Абай шығармаларының академиялық толық жинағы жарық көрді

3369
Adyrna.kz Telegram

Абай шығармаларының академиялық басылымын даярлап басып шығару ісі қиындығы мол, жауапкершілігі жоғары, аса күрделі шаруа. Сондықтан да мұндай маңызды іске жылдар өткізіп барып оралып отырады. Бұл жинақ та 1995 жылғы екі томдықтан кейін 25 жылдан соң жарық көріп отыр.
Күні бүгінге дейін Абай шығармаларының толық жинағы он мәрте (1909, 1922(24), 1933, 1939, 1945, 1954, 1957, 1961, 1977, 1995 ) жарық көрген екен. Солардың басым көпшілігі М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қабырғасында (М. Әуезовтың басшылығымен) дайындалған. Бұл орайда, аса зор табандылық пен терең білім-білік танытқан М. Әуезов еңбегіне бас иеміз, әлі күнге бағдаршам тұтамыз.
Абай шығармаларына текстологиялық зерттеу жүргізудің басты қиыншылығы - ақынның өз қолтаңбасының бізге жетпеуінде.
Екіншіден, ақын шығармаларын хатқа түсірген адамдардың қолжазбаларының ала-құлалығында. Мәселен, Мүрсейіт Бікіұлы қолжазбаларының өзінде біркелкілік (1905,1907, 1910) жоқ.
Үшіншіден, Абай қолжазбаларының барлығы дерлік ескі (қадымша) арап жазуында жазылған. Бұл - мәтінді оқуда көп қиыншылық келтіреді. Өйткені ертеде жазылған (А. Байтұрсынов әліпбиі шыққанға дейін) қолжазбаларда қазақ тілінің орфографиясы да, пунктуациясы да болмаған, тіпті, кей жағдайда дауысты дыбыстар жазылмауы да мүмкін. Оның үстіне ол әртүрлі қолтаңбамен сауаты түрлі деңгейдегі адамдар қолымен көшірілсе, мәтінтанушылардың жұмысын одан әрі күрделендіре түседі.
Сол сияқты, 1909 жылы шыққан жинақтың өзінде баспагерлер тарапынан кеткен ақаулықтар да жоқ емес. (Оны жинақты құрастырушы Кәкітай Ысқақұлы да атап көрсеткен). Өкінішке орай, осы жинақтың Кәкітай, Тұрағұл қолымен жинақталған қолжазба нұсқасы да бізге жетпеді.
Міне, мұның бәрі мәтінтанушы ғалымдардан араб жазуын ежелеп оқи білетін сауаттылықты, ыждаһаттылықты, төзімділікті, абайтанудың арғы-бергі тарихына байланысты көп ізденісті талап ететін мехнатты шаруа.
Жаңа жинақты даярлауда ілкі тәжірибелері барынша ескерілді. Ең алдымен, осы уақытқа дейін жарық көрген басылымдар салыстырылып, түгел қайта қаралды. Олардағы М. Әуезов қалыптастырған ұстанымдар басты назарда ұсталды. Әсіресе, 1933, 1957, 1961 жылдардағы жинақтарға бас абайтанушы қолымен енгізілген жаңа шығармалар мен оған берілген түсініктер молынан пайдаланылды. Ал жаңа жинақтың мазмұны мен құрылымын жүйелеуде Абай шығармаларының ең соңғы толық басылымы және тарихи-мәдени мұра ретінде ЮНЕСКО қорғауына алынған 1995 жылғы нұсқаның құрылымы мен негізгі арқауын сақтауға тырыстық. Әрине, шығармалардағы ақаулықтар түзетілді, түсініктер қайта жазылды.
Абайдың “қара сөздер” аталып кеткен ғақлиялық шығармалары да қайта қаралып, араб-парсы сөздері мен діни терминдерге түсініктер (Қ. Төрәлі, П. Әуесбаева) берілді. Әсіресе, Абай қара сөздерінің ішіндегі ең күрделісі болып саналатын 38 – сөзі (Китаби тастиқ - Иман кітабы) қайта аударылып, түпнұсқа транскрипциясымен қоса, ауқымды түсінік (Т. Қыдыр) жазылды. Жинақ Абайдың музыкалық мұрасымен толықтырылды (дайындаған музыкатанушы Е. Шүкіман, редакциясын қарағандар: Т. Қоңыратбай, Т. Шапай).
“Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы", “Сенатқа хат”, Абай белсенді қатысып, қолын қойған “Қарамола съезінде қабылданған Ереже” сияқты шығармалар түпнұсқаларымен астарластырылып берілді. Академиялық толық шығармалар жинағының үшінші томына ақынның тұңғыш жинағының (1909) литографиялық көшірмесі мен қазіргі қазақ жазуына түсірілген нұсқасы, Мүрсейіт Бікіұлы көшірмелері бастатқан он бір қолжазбаның кеңейтілген сипаттамасы берілді. Жинақ ауқымына сыймай қалған материалдар толығымен Институт сайтындағы “Абайтанудың электронды кітапханасына” жинақталатын болады.
Жаңа академиялық жинақты әзірлеуге ҰҒА академиктері: С. Қирабаев, С. Қасқабасов, ҰҒА корреспондент- мүшесі К. Матыжанов, филология ғылымдарының докторлары: М. Мырзахметов, Т. Жұртбай, Қ. Мәдібаева, филология ғылымдарының кандидаттары: Т. Шапай, С. Қорабай, П. Әуесбаева, Т. Қыдыр, жас мамандар Б. Тұрсынбай, А. Жұматаевалар қатысты.
Өркениетті елдерде, әрбір классик жазушының академиялық басылымы ұлт руханияты үшін үлкен мәдени құбылыс болып табылады. Ғылыми негізде дайындалған мәтін қалың оқырманнан бастап, баспагерлер мен мектеп оқулықтарының авторларына дейін құныға бас қоятын рухани игілігікке айналады. Жаңа басылымдар мен сөздіктердің сапасын арттырады. Былайша айтқанда, академиялық жинақ классикалық мәтіннің өмір сүруінің жаңа сапасын анықтайды, оның отандық және әлемдік мәдениетке деген ықпалын еселеп арттырады. Сондықтан, ұлы ойшылдың академиялық басылымын әзірлеп, басып шығару - бүгінгі «Рухани жаңғыру» кезеңінің ең асқаралы ісі. Шындап келгенде, данышпан бабамыздың мерейтойынан қалатын ең асыл белгі - жаңарған, жасарған, қайта түлеген асыл мұрасы болуы керек.
“Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Содан тапқан - шын асыл, тастай көрме”, -
деп ақынның өзі айтқан - бәріміздің “жүрегіміздің түбіндегі” ең қымбат, азбайтын, тозбайтын даналықтың жарық нұры осы. Ол – халықтың да, қоғамның да ардақтап, аялап ұстайтын, ұрпақтан ұрпаққа аманат ететін қастерлі жәдігері. Одан басқаның бәрі екінші қатардағы, содан туындайтын ұлағаттар. Абайдан қалған асыл мұраның бір сөзін жоғалту біз үшін ұлттық қасірет, ал оған жасалған жанашырлықтың қандайы болмасын қастерлі іс болмақ. Сонда ғана біз қазақ қоғамын Абайдың парасат биігіне көтере аламыз.
Дана Абайдың өсиеттері жүректеріңізге нұр құйсын, ардақты АЛАШ жұрты!

К.С. Матыжанов

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі

Пікірлер