Судьялар мен полицейлер қатаң жазаланатын болады

1174

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Али Шпекбаев фейсбукте Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформаларының маңыздылығына тоқталды деп хабарлайды, «Адырна» ұлттық порталы.

Бірінші – сыбайлас жемқорлық үшін жауапкершілікті күшейту. Ең алдымен, бұл құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьяларға қатысты. Пара берушілер мен делдалдар үшін жазаны қатаңдату мәселесі пысықталалады. Сотталған сыбайлас жемқорларға қатысты ҚІБ-ның күшін жою ең күшті профилактикалық әсерге ие болады.

"Осының жалғасы ретінде біз аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін ұлғайтылған айыппұлдарды қолдануды және колония-қоныстарда сыбайлас жемқорлық үшін жаза тағайындауды қайта қарауды қолдаймыз", - деді ол.

Екінші – 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар мен судьялар үшін шетелде банк шоттарын иеленуге тыйым салуды енгізу.

"Бұл бастама ел мүддесі үшін қызмет ету тұрғысынан ғана емес, сыбайлас жемқорлық капиталын шығару мүмкіндіктерін нивелирлеу үшін маңызды", - деді Шпекбаев.

Үшінші – қоғамдық бақылау туралы Заңның қабылдануы. Онда кең ауқымды мәселелер бойынша қоғамшылдардың мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылының нақты тетіктері көрініс табады.

Қазір Сенатта квазимемлекеттік және жеке секторларда комплаенс-қызметтер құру; сатып алу мен жобалық қаржыландыруға жауапты ұлттық компаниялардың қызметкерлері есебінен сыбайлас жемқорлық субъектілерін кеңейту; мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық беруге және сыйлықтар алуға толық тыйым салу; құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қылмыстарды  өршіткені үшін қылмыстық жауапкершілік белгілеу; сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қолданбағаны үшін квазимемлекеттік сектор басшыларына әкімшілік жауапкершілік енгізу сияқты шаралар қаралуда.

Сондай-ақ, күн тәртібінде мемлекеттік қызметкер болып табылмайтын, бірақ жария функцияларды орындайтын адамдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың қолданылуын тарату мәселесі де бар. "Яғни, біз пара алу және кері қайтару үшін коммерциялық банктердің топ-менеджерлері, табиғи монополиялар субъектілерінің басшылары, жеке сот орындаушылары және басқа да санаттағы қызметкерлер мемлекеттік қызметкерлер сияқты қылмыстық жауапкершілікке тартылуын ұсынамыз", - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы.

 

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер
Редакция таңдауы