«Енді балалар ауырады» деген сөз расқа айналған ба?

4812
Adyrna.kz Telegram

Шілде айының алғашқы аптасы қазақстандықтар үшін өте ауыр басталған еді. Осыған дейін «коронавирус жоқ» деген кейбіреулер күтпеген жерден күркілдеп жөтеліп, дене қызуы көтеріліп, қалшылдап ауыра бастады. Айналасы бір айдың ішінде қаралы хабар қарша борады. Әрбіріміздің жақын танысымыз, туысымыз осы түсініксіз дерттен бақилыққа аттанды. Әсіресе, жасы алпыстан асқандардың ажал құшқаны өте көп. Осы кезде әлеуметтік желілерде «енді балалар ауырады екен» деген ақпарат тарады.

Әрине, бұл ақпарат расталмады. Дегенмен, қазақстандықтар қазір әрбір фейк ақпардың астарына үңілуді әдетке айналдырған. Себебі, әлдебір оқиғаның алдында осылай бір «фейк ақпар» тарап бастайды да, соңынан сол расқа айналатын жайттар жиі қайталануда. Естеріңізде болса, биылғы шілде айына дейін де «өкпе қабынуы дертінен адамдар қырылады» деген хабар тарап еді. Көп өтпей, халықтың біраз бөлігі ауа жетпей, тынысы тарылатын түсініксіз дертке шалдықты. Содан болса керек, қазір әрбір хабарға жіті мән берілетін болды. «Енді жастар мен балалар арасында індет өршиді екен» деген дабылды хабар тарағалы көп өтпеген. Соңғы апталарда балалар арасында «түсініксіз ауру» бас көтерді. Және бұл дерттің коронавируспен байланысы болуы мүмкін бе деген сұрақ бәрімізді алаңдата бастады.

«Көрші-қолаң арасында 4 бала ауырып жатыр екен. Белгісі бірдей: құса береді дейді. Уланған деп тұспалдаған. Бір көршіміздің 4 жасар ұлы ауруханаға түссе дәрігерлер безсимптомныйға келеді депті. Қателессе екен. Құдалыққа ертіп апарған екен, келген соң ауырыпты. Бұл бәле балаларға жоламайды дегені қайда?! Абай болыңыздар! Карантин алынғанымен қатер қалды!» деп жазады белгілі журналист Серік ӘБІКЕН өзінің фейсбук парақшасында. Осы жазбаның астына пікір қалдырған кейбір азаматтар дәл осындай белгімен ауырған бала туралы өзі куә болған жайттарды айтады.

Ардак Бегетанова: «Дезинфекция емес, ауаға ауру тудыратын нəрсе сепкен ғой онда. Балалар аман болса екен,емдеу тəсілін білмедік деп отырмасын», деп алаңдаушылығын білдіріпті. Балжигит Торыбаев: «Балаларда солай екен симптомы. Біз басында Түркияға келгенде балалар солай ауырды. Кейін түсіндік, коронавирус екенін. Олардың организмдерінің реакциясы жақсы болған соң, бүкіл басқа вирустарды дене қабылдамаған соң, солай құсып реакция береді»,-дейді.

Әліби Бекайдар: «Біздің кішкентай сүйтіп бір ауырып алды. Таңда қайта-қайта құсып. Кешке жақсы болды бірақ. Біздің екі кішкентай екі кештің арасында аяқ астынан қатты құсып, бір жастағымыз бірден сұлқ түсті. Түн жарымда балалар ауруханасына апарғанда дәрігерлер уланған деп диагноз қойды. Асқазанын шайып, система алып үйге келген соң іш өту басталды. Учаскелік педиатр энтеровирус деді. Аллаға шүкір, бір аптада жазылды. Бірақ салмақ қоспадық әлі... сол азғаннан».

Mариям Абсаттар: «Біздің ауылда да үш бала сөйтті: бірінші інімнің баласы аяқ астынан сұлқ түсіп, құсты, сосын артынан менің қызым, үшінші інімнің үлкен қызы. Бірақ әйтеуір бірер күнде бастарын көтерді. Біз оны қарбыздан көрдік. Алайда үшеуі бір күнде емес, араға бір-бір күннен салып ауырған соң, біртүрлі күдік туды. Мен "Ферталь" бердім, алдында бір ауырғанда, дәрігер жазып берген қызыма».

Тұрсын Қалимова: «Қателесесіздер. Балаларда кавасаки болып тіркеліп жатыр. Сақ болыңыздар!!! Нұр-Сұлтан қаласында жеті бала осы аурумен ауырып жатыр. Сондықтан өте сақ болу қажет. Балаларды күн көзінен сақтаңыздар!

Сара Джаменкеева: «Әпкемнің немересіде құсып талып қалып ауырханаға түскен, кешке пневмания депті бір жаста үйде үлкендеу екуіде құсып дәрігерлер осындай вирус жүріп жатыр деген, үйдегілері жақсы болып қалды кішісі ауырханада».

Mukhyat Janymkhan: «Қытайлардың айтуынша енді балаларға жұғады екен. Урумжі қаласында балалар ауырып жатыр екен. Сақ болайық».

Фейсбукте жазылған пікірлерге қарасақ, балалардың ауру белгісі бір біріне өте ұқсас. Дәл осындай белгімен баласы ауырған тағы бірнеше азаматпен тілдесіп көз жеткізгеніміз, расымен де балалар арасында құсу, дене қызуы көтерілуі сияқты белгімен ауырып, қайта тұрғандар аз емес екен. Бұл қандай дерт? Әлде «келеді деп күткен» коронавирус осы ма? Өздері жанын әрең сақтап қалған ата аналар енді бауырындағы баласы ауырса, қайтпек?

«Бәріне дайынбыз» деп сөз жүзінде ұрандатқан Денсаулық сақтау министрлігі мен Үкімет ең болмаса, осы жолы дәріханадағы дәрілердің жеткілікті болуын жіті назарда ұстайды деп сенеміз. Шілде айындағы дәрінің тапшылығын қолдан жасау қойылымы бұл жолы өтпейді. Өйткені, ауырған баласын аман сақтау үшін кез келген ата-ана отырған орныңнан төңкеріп тастайтыны сөзсіз. Сондықтан Цой мырза сойқандарға ұласуы мүмкін кез келген жағдайдың алдын алады және балалар арасында тарап бастаған «түсініксіз ауруға» қатысты ресми түсінік береді деген үміттеміз.

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

 

Пікірлер