Қазақстан онлайн оқытудан 40 жылға артта қалғаны ма?

3811
Adyrna.kz Telegram

Көктемде әлемді коронавирус індеті жайлап әбігерге түсірді. Ел экономикасы, саясаты деген мәселемен қатар білім беру проблемасы да осы шақта туындады. Оқушы білім алуын қалай жалғастыруы керек деген сұрақ әрбір мемлекеттің бас ауруына айналғаны рас. Алайда бұл бас ауруды айналып өткен елдер де бар екен. Төменде сондай елдердің көктемгі карантинде білім беру проблемасын қалай шешкені туралы ақпаратты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Финляндия

Финдіктер төтенше жағдайға әр сәтте дайын ел екенін осы пандемия кезінде де дәлелдеді. Бұл жақта сабақ кестесінің мұрты бұзылмаған күйі онлайн форматқа ауыстырылған. Түрлі провайдерлердің класс менеджментін пайдалана отырып білім беруді бұған дейін да қолданғандықтан, карантин кезінде оқытудың бұл түріне ауысу еш қиындық тудырмаған. Ата-аналар мен оқушылар, мұғалімдер арасындағы ресми байланыс Wilma платформасында күнтізбе, пошта, күнделік, ақпарат тақтасын арқылы еш кедергісіз жүргізілген.  Компьютері жоқ оқушы сабаққа арналған бүкіл  техникамен түгел тегін қамтамасыз етіліпті. Сол себептен де қашықтан оқытуға қатысты бұл елде ешқандай дау-дамай туындамаған.

Франция

Францияда да білім берудің жаңа түрін іске қосу аса қиындық тудырмаған. Өйткені бұл елде де онлайн сабақ оқытудың ең мықты CNED жүйесі бұрыннан бар. Мектептер жабылған кезде бірден Ma classe à la maison платформасы  іске қосылып, оқушылар сабақ оқуды әрмен қарай жалғастыра берген. Десек те, бастапқыда бұл платформаның жылдамдығы талапқа сай болмай, кейінірек сабақ өтуді екі кезеңге бөлу арқылы бұл проблема өз шешімін тапқан.

Қытай

Ал Қытайдың білім беру жүйесін бірден Alibaba, Baidu және Huawei сынды алып компаниялар  қолға алыпты. Нәтижесінде үш алып компания бір жұдырық күшке айналып, қытай балалары алаңсыз сабағын жалғастырған. Санаулы ғана аптада бірыңғай ұлттық онлайн платформа жасалып, іске қосылады. Ол жерде барлық пән бойынша видео сабақтар, электронды оқулықтар, анықтамалар мен тест сұрақтары орналастырылып, бұл жүйеге жеті мың сервер жалғанады. Соның нәтижесінде 50 миллион (!) қытай баласы бір сәтте сабақ оқуға мүмкіндік алыпты.

Германия

Германияда оқушыларға білім беру үшін қоғамдық құқықтық телеарна ARD іске қосылды. Бавария Білім министрлігімен бірлесе отырып, телеарна «Үйдегі мектеп» бағдарламасын жасап шықты. Сонымен қатар оқушы мен мұғалім арасында электронды байланыстың барлық түрі жүргізілген. Бұл елде де «сабақты қалай оқытамыз?» деген проблема бола қоймапты. Тәртіпке бағынған немістер пандемия кезінде де шапшаңдық пен білімді тең ұстапты.

Австрия

Австрияда да ORF 1 жалпыұлттық телеарнасы оқушылардың жас ерекшелігіне қарай сабақ өту кестесін түзіп, мысалы, таңғы 6 -9 аралығында бастауыш сыныптарына, одан кейін он жастан жоғары оқушыларға арналған танымдық бағдарламалар көрсетуді қолға  алыпты. Жалпы, оқушылар электронды оқытудың Moodle жүйесін сабақ оқуға пайдаланған.

Болгария

Болгарияда сабақтар халықаралық BNT 2  және BNT 4спутник арналары арқылы өткізілген.  Бұл елдегі ең басты ерекшелік 700 000  оқушыға  65 000 мұғалімнің вебинар өткізуі болды.  7 млн халқы бар болгар елі де  осылайша тығырықтан тиімді жол тауып шығыпты.

Ұлыбритания

Бұл елде кешенді білім беретін ресми тіркелген онлайн мектептер бар. Негізінен олар Secondary School  және  Sixth Form (орта және жоғары сыныптар)  деп аталады. Сонымен қатар Primary атты бастауышқа арналған түрі де бар. Нарықтағы көшбасшылары  InterHigh, Tute, Briteschool, First College мен Net-School. Онлайн мектептер мемлекеттік және жекеменшік болып бөлінеді. Мемлекеттік онлайн мектептерде білім алу тегін. Британ онлайн мектептеріндегі сабақтар түске дейін болады. Сабақ кезінде оқушы мен мұғалім микрофон, смс арқылы байланыс жасайды.  Сабақтар жалпыұлттық бағдарлама бойынша жүргізіледі. Тек химия пәні ғана зертханалық жұмыстарына байланысты басқаша тәсілмен өтеді екен. Пандемия кезінде де ағылшындар еш саспастан білім берудің онлайн жүйесіне оңай көшкен.

Италия

Өкінішке қарай, итальяндықтар да қазақтар секілді төтенше жағдайға дайын болмай шыққан. Соның салдарынан елде хаос орнап, мұғалім мен оқушыларды қатты тығырыққа тірепті.  Meet, Classroom, Zoom, Jitsi және Edmodo сынды платформалар миллиондаған адам бірден қосылғанда, істен шығып, өзіне артылған жүктемені көтере алмаған. Соның салдарынан көптеген оқушы онлайн оқудың «сыртында» қалыпты.  Осылайша Италия да біз сияқты әупіріммен өткен оқу жылын аяқтаған.

АҚШ

Жалпы қашықтан білім беру АҚШта 1980 жылдары (!) Ұлттық технологиялық университетте (National Technological University)  пайда болған екен. 1987 жылы АҚШта Америкалық қашықтан оқыту ассоциациясы  дүниеге келген. Алайда ол кезде бұл білім беру жүйесі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып жасалған.

Қазіргі кезде  хоумскулинг, яғни  үйде  білім алу үрдісін көптеген отбасы пайдаланады. Мектепке барғысы келмейтін оқушы, үйден шықпай-ақ интернеттің көмегімен сабағын оқи алады. Бұл заңға да қайшы келмейді.

Сондай ақ  K12 International Academy атты арнайы портал да бар. Осы портал арқылы кез келген бала орта білімі туралы толыққанды аттестатқа қол жеткізе алады.  Бұл сайт кәдімгі мектептегі білім беру жүйесі сияқты. Түрлі вебинар, видео лекция, дөңгелек үстел сияқты сабақ оқыту жүйелеріне негізделген. Сабақ әр күн сайын өтеді.

Міне, сондықтан болса керек, АҚШ-та көктемгі карантин кезінде біздегідей аласапыран орнамаған. 20 миллионнан астам оқушы ың-шыңсыз қашықтан білім алуға кіріскен. Сабақтар видео хабарламаны Flipgrid арқылы жіберу, YouTube, Blackboard Learn и Google Classroom арқылы дайын сабақтар онлайн платформада өткізілген. Ал  Wi-Fi желісі кез келген жерде қосулы болған, тіпті авто тұрақ маңында да интернетке еш қиындықсыз қосылуға мүмкіндік болыпты. Интернеті жоқ әр оқушының  үйіне арнайы мамандар барып, Wi-Fi қосып берсе, компьютері жоқ әр балаға тегін ноутбук, планшет таратылған. HP Time for Kids пен бірлесіп, Britannica мен NASA бірлесіп,  Turn to Learn бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарлама бойынша білім контенті қағаз түрінде дайындалып, таратылған.

Канада

Канада елінде де бұған дейін де виртуалды оқу жүйесі болған. Бастауыш, орта білім алу жүйесі де онлайнға орайластырылған.  Contact North — бұл канадалық қашықтан білім беру мәселесін шешетін ұйым. Осы ұйым қызметінің  арқасында төрт миллионнан астам бала білімді қашықтан алуда екен. Бұл елде онлайн жоғары білім алу жүйесі де әлдеқашан қалыптасқан. Сол себепті де пандемия кезінде Канада да білім беру проблемасы туындамапты.

Израиль

Діни ұстанымдағы отбасының баласы бұған дейін де қашықтан оқуды қолға алған еврейлер елі де карантинде басқалар сияқты саспаған. Интернет әрбір үйде бар. Баланың онлайн білім алуына барлық жағдай жасалған. Тек бұл елде қашықтан оқып жатқан баланың білім деңгейін жылына бір рет білім инспекторы келіп тексеріп кетеді екен. Израильде әр баланың өте сауатты болуы бірінші кезектегі мәселе болғандықтан, әр оқушының терең білім алуына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалған.

Франция

Француз баласы 6 жастан мектепке барады,  мектепті 18 жасында бітіреді. Кез келген жаста қашықтан білім алуға бұл елде заңмен еркіндік берілген. Қашықтан оқыту жүйесі Францияда ХХ ғасырдың бірінші жартысында қолға алыныпты. CNED атты қашықтан оқыту ұлттық орталығы бар. Жыл сайын осы орталықта  300 000-нан  астам бала білім алады. Олардың қатарында басқа елдердің балалары да бар. Демек, карантин кезінде француздар интернет іздеп үйдің шатырларына шығып кетті деу мүмкін емес.

Австралия

Көптеген австралиялық азамат интернеті жоқ шалғай ауылдарда тұрады. Ол жақтарда дәстүрлі мектептер де жоқтың қасы. Ең жақын деген мектептің өзі жүз шақырымдық жерде орналасқан. Міне, осы себептен бұл елдің балалары да қашықтан оқыту жүйесін пандемияға дейін-ақ таңдаған. 1951жылы  Австралияда School of the Air бағдарламасы іске қосылып, нәтижесінде радио арқылы бастауыш және орта білім алу әрбір балаға қолжетімді етілген. Қазір бұл радионың орнын интернет алмастырды. Қашықтан білім алу үшін бар болғаны қашықтан білім беретін мектепке тіркелу қажет, бітті. Онлайн білім беретін мекеме білім алуыңызға қажетті барлық дүниені сізге жолдап отырады. Қашықтан оқыту жүйесі австралиялық ұлттық білім беру жүйесімен сәйкестендірілген.  Оқушы мен мұғалім арасындағы байланыс Skype арқылы жүзеге асырылады.  Дәл осындай оқыту жүйесі көктемдегі карантин кезінде де іске қосылып, білім беру жүйесі ақаусыз жұмысын жалғастырыпты.

P.S Көктемгі карантин кезінде Қазақстандағы қашықтан білім беру мәселесінде туындаған проблемалар ел есінде. Қазақстан дамыған елдер қатарына қосылады деген ұранның салмағы қаншалықты екеніне осы пандемияда көзіміз тағы жетті. Жоғарыда сөз еткен елдердің көшіне ілесу үшін елімізге шамамен жарты ғасыр уақыт керек екен. Келесі материалымызда ТМД елдеріндегі көктемгі карантинде оқушыларды қалай оқытқаны туралы қызықты мәліметтермен бөлісеміз, жіберіп алмаңыз.

Рауана ДИМАШҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер