Жаңа Media Club ашылды

3192
Adyrna.kz Telegram

Кеше KAZGUU университетінде MEDIA CLUB ашылды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы. Клуб журналистер, баспасөз қызметкерлері, PR-мамандары, дипломат, пікірсайысшы, қоғам белсенділері, сарапшылар мен блогерлер бас қосатын алаңға айналмақ.

Алдағы уақытта отандық медиа саласында қызмет етіп жүрген мамандар Университетке келіп, бір-бірімен тәжірибе алмасады. Кәсіби біліктілігін арттырып, бейресми кездесулерге қатысады. Сондай-ақ Университет тарапынан берілетін мүмкіндіктердіпайдалану арқылы шығармашылықтарын дамытып, өзара байланысты орнатады. MEDIA CLUB ашылу салтанатында М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ Университетінің Басқарма төрағасы сарапшылар мен журналистер арасында құқықтық, әлеуметтік-экономикалық диалог құрылатынын айтты.

"Журналистердің кәсіби деңгейін көтеру бүкіл ел үшін қажет. Журналист жақсыны жаман десе халық соған сенеді, жаманды жақсы десе де иланады. Сондықтан журналистің алдымен адал, сосын сауатты болуы маңызды. Сәйкесінше біз әлеуметтік жауапкершілігімізді түсіне отырып, университет тарапынан журналистерді кәсіби тұрғыда жетілдіру бағыты бойынша көмектесеміз",- дейді Талғат Нәрікбаев.

Аталған университет елімізде салалық журналистиканы дамытуды қолға алды. Шет елдің жоғары оқу орындарын бітірген университет профессорлары БАҚ өкілдерінің заң, құқық, әлеуметтану, экономика және қаржы салалары бойынша білімін жетілдіруге көмектесуде. Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған оқыту курсына өңірлерден, Нұр-Сұлтан қаласынан журналистер қатысып, бүгін Университет басшылығының марапатын алды.

"KAZGUU Университеті MEDIA CLUB аясында
журналистер үшін "ZAN & MEDIA" деп аталатын арнайы үш күндік курс ұйымдастырды. Бұл тұрақты түрде жалғасын табады. Дамыған елдерде журналист бір ғана салаға маманданады.Біздің мақсатымыз - Қазақстанда салалық журналистиканы дамытуға өзіндік үлесімізді қосу",-дейді Басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Мұхамеджан.

«Клубтың жарғысын дайындау бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Университет басшылығы медиа саласына қатысы бар барша маманды клуб мүшелігіне шақырады»,-делінген хабарламада.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер