Дәрігерлердің 2 млн төлемақысы мен 10 млн өтемақысы қашан толықтай беріледі?

642

Қазақстанда коронавирус инфекциясы таралғалы бері 8518 медицина қызметкері осы індетті жұқтырса, 51 қызметкер қайтыс болды.

Наурыз айында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев дәрігерлерге мемлекет тарапынан жан-жақты көмек көрсетілетінін айтты.

«Медицина қызметкерлерінің денсаулығы мен өмірін сақтандыру мәселесі де пысықталды. Олар ауырып қалған жағдайда 2 млн теңге мөлшерінде сақтандыру төлемі беріледі. Құдай сақтасын, егер олар қайтыс болған жағдайда 10 млн теңге көлемінде төлемақы беріледі», -  деді минстр.

Арада 4 ай өткенде  Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры ( МӘСҚ) бір жолғы төлем алуға 123 медицина қызметкерінің өтініш бергенін, олардың 113-не бір жолғы төлем төленгенін хабарлады.

Айта кетер бір жайт, ауру жұқтырған дәрігер коронавирусты науқасты емдеу барысында жұқтырғанын дәлелдеу керек. Өлімге әкелген жағдайы да солай дәлелдену керек. Сол себепті жергілікті денсаулық сақтау басқармаларының арнайы комиссиялары төлемақы өтінішін қанағаттандыруы да, қанағаттандырмауы да мүмкін. Кейбір дәрігерлер өтініш жазған адамды тергеп-тексеретінін, ақша бермеудің амалын жасайтынын айтады.

Күні кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Цой мырза осы төлемақы жөнінде мандытып ештеңе дей алмады. Бұл сұраққа жалғыз Цой емес, бірнеше шендінің жауап бере алмай қиналып кеткенін білеміз. Мемлекет уәде еткен нәрсені толықтай беруге міндетті емес пе? Ендеше оны неге сағызша созып жүр? Қайтыс болғандарға өтемақы сол күйі берілмей кете ме? Жоғарыда аталған 8515 қызметкердің 113-і ғана қызмет барысында коронавирус жұқтырған ба? Сонда 8402 дәрігер вирусты қалай жұқтырған?... Көкейде осы секілді сан сауалдар тұр. Әзірге оған жауап берер адам табылмай тұр.

Ал қайтыс болған дәрігерлерге марапаттар ғана табысталып жүр. Әзірге Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов өз облысында қайтыс болған дәрігерлердің отбасына 1 млн теңгеден көмек берді. Әкімнің сөзінше, бұл қаражат мемлекет тарапынан берілетін 10 млн өтемақыдан тыс жасалып жатқан көмек.

Ел арасында жергілікті аурухана басшылары берілуі тиіс 2 млн теңгенің біраз бөлігін өз қалтасына салып алуы мүмкін екенін айтуда. Төленетін төлемақы үшін дәрігерлер басшылықтың қысымына  ұшырамау керек. Сол себепті, төлемақы мен өтемақы алатын дәрігерлердің аты-жөні баспасөз бетінде жариялануы тиіс деп есептейміз. Жемқорлықтың алдын алуға бұдан өзге жол жоқ.

Жанболат Сарықасқа

Пікірлер
Редакция таңдауы