Ақжарқын Тұрлыбайды елге қайтару үшін оның жазбаша өтініші керек. Ал мұндай өтініш Бас прокуратураға әлі түспеген.
Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Қытайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбайды экстрадициялау тәртібін түсіндірді, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Оған қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Бізде Қытай Халық Республикасымен сотталған адамдарды беру туралы келісім бар. Алдымен Ақжарқын Тұрлыбайдың өзі жазасын Қазақстанға өтеуге келісім беріп, жазбаша өтініш беруі керек. Одан кейін біз екіжақты келісім бойынша ҚХР-дың прокуратурасына сотталған азаматымызды беру туралы хабарлама жібереміз", - деді Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, Ақжарқын Тұрлыбайдың тарапынан жазбаша өтініш әлі түскен жоқ. Бірақ оны елге қайтаруға толық мүмкіндік бар.
"Ол жақта Ақжарқын өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Біз де осы қылмыс үшін өзімізде қандай санкция бар екенін қараймыз. Мысалы, Қазақстанда Қылмыстық кодекстің 297-бабы, яғни, есірткіні тасымалдау мен сату бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Егер оның әрекеті соған сәйкес келсе, онда, меніңше, барлық материалды зерделеп шыққаннан кейін оны Қазақстанда жазасын өтеу үшін экстрадициялауға толық мүмкіндік бар", - деп атап өтті Ахметжанов.
Аппеляциялық алқа өз шешімін шығарды
Өткен жылы Гуанчжоу қаласының халық соты есірткі контрабандасы үшін айыпталған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайды өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы үкімді өзгеріссіз қалдырған болатын. Қорғаушы тарап сот үкіміне шағым жасады. Бірақ таяуда апелляциялық инстанция соттың шешімін тағы өзгеріссіз қалдырды.
Бүгінде Ақжарқынды Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында сотталған адамдарды беру туралы келісіммен экстрадициялауға мүмкіндік бар. Осы құжат 2015 жылы күшіне енген болатын. Оған сәйкес, Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты үкімді орындауды Қытай юрисдикциясынан Қазақстанға беруді қолдануға болады.
Сотталған азаматты беру бойынша келіссөздер Қазақстан Бас прокуратурасы мен ҚХР уәкілетті органы арасында жүргізіледі.
Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі
Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды. Ол кезде отандасымыз 20 жаста болған еді. 2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.
2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.
2019 жылы Тұрлыбайдың анасы Зухра Сейтімова Қазақстан президентіне көмек сұрап хат жазды.
Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапары кезінде Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерген болатын.
Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің мәліметіне сүйенсек, Тұрлыбай қасындағы сотталғандарға ағылшын тілін үйретіп жүр. Сонымен қатар, көркем әдебиет оқиды, дене шынықтырумен де айналысады. Қытай тілін жақсы меңгеріп алған.