Ауыл әйелдерінің әлеуметтік және экономикалық әлеуетін белсенді дамыту қажет – Лаззат Рамазанова

2243
Adyrna.kz Telegram

2020 ж. 13 қарашада онлайн форматта, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен "Ауыл әйелдерінің ауылдағы өмір сапасын арттырудағы бастамалары және Тұрақты даму мақсаттары - 2030 жетістіктері" атты Қазақстанның ауыл әйелдерінің ІІІ республикалық форумы өтті.

Ұлттық комиссия төрайымы Лаззат Рамазанова Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевтың сәлемін жеткізді.

Онда, бүгінде ел халқының 40% астамы ауылдық жерлерде тұрады, сондықтан ауылды дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылады деп аталған. Бұл ретте ауыл әйелдерінің әлеуетін күшейтуге ерекше мән беріледі. Жыл сайын олардың экономикалық белсенділігі мен әлеуметтік жауапкершілігі артып келеді. Әйелдер өз кәсіпорындарын ашып, шаруа қожалықтарын басқарады, бірегей өндірістерді іске қосады және мыңдаған адамды жұмыспен қамтамасыз етеді. Әлеуметтік сала, денсаулық сақтау және білім берудің дамуына белсенді үлес қосады.

Лаззат Рамазанова өз сөзінде бүгінгі таңда 1,8 млн. ауыл әйелінің еліміздің экономикалық тұрақтылығын нығайтуға зор үлес қосып отырғанын атап өтті.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екенін атап өтті, ауыл мен агроөнеркәсіптік кешенін  одан әрі дамыту бойынша маңызды міндеттерді айқындады. Бұл міндеттерді іске асыруда, әрине, ауыл әйелдеріне үлкен және жауапты рөл бөлінген. Тәжірибе көрсеткендей, әйелдер өздеріне жүктелген міндеттерді табысты әрі тиімді орындауда", - деп мәлімдеді Ұлттық комиссия басшысы.

Ләззат Рамазанова отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді сақтаудағы ауыл әйелдерінің рөлін ерекше атап өтті.

"Отбасы ежелден қоғамның мызғымас негізі, бірліктің, бейбітшілік пен келісімнің символы болған Қазақстан үшін әйелдің рөлін асыра бағалау мүмкін емес. Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде отбасы институтын нығайту және дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Адам жүзеге асыратын барлық сәтті бастамалар оның отбасы шеңберіндегі тәрбиесінің нәтижесі екенін ұмытпайық. Ауыл әйелдері нағыз еңбеккерлер, олар отбасы ошағын сақтап қалудың үйлесімді  үлгісі болып қала бермек", - деп атап өтті спикер.

Ұлттық комиссия басшысы биылғы жылы Nur Otan партиясы ұйымдастырған праймериз аясындағы ауыл әйелдерінің белсенділігіне де назар аударды. Партия ішіндегі сайлау әйелдерге өздерінің әлеуметтік және саяси амбицияларын жариялауға мүмкіндік берді. "Праймеризге жас және белсенді қыздар шықты. Олар қоғамды толғандыратын негізгі әлеуметтік мәселелерді шешуді өз мойнына алуға дайын екендіктерін көрсетті", - деп ерекше атады Л.Рамазанова.

Форумда Лаззат Рамазанова ұлттық комиссияның ауыл әйелдерінің құқықтарын нығайтуға, олардың әлеуметтік және экономикалық әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бастамаларын атап өтті. Атап айтқанда, жергілікті атқарушы органдармен, кәсіподақтармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, әйелдердің еңбегіне ақы төлеудің ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен болуына, әйелдердің еңбек ету құқықтарының бұзылуына, әлеуметтік сала мекемелерінің негізсіз жабылуына, балалы отбасылардың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне жол бермеу шаралары ұсынылды.

Сондай-ақ, ел экономикасы мен отбасылық-демогрофиялық мәселелерді дамыту үшін ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігінің маңыздылығын бағалау бойынша елдік зерттеуге бастамашылық ету ұсынылды. Ауылдық жерлерде әйелдер кәсіпкерлігінің дамуына талдау жүргізуге мүмкіндік беретін ресми статистика үшін көрсеткіштер тізбесін қалыптастыру керектігін айтты.

Ләззат Рамазанова үкіметтік емес ұйымдардың ауыл әйелдерінің әлеуметтік жауапкершілігі мен белсенділігін арттырудағы рөлін атап өтті.

"Ауылдық жерлердегі әйелдердің мүдделерін қорғау мәселелерімен айналысатын ҮЕҰ үшін жыл сайынғы арнайы сыйлыққа бастамашылық етуді ұсынамын. Барлық ҮЕҰ-ды ауылдық елді мекендер деңгейінде бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын", - деді Лаззат Рамазанова.

Форумға қатысушылар айтылған ұсыныстарды бірауыздан қолдады.

Сондай-ақ форумда жылдың үздік белсенділері – азаматтық қоғам, бизнес және агроөнеркәсіптік кешен, БАҚ өкілдері, сондай-ақ ауылдық жерлерді дамытуға үлес қосып жүрген үздік ауыл еңбеккерлері анықталды. Сонымен қатар, форумда «Асқар шыңдарға ту тіккен ауыл әйелдері/ 100 историй успеха сельских женщин» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Форумның ұйымдастырушылары мен ресми серіктестері  - Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Coca-Cola халықаралық қорының, ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар офисінің қолдауымен "Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту Коалициясы "ЗТБ," EXPO&WOMEN" ҚМ, "Қазақстан әйелдерінің аграрлық одағы" ЗТБ, "Әлеуметтік динамика" ҚҚ болып табылады.

 

Пікірлер