақ, Ақтөбе өңірінде төрт түлік мал саны артқан. Қазіргі таңда облыста ІҚМ саны 527 208 басты құрайды. 1 355 284 бас қой- ешкі, 155 500 бас жылқы, 19 341 бас түйе, 1 339 641 құс бар. Өткен жылмен салыстырғанда МІҚ 106,9%-ға, қой-ешкі- 103,9%-ға, жылқы-115,5%-ға, түйе-110,5%-ға артқан.Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин кейбір аудандарда мал сою алаңдарының талапқа сай келмейтіндігін атап өтті. Алға, Байғанин, Мұғалжар аудандарында заман талабына сай мал сою алаңдарын салу қажеттігі айтылды. «Мал қыстату барысында ерекше көңіл бөлетін жағдай-ол мал төлдету науқанына барынша дайын болу. Қолдағы малдың қоңы мен күйін жоғалтпай, төл күтіліп отырған әрбір малдың жылы қора, қажетті су мен жем-шөптің жеткілікті көлемде берілуі ертеңгі күтілетін төлдің берік негізі екендігін естен шығармау қажет, сондықтан аудан басшылары шаруалармен бірлесе отырып, мал қыстату кезеңінде әрбір шаруашылықпен қарым-қатынастың болуын бақылаңдар. Шалғай шаруашылықтардың жол қатынастары мен байланыс жүйелерінің қалыпты болуын қадағалап, азық-түлік, жанар-жағар май көлемінің жеткілікті мөлшерде екенін назарда ұстауы қажет»,-деді Оңдасын Оразалин. Ақтөбе облысында жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Абдухат Мырзалин жер учаскелерін нысаналы мақсатқа сай пайдаланылмай отырған меншік иелері және жер пайдаланушыларымен ауқымды жұмыстардың жасалып жатқандығын баяндады.