Осынау сананы жаңғыртып, біліммен сусындатар сәулелі ойдың діңгегі, кітап десе ішкен асын жерге қоятын замандастар, армысыз әлеумет. Ыбырай Алтынсарин:«Қазақтың тілі соншалықты мол. Ләкин қазақтың тіліменен қандай кітап болса да жазуға болады. Қазақ тілі мұншалықты жатық әм анық болар еді, егер де біздің қазақтар аңғарып, бөтен тіл араластырмастан ілгері бастырып сөйлесе,-деген екен». Бұл нақыл сөзге үңілер болсақ, түбінде үлкен ой жатыр. Болашақ жас өскін ұрпақтың патриот, ойы сәулелі, жүрегі отты, мейірімді, қайтпас қайсар, елі мен жері үшін қызмет ететіндей болып өсуі үшін кітаптың алатын рөлі зор. Қарапайым мысал айтайын, бала мазасызданып, жылай қалса, қолына ұялы байланыс көзін бере қоюға даяр аналарды талай кездестірген боларсыздар. Әсте, мұның жөнді емес екенін ол кісі де, сіз бен біз де білеміз. Бірақ, жәме-жәмге келгенде неге бұл олқылықтың алып келер зардаптары мен нәтижесін бір сәт саралап көрмейміз? Жә, оны қоя беріңізші. Тағы да сөгіске басып кетті мына бикеш деп ойлап қалмаңыз. Менің өзіндік бұл мәселенің шешілуінің жолдарын қарастырғаным бар. Бесіктегі сәбиге әжесі, анасы бесік жырын айтып, құлағына сіңіреді. Бірақ, мектеп табалдырығын аттағаннан бастап бұл үрдіс бірте-бірте саябырсиды. Оған дәлел, кәдуілгі ертегі оқымаған, балаларға арналған әңгімеден хабары жоқ балалар. Бүлдіршін кезінен кітапқа деген махаббаты оянбаған бала мектеп кезінде сіздіңше кітапқа бүтіндей бет бұрып кетуі мүмкін бе? Мүмкін. Бірақ та, некен-саяғы ғана. Мектеп табалдырығында оқып жүргенімде, әдебиет сабағы барысында, немқұрайлы қарап, қазақтың ақиық ақындары мен арда жазушыларын оқуға құлқы соқпайтындарды жолықтырғаным құпия емес-тін.
Әлгі, халық арасында жүрген мына бір әжуа бар еді ғой, бір баладан Абай эпопеясын жазған кім десе, ол бала тіпті, керек десеңіз Мұхтар Әуезовтың кім екенін білмейтін болып шықты. Абай мен Әуезовтарды танымайтын ұрпақ өсіп келе жатыр. Мұндайда, бұл жәйттарға бей-жай қарамасақ жарар еді.
Отбасында орысша сөйлейтін ағайындар жөнінде сөз қозғамай ақ қоямын деп шештім. Тіпті, жоқ дегенде, осы балаларды жаздық демалыс кезінде ауылға тайраңдатып ата-әжесіне жіберсе құба құп болар еді шіркін. Көненің көзі, ақылдың сынығы ғасырлардан ауыздан-ауызға жеткен жырларды жатқа айтып беретін жыршы, термешілер ауылда жетеді ғой. Салт-дәстүр, тілін, тарихын, әдебиетін білмейтін бала ертеңгүні халқы үшін қандай құрбандыққа бара аларын мен білмеймін. Кішкентайынан Алпамыс батыр, Ер Төстіктерді оқымаған бала өскенде, қазақтың нарқасқа жазушыларының төлтуындыларынан сусындай алмайды ғой. Содан кітапты ұялы байланыс көзіне, ойынға айырбастайды.Абайдың «жасымда ғылым бар деп ескермедім»- дегені сықылды кейін сан соққанда кеш болып кетеді ғой. Ана-бір қолымен бесікті тербесе, бір қолымен әлемді тербейді деуші еді, балаға тәрбие берерде осыны жадыда ұстаған абзал болар деп ойлаймын.
Дикан Айжүз,