Нұр-Сұлтанда LRT құрылысына қатысты сот басталды

3012
Adyrna.kz Telegram

 Нұр-Сұлтанның қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алғашқы жеңіл рельсті транспорт жүйесін салу кезінде анықталған "ақша жымқыру ісіне" байланысты алдын ала тыңдау өтті, деп хабарлайды centralasian.org.  

Астана сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл істе бірнеше айыпталушы бар: Нұр-Сұлтан қаласының алтыншы шақырылымындағы мәслихаттың бұрынғы хатшысы Жанат Нұрпейісов, қалалық көлік және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы бастығы Рашид Аманжолов, "Астана Innovations" компаниясы басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Әшім және төрт кәсіпкер, еншілес компания басшылары Дәурен Әбдіхамитов, Ұлықбек Ачилов, Тимур Касабаев, Дулат Мүсенов.

Оларға "ұйымдасқан топ құру және оған жетекшілік ету" және "өзіне сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және жұмсау" баптары бойынша айыптар тағылған.

Осыған дейін істі тергеген жемқорлықпен күрес іс-қимыл агенттігі "ақша жымқыру схемасын Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков, "Астана LRT" компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан ұйымдастырған" деп мәлімдеген еді. Оларға халықаралық іздеу жарияланған.

Тергеу органдарының мәліметінше, шенеуніктер кәсіпкерлермен бірге жоба құнын жасанды түрде қымбаттатып, жалған кәсіпорындардың көмегімен миллиард теңгені қағаз ақшаға айналдырған.

 

Атышулы "Астана LRT" жобаcы  2009 жылы Иманғали Тасмағамбетовтың елорда әкімі болып тұрған кезде басталған. Метроның ұзындығы 41 шақырым болып бекітілген.

Ал 2015 жылы Тасмағамбетовтың орнына келген Жақсыбеков бұл жобаны "EXPO 2017" халықаралық көрме тұсында пайдалануға береміз деп уәде еткен. Арада бір жыл өткенде қала әкімінің орынбасары Сергей Хорошун журналистерге LRT құрылысы 2017 жылға дейін салынып үлгермейтінін айтты. Әкімнің сөзінше, бір жыл бойы құжаттарға қол қоюмен уақыт өткізген.

Бас қаланың әкімдігіне Әсет Исекешов (2017 жыл - авт.) келгеннен кейін  LRT айналасында сыбайлас жемқорлыққа қатысты әңгіме өрбіді.  Әсет Исекешев «Астана LRT» ЖШС құрылысын  бақылау мақсатында  «LRT Construction» ЖШС деп аталатын жаңа компания құрды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолданып, жобаның құны қысқартылғанын мәлімдеді. Сағызша созылған құрылыс 2019 жылдың желтоқсанында пайдаланатыны хабарланды. Бірақ Нұр-Сұлтанға әкім болып келген Бақыт Сұлтанов LRT жобасының тоқтап қалғанын айтты.

2019 жылы мамырда ҚР Премьер-министрінің орынбасары Әлихан Смайлов LRT жобасының құрылысы 2020 жылдың 1 қыркүйегіне қарай аяқталатынын айтты. Ал әкім Алтай Көлгінов желтоқсан айында жобаның толық аяқталатынын, бірақ уақытын айтпады. Әкім алғашқыда 1,9 млрд доллорға бағаланған жобаның 1,2 млрд доллары үнемделгенін жеткізді. "Мамандармен есептеп, бастапқы кезеңде 10 минут жеткілікті деп шештік. Одан кейін жиірек бола бастайды. Жер асты өткелдердің де санын қысқарттып, нәтижесінде 350 млн теңге қаражат үнемдедік. Жалпы үнем көлемі шамамен 1,2 млрд долларды құрайды. Көріп отырғандарыңыздай, жоба біршама арзандады. Толықтай алғанда LRT-ны салып бітіру міндеті тұр. Себебі көптеген дүние жасалып, инфрақұрылым тартылып қойылған,"- деді әкім. Қазір метро жолының ұзындығы – 22 шақырым.

Жасұлан Наурызәлі,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер