Ән падишасы

2793
Adyrna.kz Telegram

"Қазақ вальсінің королі" атанған ұлы композитор, Қазақстанның халық әртісі, ҚР-ның әнұран әуенінің авторы Шәмші (Жәмшид) Қалдаяқовтың туғанына биыл - 90 жыл.

Сазгер 1930 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Қызылқұм ауданында, Қалдаяқ отбасында дүние есігін ашқан. Қазақтың ән өнеріне жаңа тыныс, жылы леп әкелген ән падишасы атанған әуезді сазгер есімін әкесі әуелде Жәмшид патшаның атымен ырымдап атағанмен, құжатқа Шәмші болып жазылып кеткен екен. Алайда Шәмші адамдардың емес, ән патшасы атанды.Бүгінде Шәмшінің әнін білмейтін қазақ кемде кем.

Көрнекті сазгер арман жетелеген ән әлемімен түбегейлі түрде 1950 жылдан бастап өз өмір жолын байланыстырды. Шәмші әндері ғажайып саздылығымен, лирикалық наздылығымен ерекшеленді. Біртуар композитор 300-ге жуық ән жазған. «Арыс жағасында», «Теріскей», «Ана туралы жыр», «Мойынқұмда ауылым», «Ақ бантик», «Кешікпей келем деп ең», «Қуаныш вальсі», «Дүнген қызы», «Жақсыгүл», «Әнім сен едің» және тағы басқа әндері әрбір қазақ жүрегінен орын ала білгені сөзсіз.

Ұлы  композитордың шабытпен жазған дүниелерінің әрқайсысының өзіндік шығу тарихы бар. Соның бірі де бірегейі «Менің Қазақстаным» халықтың отаншылдық нотасын тап басқан ән. Шәмші Қалдаяқов «Менің Қазақстаным» әнінің туу тарихын Ақмоланы Целиноград деп атап, бес облысты бір өлке етіп, оны Ресей жаққа бермекші болып жүрген кезбен байланыстырған екен. Қазақ жері бөлшектенгелі жатқанда оның асқақтығын жырлайтын ән керектігін сезеді. Сөйтіп, осы ән туады.  2006 жылдан бастап егеменді еліміздің әнұраны болып бекітілді. Ұлт жігерін жанитын, әнұранда қазақтың рухы, арманы, намысы тоғысқан. Туған еліне, жеріне деген ұлы махаббат талай әннің жарық көруіне себепші болды.

«Ана туралы жыры» 1961 жылы жарыққа шықты. Кішкентайынан алақанына салып, аялап өсірген анасы қайтыс болғанда дер кезінде келе алмай, қатты тебіреніске түскен композитор анасының құрметіне ән шығаруға бел буады. Бұл туынды шынында, күллі қазақ жұртының көңілінен шықты.

Талайды өз өнер туындыларымен тамсандырған қаламгердің өнеріне тек қазақ халқы ғана емес, әлем елдері де өз бағасын берген. Қазақ эстрадасының ән патшасының өнеріне тіпті ағылшынның өнер қайраткері Роберт Файлер де таңданысын білдіріп: «Мен қазақтың  ұлы композиторымен танысқаныма қуаныштымын. 300-ге жуық ән шығару деген – ұлы ерлік! Сізге ескерткіш орнату керек» - деген екен. Тек бұл ғана емес, кезінде Дінмұхаммед Қонаевтың өзі үнді еліне барғанда Шәмші әнін қазақ тілінде орындап жатқан үнді жұртын көріп, өзге елде шырқалған қазақ  әнін естіп, таң қалғанын тілге тиек еткен болатын.

Әлемді мойындатқан қазақ ән жанрының әйгілі майталманы Шәмші Қалдаяқовтың атында бүгінде елімізде көптеген мектептер, музейлер, көшелер мен ескерткіштер бар. Сазгерді еске алу мақсатында 1992 жылдан бастап Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау-фестиваль дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Сонымен қатар Шымкент қаласында облыстық филармония, Шымкент, Алматы мен Астана қалаларында көше аттары, сазгер туған өлке – Шәуілдір ауылындағы музыка мектебі – Қалдаяқов есімімен аталады. Ал Шымкент филармониясының алдында Қалдаяқов ескерткіші орнатылған. Ұлы композитордың 90 жылдық мерейтойына орай өзі туып-өскен Отырар ауданындағы Шәмші ауылында музей үйі ашылды.

«Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» - деп Абай атамыз айтқандай, өзі өмірден өткенімен, аса дарынды сазгер әндері қазақ халқының жадында мәңгі сақталады, өлмейді.

 

Данат Жанатаев, ф.ғ.к., Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті

Төлен Динара,  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

физика-техникалық факультетінің магистранты,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер