«Уатсаппен» оқылған сабақта сапа болмайды», -дейді Аятжан АХМЕТЖАНҰЛЫ

5471
Adyrna.kz Telegram

Жыл сайын Білім күні жақындағанда интернет кеңістігінде қазақ мектептерінің «артта қалғандығы», бағдарламасының уақыт талабына «сай еместігі» және оқулықтарының «сапасыздығы» туралы әңгіме көбейтіп, баланы орыс мектебіне беру жайында «ақыл-кеңесін» аямайтын «қамқоршылар» қатары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап шыға келеді.

Осы «науқандық шараның» ақ-қарасын ажырату мақсатында «QAZBILIM» республикалық орталығының директоры Аятжан Ахметжанұлынан арнайы сұхбат алып, пікірін білген болатынбыз деп жазады kazislam.kz тілшісі. Әңгіме барысында бүгінгі қазақ мектебінің хал-ахуалы, білім сапасы, интернетпен жабдықталуы, сондай-ақ қашықтан оқытудың қиындықтары сынды өзекті мәселелер талқыға салынды.

– Айеке, соңғы жылдары «Баламды қазақ мектебіне берген дұрыс па, орыс мектебіне берейін бе?» деген сыңайдағы пікірталастар оқу жылы жақындаған сайын өршитін болып жүр. Бұл жағдай шынымен де қазақтарды қатты алаңдататын болғаны ма әлде әдейі ұйымдастырылатын науқандық құбылыс па?

– Интернетте мұндай әңгімелердің тууына түрткі болатындар – бірінші кезекте жалдамалы орыстілді блогерлер, Қазақстанда орыс тілінің үстемдігін көксейтін мүдделі топтар мен ұйымдар. Пікірталастарды солар бастап береді. Арнайы мақалалар жазылып, екі тілде жарық көреді.

Олардың мақсаты – халық арасында қазақ тілінің болашағына, қазақ мектептеріндегі білім сапасына қатысты күмәнді көбейту, жұртты азғыру. Оған бүгінде мемлекеттік тілдің келешегін айқындайтын нақты қадамдардың жасалмауы және ана тіліміздің мүшкіл халі қосылып, қарапайым жұртшылық сол дау-дамайлардың қақпанына түсіп қалып жатыр.

Иә, бұл жыл сайын мемлекеттік тілге жүйелі түрде жасалатын шабуыл. Қолдан істеледі. Соңғы жылдары бұл шабуылдар ерекше қарқын алды. Ол жерде қазақ мектебіндегі оқу бағдарламасы мен оқулықтар сапасының сын көтермейтіндігі туралы да көп әңгіме айтылып жатады.

Ал шынтуайтына келсек, қазақ және орыс мектептері бір бағдарлама, бір оқулықпен оқиды. Тіпті екі тілдегі көп оқулықтардың авторы да бір. Бірақ, соған қарамай, «Қазақ тіліндегі оқулықтар сапасыз, тілі ауыр» деген әңгімені жыл сайын әдейі, қасақана көтеріп отырады. Егер оқулықтың қазақшасы сапасыз болса, онда орысшасы да сапасыз деген сөз.

Біз жылда аталған пікірталастарға мүмкіндігінше ресми жауап беріп, үн қосуға тырысамыз. Атап айтқанда, 2017 жылы «Орыс мектебіндегі қазақ балаларына жаным ашиды» деген көлемді мақалам жарық көрді. Ол жерде қазақ және орыс мектептеріне қатысты уақыттың өзі алдымыздан шығарып отырған ақиқатты жеткізуге тырыстым.

– Иә, бұл мақалаңыз қоғамда біраз дүмпу тудырғаны рас. Сол ойыңызды тағы бір нақтылап өтсеңіз: неліктен орыс мектебінде оқитын қазақ балаларына жаныңыз ашиды?

– Біз 1-сыныптың табалдырығын аттайтын балаға бүгінгі күннің көзқарасымен емес, 10 жылдан кейінгі Қазақстанның жағдайы тұрғысынан қарауымыз керек.

Тәуелсіздіктің 29 жылы ішінде елдегі демографиялық және тілдік ахуал қалай өзгергенін білесіздер. 1989 жылғы санақта қазақ өз елінде 48 пайызды ғана құраса, қазір 70 пайыздан асты. Бұған түркітілдес халықтарды қоссақ, 80 пайыз болады. Ал басым көпшілігі орыс тілін қолданатын славян тектес халықтардың үлес салмағы 20 пайыздың о жақ, бұ жағында қалып отыр.

Өйткені, қазір демографиялық дүмпу қай өңірлерде? Әрине, қазақтар тығыз орналасқан жерлерде болып жатыр. Алтын алқа мен күміс алқалардың барлығы сол жақта. Енді 10 жылдан кейін, мейлі басқалар қаласын-қаламасын, қазақтың үлес салмағы 80 пайыздан асып жығылады. Оны ешкім тоқтата алмайды. Өйткені, халықтың өсімін, тілдің қолданыс аясының кеңеюін билік те емес, басқа да емес, тарихтың өзі жасап жатыр.

Сондықтан қазір мектеп табалдырығын аттаған жеткіншектің енді 10 жылдан кейін ана тіліне шорқақ, орыстілді азамат болып қалыптасып шығуы – шындап келгенде балаға обал нәрсе. Егер осыны түсінетін ақылы бар ата-аналар болса, баласын қазақ мектебіне беруі тиіс.

– Менің таныстарымның арасында баласын алдымен қазақ мектебіне беріп, 1-2 сынып оқыған соң, орысшаға ауыстырғандар бар. Неге деп сұрасаң, айтатын желеулері сол: қазақ мектебінің бағдарламасы қиын дейді…

– Оның себебі – ата-анасының өзі орыстілді. Оған қазақ мектебінің бағдарламасы қиын сияқты көрінеді. Өйткені, өзі түсінбейді, оның ойлау тілі – орысша.

Жалпы адамда екі тіл болады: ойлау тілі және сөйлеу тілі. Қазақтың бір тобы дүбара болып жүргенінің себебі – ойлау тілі орысшаға ауысып кеткендіктен. Сіз қанша тілді меңгерсеңіз де еркіңіз, бірақ ойлау тілі – адамның қанымен келген болуы тиіс.

«Қазақ мектебінің бағдарламасы, оқулығы қиын» деп жүргендер – сол орысша ойлайтын ата-аналар. Ал қазақтілді ата-аналарға керісінше орысша оқулықтар қиын болып көрінеді. Сондықтан бұл жерде бар кінәні қазақ мектебіне артып қою орынсыз және әділетсіздік.

– Дегенмен, «бұрынғы оқулықтар жақсы еді. Қазір тым қиындатып жіберген» деген әңгімені көп адамның аузынан естиміз. Бұл қаншалықты қисынға саяды?

– Бағдарламаның бұрынғыға қарағанда қиын болуы – ол қазақ мектебінің кінәсі емес. Ол заманға ілеспей қалған ата-ананың кінәсі.

Мен білім саласындағы сарапшы маман ретінде айтарым, әлемдегі дамыған 50 мемлекеттің мектеп бағдарламасымен салыстырсақ, біздікі оларға қарағанда әлдеқайда жеңіл. Дамыған елдердің бағдарламалары бұдан да қиын.

Егер біз солардікін қабылдасақ не болар еді? Сондықтан менің айтатыным, біздің елдегі мектеп бағдарламасы заманға сай, уақыт талабына толықтай жауап береді.

– Ал орта білім саласында заманға сай болмай жатқан кемшіліктер бар ма?

– Әрине, бар. Ол – мектептердің интернетпен жабдықталу деңгейінің тым төмендігі. Біздің мектептер әлі 20 ғасырда жүр. Республикалық қалалар мен облыс орталықтарын санамағанда, интернет жылдамдығы жағынан қазақ қоғамы 21 ғасырға өткен жоқ. Әлі күнге 2G, 3G-мен жүр. Осындай кемшіліктердің кесірінен білім саласы көп қағажу көріп жатыр.

Өнер-білім бар жұрттар кез келген пәннен виртуалды зертханаға көшіп жатқан кезде біз қарапайым зертхананың өзін дұрыс жасай алмай жүрміз. Әлемдегі дамыған елдердің барлығы бүкіл орта білімінің видео сабақ контентін жасап тастаған. Ал біз карантин басталғанда соларды асығып-үсігіп жасадық. Бір сөзбен айтсақ, біз даму баспалдағында әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінен бірнеше басқыш кейін келе жатырмыз.

– Яғни онлайн оқудың проблемасы әлі шешілмеген дейсіз ғой?

– Бізде онлайн оқу деген жоқ. Қашықтан оқу деген бар. Осы екеуін шатастырмайықшы. Онлайн оқу дегеніміз – zoom, скайп секілді тікелей байланыс арқылы мұғалім мен оқушының өзара сұхбат құра отырып, сабақ өтуі. Ал сабақтың видео контентін телеарнадан беру – ол қашықтан оқу. Бұл жерде кері байланыс жоқ.

– Биыл да біз онлайн оқытуға дайын емеспіз бе?

– Дайын емеспіз. Қазақстанның барлық елді мекенінде интернет Нұр-Сұлтанның сол жағалауындағы секілді ұстап тұрса, онлайн оқытуға болар еді. Ал қазір астанадан 15 км шетке шықсаңыз, интернет түгіл, ұялы байланыс ұстамайтын ауылдар бар. Ол жерде қалай онлайн оқытасыз?

– Демек, 10 күннен кейін сабақ басталғанда көктемдегі секілді қашықтан, нақтырақ айтқанда, «уатсаппен» оқиды екенбіз ғой?

– Әрине. Одан басқа амал жоқ.

Жалпы бұл пандемия біздегі екі үлкен проблеманың бетін ашып берді.

Біріншісі – тәуелсіздік алғаннан бергі елді цифрландыру ісінің шын бет-бейнесін көрсетіп, бәрі қағазда жазылғандай қанттай емес екендігін паш етті.

Екіншісі – халықтың шынайы тұрмыстық жағдайының қандай деңгейде екенін әшкерелеп тастады. Әлеуметтің әлеуеті 42500 теңге деңгейінде төмен екендігін және балаларына қашықтан сабақ оқитын смартфон алып беруге шамасы жетпейтіндігін дәлелдеп берді.

Міне, осы екі себептен біз қазір онлайн сабақ оқуға дайын емеспіз. Ал қашықтан оқығаннан күткендегідей сапа болмайтыны белгілі. Бірақ, қайталап айтайын, бізде қазір одан басқа амал жоқ, қашықтан оқу – әйтеуір мүлдем оқымай қалғаннан жақсы.

– Тіл мәселесіне қайта оралсақ. Қазір үлкен қалалардағы қазақ мектебінің оқушылары бір-бірімен тек орысша сөйлесуге бейім. Бұл ненің әсері деп ойлайсыз?

– Бізде орыс тілінде сөйлеуді мәртебе көретін түсінік әлі де бар. Оны білімділіктің, заманауи және қалалық адам болудың белгісі деп ойлайды. Бұның себебі осында ғана.

Тілі келмей жатса да, тыраштанып шүлдірлеп жүрген сол шіркіндерге орысша екі беттік мәтін жаздырып көріңізші, біреуі жаза алмайды.

Бұған, біріншіден, қоғамда әлі де қазақ тілінің брендке айналмауы, екіншіден, қанға сіңіп қалған құлдық сана ықпал етіп отыр.

– Балаларымыздың қазақша сөйлеуіне, әдеби тілді меңгеруіне «Балапан» телеарнасының ықпалы зор екенін мойындамасқа болмайды. Осындай телеарналарды неге көбейтпеске?

– Телеарнаны көбейтуден бұрын, «Балапан» телеарнасында беріліп жатқан бағдарламалардың бәрін ютубқа салу ісін жолға қоюымыз керек. Қазір бәрі бірдей интернетке салынбайды. Бұл өте маңызды мәселе. Өйткені, бүгінгі балалардың көбі телеарнадан гөрі ютубтағы мультфильмдерді көреді.

Біз қазақтілді интернет кеңістігін балаларға арналған пайдалы контенттерге толтыруымыз керек және қазақстандық сегментті дамытуымыз қажет. Қазір осындай дүниелердің аздығынан қазақ балалары өзге тілдегі мультфильмдерді көріп жүр.

Мысалы, бір жылдары шыққан «Қошқар мен теке» деген мультфильмді жұрттың бәрі қызығып тамашалады. Қандай әдемі дүние еді. Балалар ғана емес, ол үлкендерге де ұнайтын. Өкінішке қарай, осындай сапалы видеолар тым аз.

Интернетте балаларға арналған қазақтілді контенттің көбеюіне мемлекеттің қолдауымен қатар, ел ішіндегі жағдайы жететін бай-бағландар да қайырымдылық негізінде атсалысуы тиіс. Бір өкініштісі, біздің қалталылар екі-үш нәрсеге ғана көңіл бөледі: бір тобы шоумендерге ақша шашса, екіншілері мешіт салғыш.

Әрине, өзім мұсылман болғандықтан, мешіттің салынуына қарсы емеспін, бірақ басқа да шешілмей жатқан проблемалар шаш-етектен емес пе? Соның ішінде ғылым-білімге қаржылай қолдау көрсететін атымтай жомарттардың жоқтығы қабырғаңды қайыстырады.

Егер ұлтжанды, елінің, тілінің болашағын ойлайтын азаматтарымыз ана тіліміздің жағдайына алаңдап, қолдау көрсетіп, күш біріктіретін болса, жоғарыда айтып жатқан тілге қатысты проблеманың бәрі де шешілер еді.

– Қазақстанда бастауыш мектептер тек қазақ тілінде білім беруі тиіс деген бастама көптен көтеріліп жүр. Қалай ойлайсыз, біз оған дайынбыз ба?

– Дәл қазір дайын емеспіз. Конституция бойынша, Қазақстан – демократиялы, зайырлы, құқықтық мемлекет. Мен осы жердегі «құқықтық» деген анықтамаға баса назар аударғым келеді. Яғни, біз алдымен құқықтық норманы жөнге келтіріп алуымыз керек.

Оны қалай жүзеге асырамыз? Алдымен Конститутциядағы 7-баптың екінші тармағын, тіл туралы заңның баптарын бүгінгі уақыт талабына сай қайта қарау керек. Біз тәуелсіздік алған жылдардағы қазақтың саны 50 пайызға жетер-жетпес кезде қабылданған заңмен әлі жүрміз.

Құқықтық нормаларды дұрыстап алғаннан кейін ғана балабақша мен бастауыш мектепті 100 пайыз қазақшаландыру туралы бастама көтеруге толыққанды қақылы боламыз. Ал дәл қазір ол біреулер үшін «құқықты таптау» болып көрінеді. Заң жүзінде бұл жерде сіз жеңілесіз.

– Орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәнінің сапасына қатысты айтылатын сын көп. Тәуелсіздік алғалы 30 жыл өтсе де, мектептен қазақша үйреніп шыққан өзге ұлт өкілдерін көрмейміз…

– Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, орыс және аралас мектептердегі әкімшілік, тәрбиелік іс-шаралар толықтай орыс тілінде жүреді. Мемлекеттік тілге олардың көбі немқұрайлы қарайды. Егер аптасына 1-2 сағат болса да тәрбие шаралары мемлекеттік тілде өтпесе, мектеп ұжымы қазақ тіліне көңіл бөлмесе, ол жерде білім алған оқушылардан қандай нәтиже күтесіз?

Екінші мәселе – орыс мектептерінде қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдердің көбі – бұрынғы неміс, француз тілдерінің мұғалімдері. Қайта оқып алған. Олар таза қазақ тілінің мамандары емес. Маған ренжімесін. Сенесіз бе, тіпті кейбір орыс мектептерінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін мұғалімдер қазақша сөйлей де алмайды. Сонда олар балаға нені үйретіп, оқытып жатыр?

– Латын әліпбиіне ауысу қазақ тілінің дамуына қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Ол Қазақстандағы ақпараттық кеңістіктің қоғамдық санаға қалай әсер етуіне байланысты. Егер «Латын қарпіне көшсек, күйрейміз», «Қазақ тілін құрдымға кетіреміз» деген негативті әңгіме көп айтыла берсе, әрине, ол тіліміздің дамуына кері әсер етуі мүмкін.

Қазір біздің қоғам латын қарпіне көшудің өзін әлі дұрыс түсінбейді. «Латын тіліне көшеміз» деп ойлап жүргендер бар. Тіпті кейбір тіл мамандарының өзі солай дегесін басқалардан не күтесің? Әліпби мен тілді ажыратпайтындар көп. Одан қала берді, латын әліпбиін үйренуді ғаламдық проблема көретіндер жетерлік.

Мен өз басым төте жазумен сауат ашып, ер жеттім. Кейін маған кириллицаны үйренуге бір-ақ ай жеткілікті болды. Емін-еркін сауатты жазып кеттім. Сондықтан латын қарпінде жаза алмай қаламын деп қорқудың ешқандай да негізі жоқ.

– Үштілділік мәселесіне келсек. Біз қызды-қыздымен үш тіл білуді балабақшаға дейін кіргізіп жібердік. Әліпті таяқ деп енді тани бастаған жеткіншектерге қазақ және ағылшын әріптерін қатар жаттатып, миларын ашытып жатқан сияқтымыз. Олар М мен W-ды, И мен N-ды шатастырып көп қиналады. Осы дұрыс па?

– Жоғарыда мен адамның ойлау тілі және сөйлеу тілі болады деп бекер айтқан жоқпын. Баланың ойлау тілі бастауыш сыныптарда қалыптасады. Толық қалыптасып болғаннан кейін ғана екінші тілді үйренуі керек. Сонда бала дүбара болмайды.

Тіл үйрену – қоғамдық құбылыс. Оны адам кез келген жаста меңгеріп алады. Менің пікірімше, балаға 12 жастан бастап қана шет тілдерді оқыту керек. Мектеп бітіргенше бір ауыз ағылшынша білмей, қазір емін-еркін сөйлеп жүрген таныстарымыз жетерлік. Сол себепті ағылшын тілі сабағы 5-6 сыныптардан басталса да, ол кеш емес.

– Орта мектепте «Дінтану» факультативтік пәні оқытыла бастағанына бірнеше жылдың жүзі болды. Осы пәнге қатысты да көп сын айтылып жүр. Сіз не дейсіз?

– Мектеп бағдарламасына пән кіргізу туралы ұсыныс жасайтындар көп. Бірақ көбі «Сол пәнді оқытатын мамандар бар ма?» деген мәселені ойлана бермейді немесе оған жеңіл-желпі қарайды.

«Дінтанудан» беретін ұстаз дінді қаншалықты біледі? «Абайтанудан» беретін мұғалім Абайды тани ма? Мемлекеттегі 7 мың мектепте 7 мың абайтанушы бар ма? Бір кездері «Алаштану» деген пән болды. Алашты танитын ұстаздар жеткілікті ме?

Бір пәнді мектепке кіргізу үшін алдымен оның мамандары дайын болуы керек. Колледждер мен университеттерде оған лайықты мамандықтар ашылып, студенттерді кемінде 5 жыл оқытып, кадр жағын шешкеннен кейін ғана пәнді мектеп бағдарламасына кіргізуге болады. Мекемтас Мырзахметов секілді көзі тірі мүйізі қарағайдай абайтанушы ғалымдардың алдынан өткен, дәрісін тыңдаған шәкірттері мектепте «Абайтану» пәнінен сабақ берсе, оның пайдасы болар еді.

Ал «Абайтануды» басқа пәннің мұғалімдеріне қосымша сағат ретінде қосып беретіндей ол кім көрінген сабақ беретін ойыншық емес.

«Дінтану» пәнінің жағдайы да дәл осындай. Қазір оны тарихшылар, т.б. пәннің мұғалімдері оқытып жүр. Олардың барлығының діни сауаты, діннің арғы-бергі тарихынан хабары талапқа сай ма? Меніңше, олай емес. Демек, оқытатын мамандары дайын болмаса да, «Дінтану» пәнін мектеп бағдарламасына кіргізу – уақытты да, қаржыны да құр далаға шашу.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан, Ескендір ТАСБОЛАТ

Фото: ашық дереккөздерден алынды.

Пікірлер