Кавасаки синдромы: Балалар арасында тарап жатқан қандай дерт?

1646

Соңғы уақытта халық коронавирустан айыққан балалар «Кавасаки» синдромымен ауырып жатқандығы туралы айтып, дүрліге бастаған-ды. Осы аптада Денсаулық сақтау министрлігі ақпараттың жалғандығын ресми түрде мәлімдеп, коронавирустан кейін пайда болған аурудың Кавасакиден бөлек екендігін хабарлады. Сонымен, жұртты дүрліктірген бұл қандай ауру?

 Коронавирустан айыққан балалар қандай дертке шалдығуда?

 Сәуір айынан бастап шетелдік ақпарат құралдары көптеген мемлекеттерде кез келген жастағы балалардың арасында Кавасаки синдромына ұқсас жаңа індеттің пайда бола бастағаны туралы жаза бастады. Бұл синдром алғаш Ұлыбританияда, кейін АҚШ, Франция, Италия, Испания, Швейцарияда тіркелген. Мамандар іш ауру, асқазан-ішек жолдарының бұзылуы, жүректің қабынуы секілді белгілеріне қарап, бұл ауруды уытты шок синдромына немесе атипиялық Кавасаки синдромына ұқсатқан. Бірақ Кавасаки синдромы тек мектеп жасына дейінгі балаларда кездессе, бұл түсініксіз  аурумен жасөспірімдер мен 21 жасқа дейінгі ересектер де ауыра бастаған.

Ауру коронавирус инфекциясының өршуі себепті пайда болуы  мүмкін деген деректер бар.

Сәуірден бері өзге мемлекеттерді, ал тамыздан бастап елімізді дүрліктірген бұл дерттің негізгі белгілері қандай?

- баланың ыстығы көтеріледі және температура 24 сағат немесе одан да көп уақыт бойы түспейді;

- бөртпе және дақ;

- тілдің қызаруы, еріннің кезеруі;

- алақан мен аяқтың ісуі;

- конъюнктивит;

-  лимфа түйіндерінің үлкеюі;

- ентігу;

- жүрек пен іштің ауыруы.

- тыныс алу органдары, жүрек, өкпе, асқазан-ішек жолдары да ауруы мүмкін.

Кей жағдайды аурудың клиникалық белгілері білінбей, анализ арқылы анықталады.

Егер мұндай ауру белгілері байқалса, баланы міндетті түрде дәрігерге қаратып, ауруханаға жатқызу керек.

 

 Ал жұрт айтып жүрген Кавасаки синдромы бұл аурудан мүлде бөлек, әрі тарихы да әріде көрінеді.

 

Кавасаки ауруы алғаш рет ағылшын тіліндегі медициналық әдебиетте 1967 жылы пайда болған. Сирек кездесетін ауру түріне жатады. КА-мен ауыратындардың 85%-ы 5 жастан аспағандар. Көбіне 18-24 айлық балаларда кездеседі. Қыз балаларға қарағанда көбіне ұл балалар ауырады. 3 айға дейінгі балалар мен 5 жастан асқан балаларда сирек кездеседі. Бала кез келген мезгілде ауруы мүмкін десе де, қыс мезгілінің аяғы мен көктемнің басында жиі тіркелетін көрінеді.

КА-ның пайда болуының нақты себебі әлі де анық емес. Бірақ инфекция және иммундық жүйенің бұзылуы әсер етуі мүмкін деген деректер бар.

Сақтық үшін Кавасаки синдромының да белгілерін айта кетсек:

- температураның көтерілуі;

- көздің қызаруы;

- тері бөртпелерінің түрлері;

- ауыз қуысы мен тілдің қызаруы, еріннің жарылуы;

- қол-аяқтың ісінуі;

- мойындағы лимфа түйіндерінің ұлғаюы.

Кей жағдайда:

- іш ауру;

- буын ауру;

- жүрек ауру секілді белгілері кездеседі.

Қазақстандағы жағдай – Балалар арасында тараған Кавасаки синдромы туралы ақпарат жалған. Бұл жайында осы аптада Денсаулық сақтау министрлігі ресми мәлімдеді. Министрліктің ақпаратына сенсек, балалар арасында тараған ауру Кавасаки емес – онымен байланысты көпжүйелі қабыну синдромы. Бұл синдром 19 тамызға дейін 14 балада тіркеліп, министрліктің негізгі мамандарының бақылауына алынған.

Індетті еңсере бергенде, балалар арасында мұндай дерттің шығуы алаңдарлық жайт. Әрі бұл аурудан өзге мемлекеттерде көптеген балалардың көз жұмғандығы жайлы  деректер бар. Мәселен, BBC-дің орыс тіліндегі ақпараттық қызметіне сүйенсек, мамыр айында Ұлыбританияда аталған дерттен бірнеше бала көз жұмған (https://www.bbc.com/russian/news-52670668).

Әуелде қарияларды жалмаған індет енді балаларға да ауыз салуы мүмкін екендігі жайлы ақпарат расталып келе жатқандай. Пандемия әлі де ауыздықталмады: ДДСҰ-ның айтуынша,  жағдай екі жылға созылуы мүмкін, сондай-ақ вирустың таралуы күз мезгілінде үдей түседі деген болжамдар бар. Ал біздің елімізде түрлі қауіптің бар екендігіне қарамастан, карантин режимі біртіндеп жеңілдеп келеді. Бейғамдыққа салынбай, маусым-шілде айындағы ауыр жағдайды есте сақтап, әлі де сақтық шараларын орындап жүргеніміз жөн секілді.

 

Айжан ПЕРДЕБЕКҚЫЗЫ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер
Редакция таңдауы