Карантиннің «шымкенттік үлгісі» жаға ұстатарлық

2979

Бүгін Денсаулық сақтау министрі Алексей ЦОЙ  3 тамыздан бастап карантин қалай жеңілдейтінін мәлімдеді. Министр  карантинді жеңілдету үшін санитарлық-дезинфекциялық режим күшейтіліп, маска тағу және әлеуметтік ара қашықтық талаптары сақталуға тиіс екенін тағы баса айтты. Сонымен қатар қоғамдық көліктің жұмысы уақыт пен жолаушылар санын 50 пайызға шектей отырып, маска, санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтауды және кондукторлардың болуын міндеттеу де осы карантин талаптарының қатарына кіреді.  Алайда Шымкенттегі осыған дейінгі карантин талаптарының қалай жүзеге асырылғанына қарап, министрдің мынау тапсырмасы қалай орындалар екен деген сұрақтың құлағы қылтияды.

Шілде мен тамыз айы аралығында елімізде  карантин қайта жарияланғаны мәлім.  Кейінірек 19  шілдеден карантин талаптары қатаңдатылды. Сол кезде мемлекеттік бас санитар Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА Алматы, Нұрсұлтан, Шымкент қалаларындағы карантин талаптарының астын сызып тұрып көрсетіп, ресми құжатқа қол қойды да. Алайда құжаттағы карантин талаптары мен шынайы өмірдегі карантин бірдей  орындалып жатыр ма? Шымкент қаласындағы карантин жағдайындағы тіршілікпен арнайы танысып, назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

Карантиннің ең негізгі талабының бірі адамдардың бір бірінен ара қашықтығын сақтау болып табылады. Өкінішке қарай, Шымкентте бұл талапты орындау мүмкін емес екен. Неге? Мәселен, күн сайын қаланың атақты «Қырғы базары» таңғы алтыдан жұмысын бастап, түскі сағат екіде аяқтайды. Осы уақыт аралығында базарға арнайы барып, вирус таратудың төте жолына куә болып қайтты. Сатып алушылар таңғы алтыда бармаса да, сағат таңғы сегізден бастап базар маңы ығы жығы адамға толады.

Базар жабылғанша керегін алуға асыққандар вирустан қорғанайық деп ойлануға бас қатырмайтыны сөзсіз. Бәрі асығыс. Бір бірімен сүйкеліп өтіп жатқан, өзара жақыннан сөйлескен адамдар. Егер аты жаман аурудың таралуы ара қашықтықты сақтамаудан, жақыннан сөйлесу барысында адамнан бөлінетін сілекей тамшыларынын екені анық болса, онда Шымкенттегі «Қырғы базар» індет таратудың нағыз ошағы емес пе?

Шымкенттік коронавирустар шаңқай түсте көбейе ме?  

Карантиннің келесі талабы маскамен қорғану. Бұл талаптың да «Қырғы базар» маңыда орындалып жатқаны шамалы. Иегіне іле салған маскасын қажет кезде ғана көтеріп қоятын шымкенттіктер үшін тал түс болғанда ең бастысы мәселесі үйлеріне жету ғана. Базардан керегін алған соң, кері қайтуы үшін адамдар қажетті қоғамдық көлігіне тұра ұмтылады.  Бір бірімен иық тіресе, қатты қыстырылып автобусына кірген әрбір адам карантин талабын емес, үйіне жетуді ғана ойлайды.

Олай етпесе, таксистердің «тұзағына» түседі. Неге дейсіз бе? Өйткені шымкенттік карантин талабы бойынша қоғамдық көліктер таңнан түске дейін, сосын түсқайта төрттен кешкі сегізге дейін ғана жүреді. Осы уақыт аралығында өз автобусыңызға отырып үлгерсеңіз, үлгердіңіз, үлгермесеңіз такси тоқтатасыз. Ал такси бағасын әркімнің қалтасы көтере бермейді.

Автобустар мен газель маршруттарындағы жағдайды айтудың өзі артық. Бәрінде адам лық толы. Иін тірескен жұрттың мынадай аптап ыстықта, автобус ішінде маскасын иегіне іле салатынын ескерсек, шымкенттік карантиннің бұл үлгісіне еріксіз бас шайқайсыз. Кім кімді алдауда? Әлде оңтүстіктегі ағайын вирусты алдамақ па?  Базарды түгел жауып, қоғамдық көлікті тоқтатып тастау әрине, мүмкін емес те болар.

Алайда бұлай көзбояушылыққа салынғанша, базар жұмысын кешке дейін тоқтатпай, қоғамдық көліктерді уақытылы жүргізе беруге не кедергі? Бір сағатта біреуі келетін автобусқа жолаушыны лық толтырғанша, бәлкім жиі жиі жүріп тұрған автобуста за ғана адамды алып жүрсе, ара қашықтықты сақтау талабы да орындалмас па еді?

Жасырын жасалып жатқан жиындар аз емес

Алдау дегеннен шығады, Шымкенттегі шағын дүкендер де саудасын тоқтатпаудың ерекше тәсілін ойлап тауып қойыпты. Дүкендер негізінен кешкі тоғыздан кейін жабылуға тиіс екен. Былай қарасаңыз, шынымен де сол уақытта жабылады да. Алайда кейбір дүкендердің есігін ақырын ғана үш рет тықылдатсаңыз, түнгі он бір, он екіде де сізге қызмет көрсетуге дайын. Індеттің өршуіне де осылай жасырын жасаған әрекеттеріміз түрткі болмады ма? Қалай ойлайсыз? Жасырынып жұмыс істедік, сауданы тоқтатпадық. Жасырынып той жасадық. Жасырынып жаназаға жиналдық. Ақырында не болды?

Ал киім кешектен бастап, тамақ, тұрмыстық заттарын саудалайтын «Қырғы базардың» ішіндегі халықтың сапырылысын азсынсаңыз, дәл осы базардың сыртында киім де, тамақ та, көкөніс те сатылып жатыр. Тек түске дейін барып үлгеруіңіз керек. Түстен кейін «шымкенттік вирустар» өз қызметін бастайды ма, әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір қаланың қайнаған тіршілігі кешке дейін аздап саябырсиды. Карантиннің осындай шектеулерін енгізуге қаланың бас санитары Әбдіманап Түлебаев пен қала әкімі Мұрат ӘЙТЕНОВ рұқсат берген бе? Әлде әркім өзімбілемге салып, вируспен күрестің осындай режимін қолдануда ма?

Жалпы еліміздің бас санитары тарапынан бекітілген карантин талаптары қандай? Біз ең басты талаптарды ғана тізіп шықтық, олар: отбасылық іс шаралар, оның ішінде той, еске алу сияқты жиындар өткізбеу; жабық нысандағы азық түлік немесе азық түлікке жатпайтын тауар саудалайтын базарлардың жұмыс істеуіне тыйым салу; 65 жастан асқан азаматтардың әрі бері жүруін және үш адамнан көп жиналуға шектеу қою; қоғамдық көлік қатынасын шектеу; Бекітілген құжатта осындай шектеулердің Алматы, НұрСұлтан және Шымкент қалаларына тиесілі екені анық көрсетілген. Олай болса, Шымкенттегі біз көрген нәрселер нені білдіреді?

Отбасылық іс шаралар өткізбеу Шымкент үшін мүмкін емес болса керек, күні кеше ғана қаладағы бірнеше карантин талаптарын сақтамаған ойынханалар мен мейрамханалар анықталды. Бұл туралы ақпарат таратқан ERNUR.KZ. Шымкент қаласы Дулати көшесі №122 үйде орналасқан «Ықылас» кафесінің, сондай-ақ 24 шілде сағат 22:00-де Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің №25 Қаулысында көрсетілген талаптарды өрескел бұзған Сайрам көшесінің бойында орналасқан «КИНГ ХАУС» ғимаратындағы компьютерлік ойынхана жұмыс жасап тұрғаны анықталғанын хабарлады.

Рейдтік шара барысында дәл осы Сайрам көшесі бойында орналасқан «Сұлтан» кафесінің ішінде бір топ азаматтардың тамақтанып отырғаны анықталыпты. Бұл бір ғана рейд кезіндегі анықталғаны екенін ескерсек, оңтүстік өңірде карантин шектеулерін өз ыңғайына қарай өзгертіп, талай дүниелер жасырын жасалып жатқанына күмәнданудың өзі артық ау. Ал ең бастысы, алдағы Құрбан айтта вирустар бұл өңірден үш күнге демалысқа басқа жаққа кете тұрар ма екен, әлде айтшылаудың да  белгілі бір уақыты, ережесі бекітіледі ме?

 

Меруерт ХУСАИНОВА,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер
Ұқсас жаңалықтар