Білім министрі тұрақты болмай,  білім саласы тұралауын қоймайды...

2566
Adyrna.kz Telegram

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қыркүйектің 12-сі күні әлеуметтік желідегі Facebook парақшасында: «Әрбір білім бөлімінің немесе білім басқармасының басшысы туындаған мәселелерді өз деңгейінде уақтылы және сапалы шешуі қажет. Өңірдегі салаға қатысты барлық жағдайдан хабардар болып, халықтың сұрағына дер кезінде жауап беруі тиіс. Сондықтан басшылардың барлығына өз WhatsApp нөмірлерін жариялап, түскен сұрақтар мен туындаған мәселелер бойынша шешімдерді шұғыл қабылдау тапсырылды» деген жазба қалдырып, Нұр-Сұлтан және Алматы қаласы, сондай-ақ барлық облыстық білім басқармалары басшыларының суретімен қоса толық аты-жөні, байланыс нөмірлерін жариялады.

Бұл – ел ішіндегі білім саласына қатысты мәселелерді қолма-қол анықтап, дереу қолға алу мақсатында қабылданған құптарлық және дер кезінде қабылданған керек шешім болды және министрдің ел ішіндегі қордаланған мәселені халықпен тығыз қарым-қатынас жасай отырып шешуге деген талпынысы екені даусыз. Өйткені осы күнге дейін атқарылып жатқан игі істердің барлығына қарамастан, аталмыш салаға қатысты мәселе шаш етектен. Сол үшін алдағы уақытта тек облыстық білім басқармаларының басшылары ғана емес, өз кезегінде аудандық білім бөлімі жетекшілерінің да елмен етене байланыс жасайтын телефон нөмірлері де толыққанды қызметке қосылуы керек деп есептейміз. Халықпен тікелей байланыс жасаудың маңыздылығы - шенеуніктердің қордаланған мәселені өз құлақтарымен естіп, өз көздерімен көріп, нақты шараларды қолға алып, шұғыл шешімдер шығарып, нәтижелі жұмыс істеу екенін жете түсінген Білім министрінің бұл қадамын қолдай отырып, ел ішіндегі бастан өткен, қазір орын алып, кем-кетігі толмай отырған маңызды мәселелерді айтпақпыз.

Сонымен ел жауырды жаба тоқып, аурудың азабын тартып, зор қиындық көріп жүргенде, ел ішін алатайдай бүлдірген аты жаман кеселдің кесірі білім саласына да орасан зор қиындық туғызғаны ақиқат. Сол уақытта қайраңда қалған қайықтың күйін кешкен бір сала болса,  ол – білім саласы екенін бәріміз білеміз... «Басқа түскен баспақшыл» ғой, қолда бар мүмкіндіктерді пайлаланып, Zoom-мен оқымақ болдық, болмады. Мұғалім мен бала ол бағдарламада жоспарлы сабағын толық оқымақ түгілі, бір-бірін таппай қалды. WhatsApp-қа көштік, ол да жоқтан гөрі жоғары болып жатыр. Сабақтың басында жылт етіп көрінген баланың аяғына дейін қатысып отырғанына да еш кепілдік жоқ. Қасында бақылап отырған ата-анасы барлар мұғалімнің айтқанын уақытында орындап, тыңдап отырғанымен, жалғыз отырған, әсіресе бастауыш сынып оқушысының сабақты толық меңгере алмай жүргені де рас. Жалпы әртүрлі платформаларда сабақ өтіліп, сынақтан өткізіп, тәжірибе жасалғанымен олардың ешқайсысының біздің елдің қашықтан оқу жүйесінде тиімділігі байқалып отырған жоқ. Сондықтан министрліктің алдында Қазақстанның білім беру жүйесін толық игере алатын жеке  платформасын жасап шығу мәселесі тұрғаны анық. Олай болмаған күнде алда қандай уақыттардың боларын болжай алмаймыз, сондықтан күңкілдеп қойып, күнделікті күйбіңнің арасында хабарлама мен WhatsApp-тың аудиожазбасынан аса алмай әлі қанша жүретінімізді кесіп айтудың өзі қиын.

«Балаң бала болсын десең оқыт, мал аяма» деген Абай сөзіне сүйенген ата-ана баласының жайын ойлап неше түрлі планшеттер мен смартфондарды, ноутбуктар мен нетбуктарды жапатармағай қарызданып-қауғаланып алуын алды. Бірақ баласының қажетіне жарайды деп алған дүниесін керегінше пайдалана алмады. Бағдарламалар шаштан көп болғанымен мына электронды техниканың дамыған уақытында әлі күнге дейін соның бәрін жүйелі түрде іске асыратын интернеттің барлығына бірдей қолжетімсіздігі қолбайлау болды. Әлеуметтік желіде шатыр да, төбе-төбенің басында, Wi-Fi-ы бардың қасында телефонын ұстап, кітабын құшақтап байланысы бар жерді шарқ ұрып іздеп жүрген бала-шағаның суреттері толып кеткен бір шақтан өтсек те, толық шешімін таппаған мәселенің басы ашық күйінде қалып отыр. Дәстүрлі оқудағы жыл сайын жасала беретін керегі бары бар, жоғы бар, түсінікті-түсініксізі тағы бар  өзгерістерге еті үйренген ел бұл жолы да «Құдай салды – құл көндінің» кебін киіп шыға келді. Қаптаған мәселемен бетпе-бет қалған жұрт жыпылықтап министрлікке қарады, министрлік үкіметке, үкімет елге қарады. Сонымен әупірімдеп жүріп көмтемгі карантинді еңсердік, ептеп есіміз бір бар, бір жоқ жүріп жазды өткіздік те, күзде тағы күлді көмештің күйін кешудеміз. Бұл білім министрлігінің ғана емес, үкіметтік деңгейде қолға алынып, шара қолдалынуға тиісті және кезек күттірмей шешімін табуы керек мәселе екені бесенеден белгілі. Бірақ қай кезде де айтуын айтқанмен, соңы сиырқұймышақтанып кететін әдет бойынша оқу процесі басталғанына бақандай үш апта өтсе де сабақ оқымақ түгілі, бар смартфонымен байланыс жасай алмай отырған елдімекендер мен ауылдар баршылық. Төмендегі ақпарға көз жүргітсеңіз, мұндай жағдай елімізде мыңдап саналатынын көресіз.

Осыдан бір жылдай бұрын (28.10.2019 - авт.) Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Қуанышұлы Жұмағалиев.  «Қазіргі кезде елімізде 117 қала мен 3324 ауылда кең жолақты интернет қолжетімді. 2018 жылы Қазақстан әлемдік рейтингте ұялы байланыс абоненттері бойынша 21-орынға ие болды. Қазақстанда интернет пайдаланушылар саны 2018 жылы 81,3%-ды құрады және әлемдік рейтингте 45-ші орынға ие болды. 2019 жылдың аяғына дейін 685 ауыл интернет желісіне қосылады, ал 2020 жылы қалған 509 ауылды қосу жоспарланған. LTE, яғни 4G стандартындағы мобильді желілерді 2020-2022 жылдарда 3143 ауылға: 2020 жылдың аяғына дейін тұрғындар саны 250-ден асатын 880 ауыл, 50-ден жоғары 885 ауыл интернет желісіне қосылмақ. Жалпы 2020 жылдың соңына дейін 5089 ауыл мен елді мекен интернет желісіне қосылады» деген ақпар берді. Ал биыл қыркүйектің 2-сінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Батырбекұлы Мусин тағайындалғанын ескерсек, алда тағы да ақпараттық және атқарылар іске қатысты өзгерістердің болуы бек мүмкін, оны өздеріңіз де біліп отырған боларсыздар.

Алайда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Яр Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында (27.08.2020 ж.): «Қазіргі уақытта кең жолақты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз  ететін желілер  6459 елдімекеннің 4646-сында салынған. Қазір интернетпен қамтылмаған 883 ауыл қалды. Талшықты-оптикалық байланыс желісі технологиясы бойынша кең жолақты қолжетімділікпен қамту» жобасы бойынша осы жылдың соңына дейін 1257 ауылдағы 3718 мемлекеттік орган мен бюджеттік ұйымдар қамтамасыз етіледі» деген ақпар айтқан. Біздің айтпағымыз, әлі күнге дейін интернетсіз отырған ауыл мен шалғай елдімеккендердің қашықтан оқу барысындағы бас ауруына айналған басты мәселелері болғандықтан, жоғарыдағы цифрлар мен ақпарлардың айырмашылығы мен дәлдігін саралауды,  көзқарақты оқырман, сізге қалдырдық.

Біреу білер, біреу білмес, «Білім беруді дамытудың 2020-2025 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы: оқу бағдарламаларын жаңарту, ғылымды қолдау және электронды ҰБТ» деген  бағдарлама қабылданып, ол ҚР үкіметінің 2019 жылғы 27 желтоқсанындағы № 988 қаулысымен бекітілген. Онда ғылым мен білімге барынша қолдаудың жасалып, мұғалімдердің барлық мәселелері оңтайлы шешілетіні туралы айтыла келе, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту мақсатында кешенді шаралардың қолға алынатыны сөз болған. Мәселен, «шағын мектептерді білікті педагогикалық кадрлармен қамтамасыз ету, еңбекақы төлеу жүйесі өзгерту, ауыл мектептерін оқу материалдарымен және цифрлық құрылғылармен толық қамтамасыз ету көзделген. Бұл мақсатта республикалық бюджеттен 150 млрд теңге қарастырылған.  Болжам бойынша 2025 жылға қарай орындар тапшылығы 500 орынды құрайды. Бұл мәселені шешу үшін мектептер мемлекет пен жеке сектордың есебінен салынады. Атап айтқанда мемлекеттік бюджет және жеке инвесторлар тарту есебінен 650 мыңнан астам орынға арналған 800 жаңа мектеп салу жоспарлануда. Бұл үшін 876 млрд теңге бөлінеді... Сонымен қатар ауыл мектептерін қолдау бойынша «Ауыл - бесігі» бағдарламасы аясында ауылдық тіре мектептер үшін 114 интернат құрылысына 53 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Жаңа бағдарлама аясында барлық мектептерді заманауи физика, химия, биология, STEAM пәндік сыныптарымен қамтамасыз етуге 100 млрд теңге бөлінеді, ал пәндік кабигнеттерді компьютерлермен 100% қамтуға 50 млрд теңге бөлінеді. «Жас маман» жобасы аясында 180 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылады, оған 58 млрд теңге қарастырылған» делінген.

Қарап отырсақ, қаражат бөлуден кенде, дамудан кенже қалып отырған жайымыз жоқ, былай қарағанда бәрі жақсы сияқты, алайда оң өзгеріс демде емес екенін де ескергеніміз жөн... Бірақ қаражат бар, бағдарлама көп болғанымен нәтижеге келгенде көңіл көншітерлік мардымды дүние аз. Себебі осы күнге дейін шешімін таппаған шаштан көп мәселені бір күнде, тіпті бір жылда шеше салу мүмкін емес екені даусыз. Халыққа қай салада болмасын кімнің қашан, қайда арнап қанша миллиондар мен миллиардтарды бөлгені, оны кімдердің үптеп кеткені жайлы өтірік-шынды ақпарлардың қажеті шамалы екенін ескерсек, ел сол бөлінген қаражаттардың игерілгеннен кейінгі игілікке жарайтын нақты нәтижесіне о бастан зәру. Осыған орай өзгелерді жамандамақ ниетіміз жоқ, бірақ бұл мақсатта қазіргі Білім және ғылым министрі  Асхат Аймағамбетовтың айтарлықтай нық қадамдар жасап, шұғыл шешімдер  шығарып, нақты істерді қолға алуы нәтижесінде айтарлықтай жақсы және нәтижелі өзгерістердің көріне бастағанын айта кетпеске болмайды.

Қазіргі ахуалға байланысты білім саласында қашықтан оқудың машақатын көріп, жетпейтін оқулықтың мехнатын тартып отырсақ, ол кеше келген Білім министрі А.Аймағамбетовтың кінәсі емес. Онда үкімет пен осыған дейін сан мәрте ауысқан министрлердің барлығының «үлесі» бар екенін ашық айтуымыз керек.  Себебі қай салада болмасын  шетелдік көшірме бағдарламаларға «әуеспіз», әдемі ұрандарға толы уәделер мен ғажайып бағдарламалар қабылдағышпыз, бірақ солардың бәрі бірдей аяғына жетпей желкесі қиылып,  толық орындалып бітпей жатып «шала бауыздалып» жарты жолда қала беретіні өкінішті. Сондықтан онсыз да шатқаяқтап шешімін күтіп тұрған мәселелердің  үстіне мәселе жамалып, ары кеткенде, бәрі керемет деген есеп берумен ғана шектеліп, шындығында, сала бойынша кезек күттірмей шешілуге тиісті мәселелерлердің жиналып қалатыны да жасырын емес. Өйткені кез келген басшы ауысқан кезде нәтиже бере бастаған жобаларды дереу қысқартып, атын шығарып, атағын өсіру үшін өз бағдарламысымен келеді де, ел алдыңғысына енді үйрене бергенде тағы да «бастан салып қалады». Өкінішке қарай, бұл жуық арада тоқтайтын үрдіс деп тағы айта алмаймыз. Министрді кезек-кезек ауыстыра бергеннен гөрі, жамырай айтылса да жалпылама жауаптың көлеңкесінде қала беретін қордаланған мәселелерді шешудің нақты жолдарын қарастырған абзал. Әсіресе білім министрлігіне қатысты мәселеде барынша абай болып, басшылығында болсын, қабылданып жатқан бағдарламаларында болсын тұрақтылықты қамтамасыз ету керек деп есептейміз. Сауатты басшы мен білікті маманды жөнсіз мақтау мен жағымпаз жандайшаптар және жоқ жерден бәле іздеп, кінә артып, тырнақ астынан кір тапқыштар құртады. Сондықтан қай салада болмасын білікті мамандар мен сауатты басшылардың толыққанды жұмыс істеуіне мүмкіндік беріліп, кедергі келтірілмеуі керек. Қысқасы, Білім министрі тұрақты болмай, білім саласы тұралауын қоймайды...

Жанбота Сұлтанмұратқызы, 

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

 

 

Пікірлер