Несие тарихы бүлінсе, «дипломмен ауылға» да бара алмайсыз

1049

Қазақстанда 2008 жылдан бастап қабылданған «Дипломмен ауылға» жобасы бүгінге дейін жүзеге асырылып келеді. Жобаның негізгі мақсаты –ауылдық елдi мекендерге жұмыс iстеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, бiлiм беру, әлеуметтiк қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешені саласындағы мамандарға әлеуметтiк қолдау көрсету. Биылғы жылы осы жобаның қағидаларына өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты жаңадан бекітілді. Сонымен 2020 жылы енгізілген өзгерістер қандай?

Мемлекеттік қызметкерлер «Дипломмен ауылға» жобасына қосылды

Енді «Дипломмен ауылға» бағдарламасына кент және ауылдық округ әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілері де қатыса алады. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрман Талқанбаев брифингте мәлімдеді.

2020 жылғы 3 шілдеде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданып, 1 кодекс пен 5 заңға өзгерістер енгізілген.

Енгізілген өзгерістерге сәйкес, кент және ауылдық округ әкімі аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін көру мүмкіндігі жасалып отыр.

Тағы бір жаңа өзгеріс «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резерві жойылады

«Басты өзгерістердің бірі –мемлекеттік қызметке кіру үшін конкурстық рәсімдер оңтайландырылды. Атап айтқанда, конкурстық іріктеу 3 кезеңнен 2 кезеңге қысқартылды. Яғни, барлық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасындағы ішкі конкурс пен жалпы конкурс біріктірілді», - деді Н.Талқанбаев.

Осы кезге дейін конкурстардың үш түрін өткізу бос орындарды толтыру үшін көп уақытты талап ететін. Бос лауазымдарға орналасу конкурстарының барлық кезеңдерін өткізу үшін 50 жұмыс күніне дейін созылатын, ал қазіргі уақытта бұл рәсім 15 жұмыс күніне дейін қысқартылған.

Жаңа ереже бойынша жас маман тұрғын үй сатып алуға бөлінген қаржыны жақын туыстарынан баспана сатып алуға қолдана алмайды. Сонымен қатар өзгеріске сай бағдарламаға қатысушының «несие тарихы» да сұралады. Берешегі толық өтелмеген жастар бағдарламаға ұсынылмайды.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Нұрасылова баяндады:

«Енгізілген өзгерістерге сәйкес «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен барған маман тұрғын үй сатып алуға бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары арқылы жақын туыстарынан тұрғын үй-жай сатып ала алмайды. Кредиттік бюродан несие тарихын ұсынады және кез келген несие бойынша берешек болған жағдайда оларды толық өтеген сәтке дейін берілмейді. Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан жағдайда құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы немесе электронды веб-порталы арқылы ұсынады»,-деді Алмагүл Рахманбердіқызы.

Сонымен қатар өңірде «Дипломмен ауылға» жобасы аясында ауылдық елді мекендерге барып, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру, агроөнеркәсіптік кешені саласы бойынша жұмысқа орналасқан 378 маманға жергілікті бюджеттен біржолғы көтерме жәрдемақы төленді. Ал 549 маманға жеңілдетілген несиемен тұрғын үй алуға немесе салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінді.

Қазіргі таңда жоба аясында ауылдық елді мекенге барған маман жұмысқа орналасқан жағдайда 100 айлық есептік көрсеткіш (2778*100 АЕК=277 800 теңге) көлемінде біржолғы көтерме жәрдемақы алады. Ал тұрғын үй салу немесе сатып алу үшін 1500 айлық есептік (1500*2778 АЕК=4 167 000 теңге) көрсеткіштен аспайтын көлемде 15 жылға дейінгі мерзiмге жылдық 0,01 % сыйақы мөлшерлемесімен бюджеттік несие түрінде әлеуметтік қолдау шараларын алу мүмкіндігі бар.

Алайда жастар үшін қолайлы деп саналған бұл бағдарламаның кемшіл тұстары да бар болып шықты. Бұл жайында жазылған пікірлерді де назарларыңызға ұсынамыз:

Мейірбек: Менің жұбайым тапсырған еді, отказ берді(себебі: мамандық сұранысқа сай келмейді) деп көрсетілген. Кейіннен ол жақтан маманға сұраныс алдырып тапсырсақ, тағы отказ келді. Бұл қаншалықты заңға сай?

Жұлдызай: Не үшін кредиттері бар мамандарға бұл бағдарлама берілмейді? Қазіргі таңда әр студенттің басында кредиті бар! Онда ауылға барып еңбек етудің қажеті қанша? Жастарды қолдағаны осы ма??? Осы істі қайта ойластыруларыңызды сұраймын!!!

Қыдырбек: Мектепте істейтін IT саласының мамандарына неге осы бағдарлама бойынша жеңілдіктер берілмейді? Еңбек ақаулары өте аз. Сондықтан мықты мамандар мектепте жұмыс істегісі келмейді.

Ал сіздің бұл өзгеріске пікіріңіз қандай?

 

Жансая СМАН,

«Адырна» ұлттық порталы

 

 

 

 

Пікірлер