Париж синдромы дегеніміз не немесе сіз күтпейтін әлем

1387

Париждің атағы, фильмдер мен көркем шығармалардағы оның әсем бейнесі барша жанды өзіне елітпей қоймайды. Махаббат қаласын бір көрсем деген арман қайсы бір жанның болмасын кеудесіне тыныштық бермейтін болар? Әйтсе де, сіз қатты армандап, бір көруге ынтық болған қала әсте сіз ойлағандай ғажайып пен мұғжизаға толы емес.

Егер ғайыптан қолыңызға әйгілі Э. Хемингуэйдің «Қызығы мол сол жылдар» («The holiday, which is always with you») атты кітабы түсе қалса, тұтас кітапты оқымай-ақ,  оның алғашқы жолдарындағы: «Егер талайыңа таудай бақ қонып, жас дәуреніңді Парижде өткізсең, сосын қай жерлерде жүрсең де, ол өміріңнің ақырына дейін өзіңмен бірге болады, өйткені Париж өміріңнің тойындай әманда сенің жадыңда жүреді жаңғырып», – деген сөздері-ақ сіздің алдыңызға таудай талап қойып, Парижге жетелейді.

Парижге бір табаным тисе екен деп армандайтындар тым көп.  Бірақ, сіз армандайтын Париж бен шынайы Париждің бейнесі екі бөлек. Француз жазушысы Ги де Мопассанның: «Парижде Эйфель мұнарасы көрінбейтін жалғыз орын – осы», - деп күнде мұнараның мейрамханасында түстенетіні бекер емес. Бақсақ, Парижді көріп, ойлағанындай болмай, көңілі түсетіндер көп-ақ. Тіпті, кейбір жандар ақылынан алжасып, депрессивті күй кешкен жағдайлар да болыпты. Ғылымда бұған арнайы «Париж синдромы» деп ат беріліпті.

Париж синдромы дегеніміз не?

Париж синдромы деген терминді жапон психиатрі Хироаки Ота сонау 1986 жылы-ақ атын атап, түсін түстеп берген. Ресми анықтамалықтарда мұндай ауру түрі болмағанмен, бұл синдром өте жиі кездеседі екен. Психоаналитиктердің айтуынша, оның өзіндік симптомдары да бар. Бұл синдром көбіне жапондарға тән боп келеді. Париж синдромына жапондық турист Парижге алғашқы сапары кезінде сезінетін психологиялық ауру деп арнайы анықтама да берген. Синдромға бас ауруы, депрессия, жеңіл галлюцинация тән. Көбіне пациентте француздарға қарсы қатты  агрессия пайда болады, кей жағдайларда, тіпті, өзін-өзі өлтіру әрекеттері де болуы бек мүмкін. Психоаналитиктердің арасында мұндай тәжірибемен бетпе-бет кездескендер де бар екен.

Сексенінші жылдары бұл психологиялық ауру өте көп кездескен, қазіргі таңда мұндай жағдай ол жылдармен салыстырғанда сирек ұшырасады. Жапонияда жыл сайын кемі 12 адам осы аурумен психологтардың көмегіне жүгінеді екен. Жапон психологтары гуманитарлық салаға маманданған қыздар бұл аурудан айналып өте алмайды дейді.

Париж синдромының пайда болу жолы өте қарапайым. Париждің шынайы бейнесі жылтырақ журналдар көрсететіндей керемет емес. Көпшілік Парижді сән-салтанат пен шоппингтің, ең бастысы романтиканың орталығы деп елестетеді. Олардың санасында париждіктер таңғы аста шампан ішіп, кешкі ас мәзірінде міндетті түрде фуа-градан дәм татады. Ал француз жігіттер әлемдегі әйел заты үшін  ең сезімтал, әрі нәзік жаратылыс. Жалғызбасты арулар Парижге екінші жартысын табамын деген ниетпен де барады.

Туристерді  мүлде бөлек Париж қарсы алады. Лас көшелер, дөрекі даяшылар (оларға ағылшын тілінде тіл қатсаңыз, ашуға бой алдырады, француз тілінде сөйлегеніңізді қалайды), қирауға жақын, жағымсыз иіс жайлаған метро, бітпейтін ереуілдер мен париждіктердің әдепсіз әрекеттері – мұның бәрі де Парижге тән сипат. Және соңғы жылдары Эйфель мұнарасы маңындағы көшелерде қаптаған босқындар еркін жайыла жатып, айналасын аяусыз ластағаны да көзге тым қораш көрінеді. Одан қалды туристер көп баратын орындарда алаяқ саудагерлер, ұры-қары да көп жүреді. Жол түссе, әмияныңыз бен бағалы заттарыңызға абай болыңыз.

Париждіктердің ойын ірікпей, тура сұрақ қояды. Француз менталитеті кез келген ортада, кез келген тақырыпта іркілмей сұрақ қоюға мүмкіндік береді. Бұл кейбір мәдениеті мүлде бөлек, сыпайы халықтар үшін беттен алып, төске шапқанмен бірдей көрінеді-ау. Тағы да сол жапондар француздардың мұндай қылықтарын бейәдептікке балап,  мүлде көтере алмайды екен. Кейде шашын жұлып, айғайға басып, айналасын жайпап жіберуге дейін барады. Кешігіп келген такси, дөрекі жауап, ұрланған әмиян – өзге туристерді болмашы ғана ренжітсе, жапондар мұндай «бассыздықтардан» төбе шашы тік тұрып, ұзақ ұмыта алмай жүреді.

Десе де, Париждің бұрыш-бұрышында сәулет, сурет өнерінің жауһарлары тұнып тұр. Бір ғана аңызға айналған Моно Лизамен бетпе-бет кездесіп, құпиясын білу бәлкім сізге бұйырған бақ шығар? Кім біледі? Әрі қазақтың болмысы жапоннан мүлде бөлек емес пе?

 

Фото ашық дереккөзден алынды

 

Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы