Қазақстанның білім саласы бітпейтін, кейде адам таңғалатын дүниелерге толы ғой, шіркін. Таяуда әлеуметтік желідегі «Қазақстан ұстаздары» тобынан бастауыш сынып оқушысына "Сыбайлас жемқорлық пен коррупция"жайында "Парасатты отбасы"атты видео-ролик жасауға тапсырмалар берілгені туралы ақпаратты көзіміз шалды. Сіз осы жолдарды оқып отырып не түсіндіңіз, құрметті оқырман? Бастауыш сынып оқушысына коррупция туралы не айтуға болады?
Өз тарапымыздан сұрастырып көрсек, мәселе былай екен. Бастауыш сыныптың оқушысы өз отбасымен арнайы видео түсіруі керек. Ол бейнежазбада сыбайлас жемқорлықпен қалай күресуге болатыны және оны болдырмаудың жолдары туралы ата-анасы баласына түсіндіруі керек екен. Көз алдыңызға елестетіңізші. Әлі әріпті толық танып үлгермеген балаңызға коррупция туралы не айтар едіңіз? «Пәленше жұмысқа тұру үшін түгеншеге пара ретінде ақша берсе, бұл коррупция деп аталады» дейсіз бе? Ал сол кезде балаңыз: «Не үшін ақша беру керек?» деп сұраса ше? «Балам, біздің елде ақшасыз, таныссыз ешбір проблемаң шешілмейді. Бұл соңғы отыз жылда қалыптасқан «дәстүр» дейсіз бе, қалай түсіндіресіз? Адамның қауашағына сыймайтын дүниені бастауыш сынып баласынан талап ету...
Бәлкім, осы жаңалықты ойлап тапқан адам «коррупциямен күресті бастауыш сыныптан бастайық» деген болар. Былай қарасаңыз, дұрыс та сияқты. Алайда баланың басын осындай нәрсемен қатырғанша, үлкендер сол коррупцияны жасауды тоқтатқаны әлдеқайда дұрыс емес пе? Қалай ойлайсыз?
«Құрметті Алматы облыстық білім бөлімі басшылары!"Өзің үйретпегенді шәкірттен талап етпе "деген қанатты сөз бар!Тағы да "Жас ерекшелігіне қарай оқыту"модулі бар жаңа білім мазмұнында. Жаңа әріп танып, ұстазға енді бауыр басып, қашықтықтан білім алып отырған баладан мұндайды қалайша талап ете алмақпын? Біз, мектепте балаға орта білім береміз.Олардың жаны пәк,ары таза. Неге біздер үлкендердің қателігін балалардың мойнына асып қойғымыз келіп тұрады?Сыбайлас жемқорлық мектеп оқушылары мен мыңдаған тексеруден өтетін ұстаздар арасында деп ойлайсыздар ма?Адамгершілікке, бес құндылыққа өзін- өзі тану пәні ұстаздары шамалары келгенше оқытуда, ал қалған уақытта ата- ананың өзі біледі емес пе, қалай тәрбиелесе де?Бәлкім, ол баласын "жемқор" етіп тәрбиелегісі келетін шығар?
Ұзын сөздің ең қысқасы,білім беру міндетінен басқаға ұстаздарды тықпалай бермеңіздер! Әрбірден соң, оқушыға:"Сен отбасыңмен үйіңнің ішінде сыбайлас жемқорлық жайында" ролик түсір,мен оны әлеуметтік желіге саламын деп айтуға правом жоқ!Түсінесіз бе ,моральді түрде правом жоқ!Адаспаңыздар!Өзгені де адастырмаңыздар!Мұғалім жоғарыдан келген бұйрықтың бәрін бұлжытпай орындай беретін "қолшоқпарларыңыз"емес!Біздің де тұлғалық көзқарасымыз, айтар ойымызбен санасқандарыңыз жөн болар!Мені осы тапсырманы орындамадың деп ұстаздықтан қуып жіберсеңіздер де еріктеріңізде!Тұп -тұнық, мөлдір бала жанын лайлағым жоқ!» деп жазды осы жазба авторы.
Біз сауал тастаған бірнеше ата-ана ә дегеннен бұл сұраққа бір күліп алды. «Бізге де берілді ондай тапсырма. Балам бірінші сынып оқушысы. Коррупция туралы видео түсіру керек деді. Күйеуім екеуіміз армансыз күліп алдық бұған. Қалай күлмессің? Ақылы әлі толысып бітпеген бала емес, жемқорлықты осындай дүниелерді ойлап табатындар жеңгені дұрыс қой! Бұл тапсырманың өзі жемқорлықты көрсетпей ме? Мысалы, мұғалімнен жоғары жақ осындай видеоны талап етеді. Ал мұғалім бізден талап етеді. Не үшін? Бар болғаны отчет, яғни есеп үшін ғана. Сіз ойлайсыз ба, біздің видеоларымыздан нақты бір шара жүзеге асырылып, нәтиже береді деп? Жоқ. Біздің елде барлығы есеп үшін ғана. «Ойбай, отчетқа керек еді» деген ұрандармен бітіп жатыр барлық жұмыс. Қағазбастылықтың өзі коррупцияның атасы ғой. «Для галочки» жасалатын дүниелер кімге керек? Әрине, биліктің сонау ұшар басындағы көкелерге керек. «Жұмыс істеліп жатыр» дегенді көрсету үшін керек. Міне, нағыз коррупция осы дер едім»,- дейді аты жөнін жариялауды жөн көрмеген ата-ана. «Қазір аты-жөнімді айтсам, ертең балама кесірі тиюі мүмкін. Негізі, бұл да коррупцияның бір түрі ғой»,-дейді ол.
«Мұғалімдер бос отырмасын деген нәрсе ме, неге осындай қисынсыз шаруаларды иыққа арта береді басшы-қосшылар? Кімге керек бұл? Мұғалім сабағын оқытумен, білім берумен ғана айналысатын уақыт қашан болады? Түкке тұрмайтын нәрселерді қосымша етіп, мұғалімнің арқасына арта беруден жоғары жақтағы қай шенеунік ләззат алады екен осы? Қашықтан оқытып, қолы босап қалды деп ойласа керек. Керісінше, қазір жұмысымыз екі есеге артты. Тәулік бойы телефон мен ноутбукте отырамыз. Әр сыныптың БЖБ, ТЖБ есептерін жасап біткенше, шаш ағарады. Ал оны аз көргендер осындай видеоларды сұрайды», -деп күйінеді Алматы облысының мұғалімі. Аты-жөнін айтуды бұл ұстазымыз да жөн көрмеді.
Қорыта айтқанда, біздің елде кейде «шаш ал десе, бас алатындай» тапсырмалар мен жұмыстар атқарылады деуге болады. Басқа шешу керек проблема аздай, санаға сыймайтын осындай тірліктер мұғалімді де, баланы да мезі ететіні ақиқат.
Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,
«Адырна» ұлттық порталы.
Фото ашық дереккөзден алынды.