Күні кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық Кеңестің кезекті отырысы өтті. Алқалы жиында президент Солтүстік Қазақстан облыстарын қазақыландыру жұмыстарына назар аударды. Алайда, Мырзантай Жақып теріскейді қазақыландыру жұмыстарының әлі де болса кемшін болып жатқанын айтады.
Мемлекет басшысы шеттен келген қандастар солтүстікке келсе, бірден үй беру керектігін айтты. Бұл – өте маңызды дүние. Сондай-ақ президент ішкі көші-қон бойынша әр азаматқа берілетін қаржыны 35 АЕК-тен 70 АЕК көтеру туралы тапсырма берді.
Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті Ғылым департаментіне қарасты Ғылыми-әдістемелік және патенттік-лицензиялық бөлімінің жетекшісі Мырзантай Жақыптың айтуынша, президенттің Ұлттық кеңесте айтқан сөзінен кейін көші-қонға байланысты мәселе өздігінен шешіліп кетпейді. Бұдан бөлек ол әр азаматқа берілетін қаржыны 35-тен 70 АЕК көбейткеннен ештеңе өзгермейтінін ескертті.
«Негізі қалалы жерге көшіп келген азаматқа 35, ал ауылды жерге барған азаматқа 25 АЕК қаржы төленеді. Бір АЕК 2778 теңге болса, 70 АЕК 194 460 теңге болады екен. Ал ауылды жерге көшіп баратын азаматқа енді 50 АЕК, яғни 138 900 теңге беруі мүмкін. Шын мәнісінде, көшіп келушілерге берілетін аталған қаржымен көші-қон мәселесі оң жолға түспейді. Ең бастысы, көшіп келген азаматтарға жергілікті әкімшіліктің көзқарасы өзгеруі керек. Әкімшілік қаржыны бермес бұрын азаматтардан тұрақты тіркеуді талап етеді. Ал тұрақты тіркеуге тұру солтүстік Қазақстан облыстарында өте күрделі. Ең басты мәселе – қаражаттың көлемін көтеруде емес», – дейді ол.
Мырзантай Қожабайұлының айтуынша, қаржыдан бұрын азаматтарды жұмыс және тұрғын үймен қаматасыз ету – маңызды. Өйткені, Жұмыспен қамту орталықтары сырттан келетін азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне немқұрайлы қарайтын көрінеді.
«Елбасының жан-жақтағы зиялы қауым өкілдерін елордаға көшіріп әкелу туралы 2005-2007 және 2008-2010 жылдарға арналған бағдарламасы болған. Аталған бағдарлама бойынша – еліміздің әр аймағындағы азаматтарға өзі тұрып жатқан қалада үйі болса да, оларға елордадан үй берілді. Міне, сол сияқты Петропавл қаласына көшіп келетіндерді үймен қамтамасыз ету керек. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы сияқты жалға пәтер беруді жергілікті әкімшіліктерге арнайы тапсыруы керек еді. Содан кейін мемлекет басшысы Жұмыспен қамту орталықтарының көшіп келген адамға жүгіріп жүріп жұмыс тауып беруін тапсыруы қажет еді. Өкінішке қарай, олар жылы кабинетінен шықпай, көшіп келушілерді тіркегеннен басқа ештеңе істеп жатқан жоқ. Бір сөзбен айтқанда, Президент азаматтарды пәтер және жұмыспен қамту мәселесін шешуді тапсыруы керек еді. Әйтпесе әр азаматқа 70 АЕК тұрмақ 7000 АЕК қаржы берсе де, көші-қон мәселесі шешілмейді. Көшіп келген адамға ең әуелі баспана, сосын жұмыс керек», – дейді Мырзантай Қожабайұлы.
Айтпақшы, Қасым-Жомарт Тоқаев жиында «Серпін» жобасына да мән берді. Алайда аталған жобаның келер жылы жалғаса ма, жоқ па – ол жағы белгісіз.
«Президент кеше «Серпін» жобасы туралы айтты. Алайда 2017-2020 жылға арналған «Еңбек» бағдарламасы 2021 жылғы аяқталады. Аталған бағдарламаның ішіне «Серпін» жобасы кіретін. Демек «Серпін» жобасы биыл аяқталуы мүмкін. Ал мемлекет басшысы айтқан тапсырма іске асу үшін кешенді түрде жоспар болуы керек. Жалпы көші-қон мәселесін «Еңбек» бағдарламасына қоспай, оған бөлек бағдарлама арнау керек. Ұзын сөздің қысқасы, сырттан және іштен келетін оқушыларға арнайы бағдарлама жасау қажет», – дейді Мырзантай Жақып.
Президент тапсырмасынан кейін де көш көлікті болып кетпесі анық. Бұл жерде жергілікті әкімшіліктің әр қызметкерінің бұл іске қалай қарайтыны өте маңызды.
Серік ЖОЛДАСБАЙ,
«Адырна» ұлттық порталы.
Фото ашық дереккөзден алынды.