Айтқаның келсін, Жириновский, «аузыңа май»!

7968
Adyrna.kz Telegram

Таяуда бірқатар қазақ сайттарында орыс саясаткері Жириновскийдің жанайқайы туралы ақпарат жарияланып, бұл тақырып әжептәуір үлкен талқыға түскен еді. «Көп сөйлей беретін» Жириновский бұл жолы не айтты екен деп видеосын қарап шықтық.

Ресейлік саясаткер Жириновский «егер Тұран елдері тұтас күшке айналса, Ресейдің біткені» дегенге саятын ойын айтады. Әйтсе де, мұны ол таяуда емес, былтыр айтқан екен. Сонымен қатар Жириновский осы тақылеттес ойын соңғы бес жыл ішінде бірнеше рет айтқан. Қош,сонымен Жириновский не дейді?

Түркітектес халықтар біріксе, орыстың күні біткені ме?

«Қазіргі таңда Түркияның армиясы – НАТО блогындағы миллиондаған сарбазы бар ең қуатты әскери күш. Ал салыстырсақ, Германияда, мысалы, 300 мыңдық қана  әскер  бар. Бұл дегеніңіз, ендігі жерде немістер солдаттар емес деген сөз. НАТО-ның құрлықтық әскери күштерінің негізін түрік сарбаздары құрайды бүгінде. Ал алдағы 30 жылда  түріктің саны 150 миллион болады. Біз тек 100 миллион боламыз. Анау Иранның халқы да 150 миллионға жетеді. Ауғанстан мен Пәкістан, тіпті 200 миллион адам болады. 500 миллионнан астам халқы бар өте ірі ислам мемлекеті бұл. Бір дінді ұстанатын 500 миллион халық! Бұл деген баяғы советтік идеология емес, Ленин мен Маркстың портретін іліп қоятын. Бұл – талай ғасырлық дін. Олар бірігіп алса, Арменияны жұта салады.

Арменияны Әзірбайжанға қосып береді, керек болса. Иранмен бірігіп, Орталық Азияға баса-көктеп кіреді, Тұран деген ұлы түрік мемлекетін құрады. Түсініңіздер, олардың бәрі бізге, орысқа қарсы қуана-қуана бірігеді. Өйткені біз христиан дініндеміз. Олардың бәрі мұсылман. Оларды біріктіретін ортақ тілі бар,ортақ діні бар. Түріктің тілі дегеніміз – әзірбайжандар, түрікмендер, өзбек, қырғыз бен қазақтар, татар мен башқұрт. Ол жақта орысша кім сөйлейді?» – деп байбалам салған Жириновский алдағы 30 жылда орыс халқы баяғыдай мұсылмандарға бағынып, Тұран мемлекетінің боданына ұшырайды деп қорқынышын жасырмайды.

Әдебиетіміз, мәдениетіміз ортақ елміз

Жириновскийдің бұл айтқандарына қатысты Тұран елдерінің бірнеше азаматының пікірін сұрап білдік. Түркияның Қайсери қаласының тұрғыны, Түркі халықтарының әдебиетін, мәтениетін, тарихын терең зерттеп жүрген Яшар ЕРДAМАР: «Жириновскийдің қорқынышы бекер емес. Түркітектес халықтардың бүгін болмаса, ертең бір жұдырыққа айналатыны сөзсіз. Түркілердің бірігуі тек орыстарға ғана емес, басқалар үшін де қауіпті. Алайда, дәл қазіргі уақытта түркілердің арасын мыңдаған жылдық тарих бөліп тұр. Біз ортақ әдебиетімізден, мәдениетімізден алыстап қалдық. Сол үшін Тұран халқы ең алдымен әдебиетін, мәдениетін ортақ етуге тиіс», -деген пікірде.

Алып елге айналуға үлес қосуды әрбіріміз өзімізден бастауымыз керек

«Тұран әлемі болмақ керек бізге. Егер өзге алпауыт елдерді өзімізбен санассын десек, бізге бірігу керек! Меніңше, ол үшін ең алдымен Тұран әлемін үздіксіз дәріптеуге тиіспіз. Қазіргі ұрпаққа Тұранның ұрпағымын деп мақтана, марқая айтатын  сезімді санасына егуіміз қажет. Ал ол үшін өткен тарихымыздағы бабаларымыздың ұлы ерліктері жастарымызға үлгі болуға тиіс. Өткеніне мақтанатын ұрпақ ертеңіне де сенімді болады. Тұранның ұрпағымын деп марқаюды ауқымды деңгейге жеткізу үшін, әрбіріміз ең алдымен өз отбасымызда осы мәселені қолға алғанымыз жөн. Мәселен, сіз үйіңізде балаңызға «сен Тұран деген ұлы елдің ұрпағысың! Сен әлем елдерінің тізесін қалтыратқан мемлекеттің бүгінгі бір бөлшегісің! Қазақ қана емес, қырғыз, түрік, өзбек, әзірбайжан, татар, башқұрт халқы да сенің бауырларың. Сенің ең жақын бауырларың!»  деген түсінікті сіңірсеңіз, ол бала түбі өз түркілерін табады.  Сондықтан Тұран алып мемлекетіне айналу әрбір Түркінің отбасынан басталуға тиіс»,- дейді бауырымыз,  анкаралық ұстаз Илхан ДЕДЕ.

Тұран халқын біріктіретін күш - латын таңбасы

«Жириновский дұрыс айтады. Біз Түркі әлемі біріксек, алынбас қамалға айналамыз. Ол үшін көп дүниені іске асыруымыз керек. Мысалы, Түркітектес халықтардың өзара келісімін жасау қажет. Бұл келісімді әрбіріміз түсіне алу үшін ортақ тіліміз болғаны жөн. Бізде сол ортақ тіл бар. Алайда бірімізді біріміз түсіну үшін ортақ әліпбидің болғаны ең басты мәселе. Түркі халықтарының барлығы латын таңбасына өтсе, міне бізді біріктіретін ең ұлы күш осы! Мен қазақша, өзбекше, қырғызша т.б түркі тіліндегі сөздерді оңай түсінемін. Алайда оқи алмаймын. Себебі, бұрынғы КСРО құрамында болған біздің бауырларымыздың көбісі кирилица үлгісінде жазып, оқиды. Қазақ бауырларымыз көптен бері латын таңбасына өту туралы айтуда. Өкінішке қарай, осы мәселе әлі күнге дейін түбегейлі жүзеге асырылмады. Бізге Көктүріктің әліпбиін қолдануды қолға алу керек», -дейді түрік бауырымыз Зекайы СЕНТҮРІК.

Тұран халқын ортақ қаны біріктіреді

«Тұран мемлекеті құрылады түбінде. Бұл шындық. Алайда бұл алып мемлекетті құрамыз дейтін кейбіреулер қате пікір айтып жүр. Ислам діні аясында құруды айтады. Бұл үлкен қателік дер едім. Себебі, діни ұстаным өзгермелі құбылыс. Оның үстіне қазірдің өзінде Ислам дінінің өзі пәлен тармаққа бөлініп, жіктеліп кетті. Сондықтан Тұран халқын біріктіретін бір ғана нәрсе бар деп санаймын. Ол бәріміздің бойымызда қуалай аққан қан. Біз қаны бір халықпыз» деген Құртжебе НОЯН қазіргі түркітектес елдерді басқарып отырған кейбір басшылардың бүйрегі Исламға бұруының салдарынан Тұран мемлекетінің іргетасын қалау кешеуілдеп жатқанын алға тартады.

 

Жалпы,Жириновский  айтқандарына жұрт аса назар сала қоймайтын саясаткер. Десек те, мына байбаламы орыс халқынан гөрі Түркі халқына ұран тастап, бірігіңдер деп тұрғандай. Оның қауіптенуі де, алдағы отыз жылдыққа жасаған болжамы да бос емес. Егер Тұран елдері бірігіп, бір күшке айналса, Ресей түгілі «менмін» деген өзге алпауыт елдерді де ықтыратыны анық.

 

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер