Онлайн оқу оңайға соқпайтын сияқты

1009

Өткен апта үкімет отырысында жаңа оқу жылы мен оған дайындық барысы жөнінде кеңінен сөз етілді. Жиын барысында Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ алдағы оқу жылына түзілген жоспарымен таныстырды. Ал өз кезегінде премьер министр Асқар МАМИН министрлікке бірқатар тапсырма жүктеді. Жаңа оқу жылына дайынбыз ба? Сабақ қалай оқытылады? Білім беру қалай жүзеге асырылады?

Көктемде коронавирусқа байланысты алғаш рет төтенше жағдай жарияланып, еліміз қашықтан оқыту жүйесіне өткен еді. Қашықтан оқыту жүйесі деген аты болмаса, былтырғы оқу жылының соңғы тоқсаны «сабақ өтті» дегеннің ырымын жасағаны баршаға аян. Ә дегеннен интернет жылдамдығы тартпай, оқушыларға онлайн білім беруге таңдалған платформалар іске алғысыз болып қалғаны тағы бар. zoom арқылы білім бермекке ұмтылдық. Түк шықпады. "Білімлэнд" дедік, ол да жарамады. Ақырында қазақстандық оқушылардың басым бөлігі WhatsApp желісі арқылы тапсырма алып, сол арқылы сабақ оқыған болды.

Бұл қалай жүзеге асырылғанын ата-ана да, оқушы да, мұғалім де жақсы біледі. «Орындалды» деген белгі соғылды, шаруа сонымен бітті. Көктемде қашықтан сабақ оқу туралы аса бір бас ауыртқандар бола қоймады. Себебі, карантин деп ата-ана үйде отырды. Бір уақыт баласының сабағын қадағалауға да мүмкіндігі болды.

Ал енді жаңа оқу жылында қалай болмақ?

Баласын сабақ оқытамын деп ата-ана үйде отыра берсе, жұмыс істеп кім ақша табады? Ал ата-ана ақша табу үшін жұмысқа кетсе, баланың сабағын кім қадағалайды? Ең басты сұрақтың бірі -осы. Карантинде отыра берсе, онлайн оқу емес, асқазанның қамы алдыңғы орынға шығары сөзсіз. Алайда білім министрлігі бұл жағын назарға алмады. Бірінші тоқсан қашықтан оқытамыз деп  отыр.

Келесі мәселе, аса мұқтаж отбасының балаларына үкімет шамамен 500 мың компьютер беретінін мәлімдеді. Өте дұрыс ақ. Десек те, елімізде аса мұқтаж отбасыдан бөлек, мұқтаж, жағдайы орта отбасының баласы да бар емес пе? Компьютері жоқ cондай отбасының баласы не істейді? Бұл мәселені де қазбалап қарастырған ешкім болмады.  Мәселен, үш оқушысы бар, компьютері жоқ отбасы қандай жолмен қашықтан білім алады? ТВ сабақтарын кезектесіп көріп сабақ оқу мүмкін бе? Әр үйде көп болса, екі теледидар болуы мүмкін. Олай болса, біз мысалға алған үш оқушы сабақ оқудың қандай жолын таңдауы керек?

Үкімет уәде еткен компьютерлер діттеген жеріне тіке жетсе, жақсы. Ал жетпей қалса, қалай болмақ? Оқушыларға компьютер беріледі деген науқан басталмай жатып-ақ, былығы ашыла бастағаны тағы бар. Бұл сөзімізге төмендегі ақпаратты фото дәлел бола алады.

 

Кімді кім алдамақ?

Тамыз айында балаларға және ата-аналарға "Үйде қалай оқу керек?", "Гигиена негіздері", "Кибермәдениет", "Интернет арқылы қалай оқу керек?", "Дене жаттығуларының маңызы" сияқты бірыңғай сынып сағаттары, ата-аналар жиналыстары өткізілу тапсырылғанын айтты министр Аймағамбетов. Мынадай тақырыпта барлық ұстаздар сынып сағатын өткізе алады, ата- аналар сол тақырыпты толық меңгеріп кетеді дегенге сенім аз. Өйткені еліміздегі барлық ұстаз бен ата-ана жаңа технологияларды жетік меңгермеген. Жалпы, елу жастан асқан ата-ана мен ұстаз арасында «кибермәдениет» туралы сөз қозғау, тым артық емес пе?

Осындай мәселелерді алға тартып, бізге хабарласқан Айнұр есімді мұғалім: «Ата-ана ретінде де, мұғалім ретінде де алдағы оқу жылына алаңдап отырмын. Үш балама интернет гаджеттерін қалай алып беремін? Алып берген күннің өзінде, интернеттің жылдамдығы қалай болады? Өз балаларымның жағдайын реттермін, ал оқушыларға сабақ өту мәселесі қалай шешім таппақ?

Мәселен, онлайн оқыту туралы курс шымкенттік мұғалімдер үшін тамыздың соңғы күндеріне белгіленіпті. Айналасы санаулы күнде оқушыға қашықтан білім берудің қыр сырын меңгеріп шығуға тиіспіз. Бұл мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес! Өзім танитын мұғалімдердің ішінде уатсапп желісін әрең қолданатындары бар. Ал компьютер бағдарламаларын меңгеру әрбір ұстазға оңай соқпасы сөзсіз.

Тамыздың соңғы кұндерінде аласапыран курс оқып біткен болып, оның ақыры баяғы уатсапп желісінде сабақ оқытуға жалғасуы мүмкін. Өйткені еліміз қашықтан оқытуға қай жағынан алсақ та, дайын емес»,- дейді.

Мың теңгелік тариф мәселені шешпейді

Ал төрт баласы оқушы Гүлдана САРЫБАЙ: «Бәрі -далбаса. Министрлік те, басқасы да өздерін алдамасыншы. Интернеті баяу Қазақстанда қашықтан білім беру мүмкін емес. Төрт балама үкімет тегін компьютер берген күннің өзінде де, олардың интернетіне ай сайын WiFi үшін алты, жеті мың төлеуім керек. Интернетке ақша табам ба, жоқ әлде баламның тамағын асыраймын ба? Карантин деп жұмыссыз үйде отырмын. Жолдасым жоқ. Пәтерде тұрамыз. Біз сияқтылар не істейді? Осы жағын биліктегілер ойланды ма? Әлде ойлап тапқандары мың теңгелік "Білім"тарифі ме?» -деп күйінеді.

«Телесабақтар депті. Оның өзі әлі толық дайын емес. Телесабақ үшін электр жарығы керек емес пе? Ал біз тұратын Түркістан облысында сәл жел тұрса, жарық жалп етіп сөнеді. Сондай кезде бала нені көреді? Біздің ауылда интернетті қыр жаққа шығып қана «ұстауға» болатынын ескерсек, онлайн сабақты ұмытуымызға тура келетін шығар?»- дейді Сайрам ауданының тұрғыны Гүлзада апай.

Иә, қашықтан оқыту деген мәселе Қазақстанда жақын уақытта шешімін таба қояр мәселе емесі анық. Интернет жылдамдығы, гаджеттің жеткілікті болуы шарт, ұстаздың техника тілін меңгерген бесаспап болуы тағы шарт, баланың сабағын үйде қадағалайтын ата-анасының жанында болуы міндетті, ал ол үшін үйде отырған ата-анаға үкімет тарапынан жәрдемақы төленуі керек. Осы аталған шарттар мен міндеттердің басын қоссақ, ешбірі де жүзеге асыруға келмейтін нәрселер.

Олай болса, күзден бастап қазақстандық оқушылар қалай білім алмақ? «Білім алды, білім берілді» дегеннің ырымын жасаймыз ба тағы? Бұл ырымды қайталап жасай берсек, ақыры жақсы болмас. Келесі мақаламызда ырымы жасалатын қашықтан оқытудың ақыры неге апарып соғатыны туралы айтатын боламыз.

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.     

 

Пікірлер
Редакция таңдауы