Муаммар Каддафидің COVID-19 туралы 2009 жылы айтқаны рас па?

2392

Әлеуметтік желілерде Ливияның марқұм экс-лидері Муаммар КАДДАФИДІҢ 2009 жылы БҰҰ-ның 64-ші Бас ассамблеясында COVID-19 коронавирусын болжағандығы туралы талқылануда. Кейбір пайдаланушылар оны осы баяндамасы үшін өлтіргендігін айтса, енді бірі оның сәуегейлігіне таңқалуда. Алайда, ливиялық революционердің пандемия жайлы нақты ешнәрсе айтпағандығы анық болды.

Әлеуметтік желілерде талқылауға түскен Каддафидің сөзі

Каддаффидің: «Олар өздері вирус ойлап тауып, сізге  антидоттар сата бастайды. Вирустың емі бар бола тұрып, шешімін табу үшін уақыт керектей көрсетеді», - деген сөзі әлеуметтік желілерде үлкен резонанс тудырып, қызу талқылауға себеп  болды.

Бірақ Tamlife.ru-дің мәліметінше,  Каддафидің бұл сөзі 2020 жылдағы пандемиямен еш байланысы жоқ. Оның жұрт аузындағы қауесетке айналған бұл сөздері 11 жыл алдыңғы оқиғаны сынаудан пайда болыпты.

Өз  баяндамасында саясаткер «шошқа тұмауы» деген атпен танымал H1N1 тұмауы туралы айтқан. 2009 жылы бұл вирусты фармацевтикалық компаниялардың табысын арттыру үшін әдейі ойдан шығарылғаны туралы сөз тараған. Каддафидің де ойы осы тұжырыммен сәйкес келеді.

Каддафи өз сөзінде: «Мүмкін H1N1 тұмауы зертханада арнайы жасалған вирус шығар, бірақ ол бастапқыда әскери қару ретінде ойластырылған», - деп мәлімдеген.

Бұдан әрі ливиялық полковник БҰҰ мен Қауіпсіздік Кеңесінің әскери саясатын сынға алған. Ол баяндамасында АҚШ-пен қарым-қатынастың тарихи негізін еске түсіріп, Африка елдерінен келген мигранттардың жайына да тоқталған. Сомали қарақшыларына арналған блокта Каддафи террористерді вирустармен салыстырған. Оның пікірінше, бұл екі құбылыс та капиталистерді байытуға қызмет етеді.

Саясаткер: «Сомалилермен күресу үшін көбірек әскери кемелер жіберу бұл мәселенің шешімі емес. Біз қарақшылық пен терроризм құбылыстарына қате көзқарас танытып жүрміз. Бүгінде шошқа тұмауы бар. Ал ертең балық тұмауы шығуы мүмкін, өйткені кейде біз вирустарды бақылап отырып-ақ шығарудамыз. Бұл – нағыз коммерциялық бизнес», - деп айтқан.

Баяндамада Муаммар Каддафи вируспен қалай күресуге болатыны туралы: «Капиталистік компаниялар вакциналарды жасап сату үшін вирустар шығарады. Бұл өте ұят және этикаға сәйкес емес. Вакциналар мен дәрі-дәрмектерді сатуға болмайды. «Жасыл кітапта» (Муаммар Каддафидің Үшінші Дүниежүзілік Теорияның негіздерін айқындайтын бағдарламалық теориялық жұмысы –  Редакция) мен дәрі-дәрмектерді сатуға немесе коммерцияландыруға болмайды деп мәлімдеймін. Балаларға дәрі-дәрмектер мен екпелер тегін болуы керек. Бірақ капиталистік компаниялар вирустар мен вакциналар шығарып, пайда табуды көздеуде. Неліктен олар тегін болмайды? Біз оларды сатпай, тегін таратуымыз керек», - деп өз ойымен бөліскен.

Ливияның бұрынғы басшысы өз баяндамасында коронавирустық індеттің болатынын дәл болжай алмаған. Бірақ оның айтқан сөздері  бүгінгі әлемдік жағдаймен сәйкес келіп, азаматтардың пікірталасуына әсер етіп отыр.

Еске салайық, Муаммар Каддафи Ливияның соңғы заңды билеушісі болған. 42 жыл билігінен кейін оны содырлар 2011 жылы аяусыз өлтірген.

Фото ашық дереккөзден алынды

Дайындаған Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ

Пікірлер
Редакция таңдауы