Тоқаев: Экономика әлсіреді, табыс азайды, инфляция өсіп жатыр. Дағдарыс күшейеді

1618
Медқызметкер тұрғындардың бірінен анализ алып жатыр. Алматы, 2020 жылдың маусымы.

"Мемлекеттік басқаруды қайта құру" туралы мәлімдеме, тағы да тапсырмалар тізбегі және "үкіметке" ескерту. Елде індет тарап, жағдай қиындап жатқанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 шілдеде үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізіп, қол астындағыларды тағы да сынап, мінеді. Елдегі жағдайды соғысқа теңеді.

8 шілде күні республикалық телеарналар эфиріне шыққан Тоқаев коронавирустың өршуіне бұрынғы денсаулық сақтау министрі мен "шабан" әкімдерді айыптаған. Екі күннен соң ол басқа да шенеуніктерді сынады.

10 шілдедегі жиында Тоқаев үкімет әкімдердің жұмысын қадағаламай, "үлкен қателік жіберді" деп мәлімдеді. Кінәлілерді іздеу мұнымен аяқталған жоқ. Тоқаев шенеуніктердің "қателігін" арнайы комиссия анықтайтынын айтты. Бұл арнайы комиссия "ревизия жүргізіп", Тоқаевтың өзіне "ұсыныс" білдіруі тиіс. Есеп комитетіне коронавируспен күреске бөлінген қаржының қайда жұмсалғанын тексеріп, "әр министр мен әкімге қатысты қорытынды шешім шығару" тапсырылды.

КОРОНАВИРУС ДАҒДАРЫСЫНА КІНӘЛІЛЕРДІ ІЗДЕУ

Тоқаевтың бұл сыны елде ауруханаларда орын тапшы болып, пневмония (бұл дертке шалдыққандардың көбінен коронавирус табылмады, бірақ дәрігерлер жазда пневмонияның өршуіне коронавирус себеп дейді) өршіп тұрған тұста айтылды. Елде мыңдаған адам коронавирус тестін тапсыра алмай жүргеніне, дәріханада дәрі тапшылығына, дәрігерлердің жетіспеушілігіне шағымданып жатыр. Қазақстандықтар билік көктемдегі екі айлық төтенше жағдай уақытында індетке дұрыс дайындалмады деп сынайды.

"Жағдайға байланысты тергеу жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тарту керек. Міндетті медициналық сақтандыру қорының және "СК Фармация" (дәрі-дәрмекті жеткізуге жауапты дистрибьютер – ред.) басшыларын жұмыстан алып, қажет болса оларға қатысты тергеу жүргізу қажет. Эпидемия кезінде пайда тапқысы келгендерді қатаң жауапқа тарту керек" деді Тоқаев (10 шілде кешкісін "СК Фармация" компаниясының басқарма төрағасы Шәріп Берік пен Міндетті медсақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұловтың қызметтен кеткені хабарланды).

Үкімет отырысынан тікелей трансляция болған жоқ. Ақпарат құралдары премьер-министр Асқар Мамин, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой және бірнеше аймақтың әкімі есеп бергенін хабарлады.

Ақорданың Twitter аккаунты Тоқаевтың сөздерін қысқаша ғана беріп отырды.

"Тағы бір кемшілік. Біз жұмыстың тәсілдерін үнемі өзгерте береміз. Бұрынғы басшылық аяқ астынан науқастарды симптомды және симптомсыз деп бөлу керек деп шешті. Қазір бұл әдістемеден бас тарттық. Міне, осындай әрекеттер халық арасында күмән туғызады. Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы уақыттың жеткілікті болғанына қарамастан, індетпен күреске тиісті деңгейде әзірлене алмады. Науқастар саны және басқа да көрсеткіштер бойынша олардың жасаған барлық болжамдары қате болды" деп Тоқаев бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа сын жаудырды.

Тоқаев Біртановты маусымның соңында отставкаға жіберген. Ол сәтте Біртанов коронавирус жұқтырып, емделіп жатқан еді.

Коронавирустың бар-жоғын тексеретін тестілеу орталығында тұрған адамдар. Алматы, 8 шілде 2020 жыл.
Коронавирустың бар-жоғын тексеретін тестілеу орталығында тұрған адамдар. Алматы, 8 шілде 2020 жыл.

Елде коронавирус жұқтырғандар 54 мыңнан асып кетті. Бірақ денсаулық сақтау министрлігі вирус жұқтырғандар ресми статистикадан көп деп отыр. Жағдай ушыққан соң билік жыл басынан бері екінші рет карантин жариялады. Қазақстанда қызмет көрсету саласындағы кәсіпорындардың жұмысы тоқтады. Қалалар арасында автобуспен жолаушы тасымалдауға 65 жастан асқандарға сыртқа шығуға тыйым салынды.

Үкімет бұл шектеу елде инфекция тарауын тоқтатуға көмектеседі деп сенеді. Кейінгі апталарда елде күніне 1500-ға жуық адамнан вирус табылып жатыр. 8 шілдеде 1962 адамнан вирус табылып, антирекорд тіркелді. 5 шілдедегі карантин екі аптаға созылады.

Елде наурызда коронавирус жұқтырған алғашқы адам табылғанда билік бірден төтенше жағдай жариялап, жұрт екі ай қатаң карантинде отырған.

"Қалыптасқан ахуал екі аптадан кейін жақсарады деп үміттенемін. Олай болмаған жағдайда, жалпы үкіметтің осы құрамда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайды. Дағдарыспен күреске ақша бар, қажетті заңды шешімдер қабылданды. Сондықтан қайта өңдеу саласының өнімдерін, құрылыс жұмыстарын және инвестиция көлемін азайтуға негіз көріп тұрған жоқпын. Үкімет жағдайды реттеуі тиіс. Бірінші кезекте, дағдарысқа қарсы қабылданған шешімдерді тиімді түрде жүзеге асыру керек. Жаңа карантин шараларды экономикалық жағдайды тіпті қиындатуы мүмкін" деді Тоқаев.

Тоқаев экология, білім, технология мәселелерінде айтты. Ол қыркүйекте басталатын жаңа оқу жылына дайындықты сынады. Елде қыркүйекте сабақтар қашықтан оқытыла ма, әлде оқу орындарында өте ме әлі белгісіз.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ БОЛЖАМ: "ДАҒДАРЫС КҮШЕЙЕДІ"

Тоқаевтың сөзінше, карантин мен мұнай бағасының төмендеуі "бюджет түсімінің бірден қысқаруына әкелді". Ел бюджеті биыл 1,7 трлн теңге (4 млрд доллардан астам қаржы) жоғалтты.

"Бюджетті Ұлттық қордағы трансферттер ғана ұстап тұр" деді Тоқаев.

Биыл Ұлттық қордың трансферті 4,7 трлн теңгеге (11 млрд доллардан астам) жеткен. Ел бюджетінің үштен бірі 20 жыл бұрын болашақ ұрпаққа деп құрылған Ұлттық қордың трансфертіне тиесілі (2020 жылдың алғашқы жартысында Ұлттық қордың активтері 4 млрд долларға төмендеген)

Уалихан Қайсар: Ескі президенттен қалған ескі үкімет мәселені шеше алмайды

Уалихан Қайсар: Ескі президенттен қалған ескі үкімет мәселені шеше алмайды

Коронавирус дағдарысы кезінде Қазақстан халықаралық институттардан да ақша іздеп жатыр. Наурызда қаржы министрлігі сыртқы нарықтан 3 млрд доллар алу жоспарын айтқан. Бірақ билік кейін бұл идеядан бас тарттық деген еді. Маусымның соңында Азия даму банкі коронавирустың қоғамға, экономикаға, денсаулық сақтау саласына кері әсерін азайту үшін миллиард доллар пакетті мақұлдағанын хабарлады.

Үкімет отырысында жыл басынан бері Қазақстан экономикасы 1,8 пайызға төмендегені, қызмет көрсету саласы 5,6 пайызға қысқарғаны айтылды. Маусымның қорытындысы бойынша, жылдық инфляция 7 пайызға төмендеген. Билік жыл соңына дейін инфляция 11 пайызға дейін жетуі мүмкін дейді.

Тоқаев "дағдарыс күшейетінін" мәлімдеді. Ол үкімет мүшелері мен президент әкімшілігінің қызметкерлері жазда еңбек демалысына шықпайтынын жеткізді.

"Біз соғыстамыз" деді Тоқаев.

"Ұлттық экономиканың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыратын жүйелі реформалардың уақыты келді. Әсіресе денсаулық сақтау, білім беру, экология, төмен көміртекті технологияға көңіл бөлу керек. Бір сөзбен айтқанда, экономиканың бетін халыққа бұру қажет. Дағдарыс қоғамдағы әлеуметтік диспропорцияны, халықтың жергілікті және орталық билікке сенбейтінін көрсетті. Мемлекеттік басқаруды қайта құру керек" деді ол.

Тоқаев сөзінің соңында үкіметті тағы да сынап, шенеуніктерді "білімді, шешім қабылдай алатын, бастамашыл, іскер әрі адал" деген талаптарға сай келетінін я келмейтінін "ойлануға" шақырды.

Министрлердің Тоқаев сөзіне қандай реакция білдіргені белгісіз. Үкімет сайты күннің екінші жартысында Асқар Мамин сөзінен құрғақ мәтін жариялады. 54 жастағы Мамин 2019 жылы ақпанда премьер-министр болып тағайындалған. Оны бұл қызметке сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев (былтыр наурызда президенттіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде билікке әсер етіп отыр) бекіткен еді.

Назарбаев президент кезінде де үкімет отырысында министрлерді жиі сынайтын. Ал үкімет мүшелері оның сынын тыңдап, үнсіз, бас шұлғып отыратын еді.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер
Редакция таңдауы