Карантин әйелдерді әдеміліктен, салондарды табысынан алыстатуда

2773

Пандемия кезінде еліміздегі түрлі кәсіп иелері қаржылай дағдарысқа тап болды. Шығын көлемі күн санап артуда. Солардың қатарында шаштараздар мен сұлулық салондары бар.

Карантиннің салдарынан кәсіпкерліктің түр-түрі зардап шегіп, көбісі амалсыз қызметін тоқтатуға мәжбүр болуда. Еліміздегі сән салондары мен шаштараздар 21 наурызда жабылып, 18 мамырда ғана ашылғаны мәлім. Осы уақыт аралығында табыссыз қалған осы кәсіптің иелері мамырдың ортасында жұмысына кіріскені сол еді, көп ұзамай, 5 шілдеде қайта жабылды. Санитарлық талаптардың қатаң болғаны сондай, көп шаштараз бұл талапқа сай келмей, тіпті мүлде жабылып та тынды.

17 тамызда жұмысына қайта кіріскенімен, еліміздегі шаштараз, сән салондары сенбі, жексенбі күндері есіктеріне қара құлып салуға мәжбүр. Талап сондай. Соған қарамастан, өлместің күнін кешіп, үкіметке алақан жаймау мақсатында қолда бар кәсібін дөңгелетуге бар күшін салып жатқан кәсіпкерлер жоқ емес. Шымкенттік  бірқатар сән салоны мен шаштараз орындарын аралап шығып, төмендегідей жайтқа көз жеткіздік.

Өзінің жеке сұлулық салонын соңғы он жылда аяғына тік тұрғызып, пайдасын көріп келген Айнұр ҚҰРАЛБЕКҚЫЗЫ карантинде  кәсібінің тоқырап қалғанын айтады. «Ешкімге оңай тимеді бұл пандемия. Десек те, салонымда бұған дейін қызмет еткен шеберлерімнің біразын жоғалттым. Күнкөріс қамымен басқа саладан нанын табуға кетті. Осыған дейінгі тұрақты клиенттерімнің де саны екі есеге күрт төмендеді. Карантин кезінде клиенттің шақыртуымен үйіне барып маникюр, педикюр сынды қызметтер көрсеткен шеберлерім бар. Алайда пайда түсімі өте төмен болды.

Ертеңгі күніміз қалай болып кетер екен деп алаңдаған жұрт тырнағын әрлеуді ойламайтыны заңдылық та шығар. Қазір аптаның бес күнінде кешкі сағат алтыға дейін жұмыс істеп жатырмыз. Өкінішке қарай, келушілер өте аз. Көбісі сұлулық мәселесімен демалыс күндері айналысқысы келеді. Алайда демалыс күндері бізге жұмыс істеуге тыйым салынған. Сонымен қатар салонымыз тойдың кезінде жанданып жұмыс істейтін. Ал қазір той да жоқ. Сондықтан болса керек, кірістен гөрі, шығынымыз басым түсуде. Салонның бөлмесін, үстелдерін жалға аламыз, керекті жабдықтарды сатып аламыз. Ал біздің қызметке жүгінетіндер саны өте төмен болғандықтан, бұл шығындардың орнын толтыру өте қиынға соғуда», - дейді Айнұр.

Тырнақ жасаудың шебері Аяулым СӘБИТОВА: «Карантин кезінде тұрақты жұмысымыздан айырылып қалдық. Алайда «әр нәрсенің қайыры бар» демекші, клиенттердің шақыртуымен үйіне барып қызмет көрсетудің арқасында жағдайымызды біршама түзетіп алдық. Мәселен, мен қазір ешбір салонда жұмыс істемеймін. Арнайы тапсырыспен жұмыс істеймін. Бірақ расымен бұрынғыдай сұраныс жоғары емес. бұрын аптаның барлық күнінде шақырту болатын. Ал қазір екі күнде бір шақырту аламын. Бәлкім, бұрынғыдай той, банкет жоғынан болар. Бәлкім, көбісі қашықтан жұмыс істегендіктен болар. Әйтеуір қыз келіншектер қазір «әдемі болуға» аса құлшына қоймайтын болды», -деп күлді.

Осыған дейін бір айда бірнеше рет сән салонына баруды әдетке айналдырған қыз келіншектеріміз расымен «әдемі болудан бас тартты ма» , әлде басқалай себептері бар ма екен?

«Карантинге дейін бірінші аптада шашымды, екінші аптада кірпігімді жасатуға баратынмын. Айдың үшінші аптасы тырнақтарыма арналса, соңғы аптада массаж бен басқа да бет күтімдері үшін сән салонына баратынмын. Биылғы наурыздан кейін өміріміз күрт өзгерді ғой. Бір жаққа шығудың өзі мұңға айналды. Алғашқы кезде әрине, жасатқан тырнақтарым кетіліп, қолдарым ұсқынсыз болып, қатты көңіл күйім түскен еді. Мамыр айында өсіп кеткен шаштарым мен түсіп қалған кірпіктеріме көзім үйрене бастады.

Кейінірек үйге сән салонынан адам шақыртып кетілген тырнақтарымды дұрыстатып алатын болдым. Өкінішке қарай, сондай процедураның бірінде тырнағыма инфекция түсіп, қатты зардап шектім. Сол жағдайдан кейін үйге сән салоны қызметкерін шақыртуды тоқтаттым. Қазір қашықтан жұмыс істеген соң, сұлулыққа аса мән бермейтін болып алдық. Сән салонына екі айда бір рет барамын. Онда да шашымды қысқартып, кірпік жалғату үшін»,- дейді сән салондарының тұрақты клиенттерінің бірі Майра ТҰРСЫНБАЙ.

ҚР сұлулық индустриясы ассоциациясының президенті Махмуджан Турсун сән салондары нарығының 20 пайызға азайғанын айтады деп жазады Caravan.kz  сайты. «Бұлай азаюдың себебі, карантин шаралары мен санитарлық талаптар үшін бөлінетін шығын көлемімен байланысты. Ал сән салоны қызметіне жүгінетіндер саны 30 пайызға төмендеген. Орташа кіріс көлемі 5-10 пайызға азайды. Қазақстандықтардың табысының төмендеуі бұған басты себеп», -деген Ассоциация президенті қазіргі қиын кезде нашар мамандар кетіп, нағыз кәсіби мамандар іріктеліп жатқанын алға тартады.

Әйелдің табиғаты ең алдымен сұлулықпен үндесетінін ескерсек, пандемия кезіндегі сән салондарының жабылуы мен қашықтан жұмыс істеу мәселелері осы сұлулық пен әйел арасын алшақтата түскендей. Сән салондары табыс көзінен айырылса, ал әйелдер осыған дейінгі көріктілігін карантин жағдайына айырбастағандай көрінеді.

Сіз қалай ойлайсыз, қандай жағдай болса да, әйелдер әдемілігін сақтағаны дұрыс па, әлде жағдайға байланысты салондарды шетке ысыруы керек пе?

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.  

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер
Редакция таңдауы