Баланың зиятын жетілдіретін 4 кезең

2745
Adyrna.kz Telegram

Баланың дамуы, жетілуі, өмірлік кезеңдері туралы сөз қозғалса, міндетті түрде атақты психолог әрі философ Жан Пиаженің аты аталады. Ол тәжірибе жүзінде бала қалай жетілетінін, қай кезеңде қандай мақсатты орындайтынын анықтаған. Адам ойлануды қалай үйренетінін зерттеген.

Жас күнінде Жан Пиаже биологияны жақсы көрген. Неше түрлі жәндіктерді бақылап, олар туралы мақала жазған екен. Бұл әуестігі өсе келе Пиажені балалардың ой-танымын зерттеуге жетелейді. Жас философтың алғашқы жұмыс орны Париждегі ұлдарға арналған мектеп болады. Бұл мектептің директоры IQ-тестті ойлап тапқан атақты Бине екен. Пиаже Бинеге сол тесттердің нәтижесін өңдеуге көмектеседі. Содан жасы бірдей балалардың біркелкі қателік жасайтынын аңғарады. Ересектер жасамайтын қателіктер. Бұл нәрседен Пиаже адам миы белгілі уақыт бойы дамитынын біледі. Өсе келе кей жайттарды түсінуге бейімділігі пайда болады. Адамдарда мұның бәрі белгілі бір мезеттерде жүзеге асады екен. Пиаже елдің баласынан бөлек өзінің үш баласын да қатты бақылаған.

Бұл тәсілін Пиаже «клиникалық сұқбат» деп атаған. Баланың ойлау танымын зерттеуге өте қатты септескен екен.

Пиаже нені түсінді?

Пиаженің айтуынша, психиканың даму өзегі — зият екен. Бала өскен сайын жетіліп, неғұрлым айқын схеманы қабылдайтын болады. Қоршаған ортамен байланысын нығайтады, соған бейімделуді үйренеді. Осы үдеріс кезінде бала ақырындап адам мен заттар әлеміндегі кей заңдылықтарды түсіне бастайды. Дамудың баланың ойлау танымының әр кезеңінде соған сай қателіктері боп тұрады.

1. Сенсомоторлы зият кезеңі (0 — 2 жас аралығында)

Сезім мүшелері мен қимыл-қозғалысы арқылы бала қоршаған ортамен танысады. Өз әрекеті мен оның нәтижесі арасындағы байланысты байқайды. Өзінің әлемнен бөлек екенін түсінеді. Алайда «ішкі план» балаға көмескі. Ол белгілі заттармен ғана манипуляция жасайды.

2. Операцияға дейінгі көріністер кезеңі (2 — 7 жас аралығында)

Бала «ішкі планды» қалыптастыра бастайды. Ол ендігі жерде символдарды қолданып үйренеді: қарындаш көрсе – ыстығыңды өлшейтін зат деп те түсінеді, қораптың қақпағы – қайық болады. Неге операцияға дейінгі деп аталады? Себебі, бала әлі де тәжірибенің кей түрін толық қабылдай алмайды.

Мысалы:

Баланың ойынша, заттардың бір қатарға арасын ашып қойса, саны көбейіп кеткендей көрінеді екен;

Мектепке бармаған бала жіңішке әрі ұзын ыдыстағы суды жайпақ әрі кең ыдысқа құйғаннан оның көлемі өзгермейтінін түсінбейді;

Бір кесек ермексаздан жасалған шарикті қолмен жайса кішірейіп қалады деп есептейді. Егер жіпті екі бүктеп берсең, қысқарып қалды деп ойлайды.

Егер мектепке бармаған балаға дұрыс түсіндіріп отырсаң, жауабын да дұрыс айтады — ол ақпаратты тиянақты түсінеді. Тәжірибені сәл өзгертсең, бала бұрынғы жауабын береді. Заттың саны туралы (дөңгелектердің саны) заңдылықты заттың сақтау қалпы (су, ермексаз) мен кері айналуынан жақсырақ есте сақтайды.

Баланың бұл кезеңдегі ойлау жүйесі эгоцентризмге сүйенеді: басқа адамның өзінікінен бөлек пікірі болады дегенді онша түсінбейді. Бұл бір жағынан операцияға дейінгі кезеңдегі мүмкіндігінің шектеулі болатындығынан.

Пиаже әр балаға жеке-жеке үш тауы бар макетті көрсетеді. Әр макеттің өзінің бір ерекше белгісі болды: бірінде үй, бірінде өзен, бірінде мұзарт. Сол макетті әр жағынан түсірілген суретті береді. Балаға тауды сен қалай көріп тұрсаң, сол суретті таңдап бер дейді. Әдетте мұндай сұрақтан бала сүрінбейді. Сосын Пиаже макеттің бір бұрышына қуыршақ отырғызады да, енді осы қуаршақ тауды қалай көріп тұр деп баладан сұрайды. Мектепке дейінгі жастағы бала мұны істеп бере алмайды. Қайтадан өзінің көргенін таңдайды екен. Бала мен қуыршақтың орнын өзгертсе де, бала шатаса береді екен. Бала өзін қуыршақтың орнына қоя алмайды.

Пиаже бұл эгоцентризм баланың тәжірибесі көбейгенде емес, баланың пікірі ықтимал жауаптың бірі екеніне көзі жеткенде тоқтайды дейді. Бұл эгоцентризмнен децентризацияға өтуі. Бұны Пиаже дамудың заңдылығы дейді.

3. Нақты операциялар кезеңі (7 — 11 жас аралығында)

Бала символды қолдана алады. Оларды ойша манипуляция жасайды. Мысалы, ойша сиырларды бір-біріне қосу, алу, заттарды түрлі санатқа бөлу. Заттарды сақтаудың жөнін біледі. Мысалы, ермексазды бірнеше бөлікке бөліп тастаса да оның көлемі азаймайды. Әзірге есептерді жекелеп шығарады. Есептің шешуі мазмұнына байланысты боп тұрады. Әзірге бала жалпылама дегенді білмейді.

Бала мен алма туралы есепті шығарған оқушы, дәл осындай қыз бен қияр туралы есепті шығара алмауы мүмкін. Себебі, ол үшін бұл есептер екі түрлі. Екінші сыныптағы бала шаршы төртбұрыштың санатынан екенін айқын біледі. Үйрек – құстар отрядынан екенін біледі. Бірақ өмірде үйрек көп пе, әлде құс көп пе деп сұрасаң, үйрек те, құс та көп дейді. Осындай жауап беруге құқы бар. Себебі, сегіз жасар бала санатқа бөлуді білсе де, жеке мен жалпыны әлі түсіне алмайды. Ол үшін логикалық ойлау жүйесі қажет. Логика балада кейіндеу дамиды.

4. Шартты операциялар кезеңі (12 жастан кейінгілер)

Жасөспірімге нақты әрі абстрактілі логикалық ойлау жүйесі тән. Ол өмірде жоқ нысандарды ойлап, тауып, қиялдап отырады. Баламаларды, ұқсас дүниелерді біледі. Метафораларды түсінеді. Басқа адамның пікірін қабылдай алады. Жалпы түсініктегі есептерді шығара алады. Мысал есептерді оңай шығарады. Ол үшін ит пен алманы айтудың қажеті жоқ. Ойлану үшін жасөспірімге өмірде бар дүниемен тікелей байланыс орнату қажет емес. Операцияның бәрі түгелімен ішкі планға өткен.

Баланың ойы сөйлеуіне қалай әсер етеді?

Пиаже алғашқылардың бірі боп ойдың тереңдігі сөйлеуге емес, ойлау операцияларының дамуына байланысты екендігін айтқан. Сөйлемейтін баланы – жетілмей қалған бала деуге болмайды. Баланың сөйлегені емес, заттар мен ұғымдарды түсінуі баланың дамуының негізі. Зияттың дамып жатқанын содан байқайды. Бұл даму сырттан ішке қарай, нақтыдан абстрактіге қарай жүреді.

Пиаженің заманынан бері оның тәсілдері жетілдірілді. Қорытындылары – көп рет тексеріліп, тиянақталып, толықтырылды. Клиникалық сұқбаттардың баламалары қазіргі таңда баланың дамуын тексергенде қолданылады. Баланың даму кезеңдерін жылдамдату да, ретсіз аттап өтіп кету де мүмкін емес. Осыны есте ұстау керек. Бір кезеңнің соңында келесі кезеңнің тапсырмаларын бастай беруге болады. Мысалы, екі жасар баламен «телефон» ойнауға болады. Қолыңды құлағыңа қойып, оған қоңырау шалғандай әрекет жасасаң, ол да соны түсініп, қайталауы мүмкін. Яки, бес-алты жасар балаға үлкен зат жеңіл бола алатынын, кішкентай ыдыс ауыр болатынын көрсетуге болады. 10-11 жасар балаға «менің итімнің ойынша» деген тақырыпта шығарма жазғызуға болады. Себебі, кезеңдердің шегі анық емес. Бастысы – ересектердің эгоцентризмінен туындайтын үлкен қателік жасамау. Себебі, даму теориясы тұрғысында оның түсініктемесі жоқ.

Аударған: Шынар Әбілда

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер