Bloomberg: Ресей элитасы вирустан қорғайтын екпеге сәуір айында қол жеткізген

1529
Дәрігерлерлер коронавирус инфекциясынан қорғайтын екпені сынақтан өткізіп, еріктілерге салып жатыр.

Ресейдің саяси және бизнес элитасы Гамалеи атындағы ұлттық зерттеу орталығының тәжірибелік екпесін салдыруға сәуір айында қол жеткізген. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады. Агенттіктің жазуынша, екпе жүздеген адамға егілген. Екпе салынғанын агенттікке ондаған адам растаған, бірақ олардың аты-жөндері айтылмайды.

Еріктілер вакцинацияға тегін қатысқан. Оларға вакцинаның екі дозасы салынған.

Агенттікке сұхбат берген топ-менеджерлердің бірі түрлі жиындарға қатысып, әдеттегідей өмір сүру үшін екпе салдыртқанын айтқан. Оған екпенің кері әсері болмаған. Дегенмен сынаққа қатысқан кейбір адамдар дене қызуы көтеріліп, бұлшықеттері ауырғанын жеткізген.

Вакцина алғандар арасында ресейлік инвестиция қорының жетекшісі Кирилл Дмитриев пен оның отбасы да бар. Бұл ақпаратты Дмитриевтің өзі хабарлаған және «Русал», «Фосагро» компанияларының топ-менеджерлерлері де растаған. Ал компания түсініктеме беруден бас тартқан.

Ресей президенті Владимир Путин немесе президент әкімшілігінің өкілдеріне екпе салынды ма, жоқ па әзірге белгісіз. Агенттіктің жазбаша сауалына президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жауап бермеген. Bloomberg-тің жазуынша, үкімет мүшелері де ақпаратқа түсініктеме бермеген.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер
Редакция таңдауы