Ұйғырға қазақтай жағдай жасаған халық жоқ

15296
Adyrna.kz Telegram

Мен ұйғыр ұлтын ес білген кезде-ақ көрдім. Себебі, өскен ауданымыз Ұйғыр ауданы болған соң көресің. Бертін келе әке-шешеміз Шонжыға көшкенде ұйғыр балалармен талай асыр салып ойнадық та. Көкемнің қол астында да ұйғырдың талай ақжарқын азаматтары жұмыс істеді. Алла нәсіп етіп университет бітірген соң Р.Б.Сүлейменов Атындағы Шығыстану Институты нда еңбек жолым басталды. Ал, онда "Ұйғыртану орталығы" жұмыс істейтін. Онда да Қашқар бектерінің тұқымы, ұйғыр зиялыларының шоқтығы биік тұлғасы - Коммунар Талиповпен, зиялы жан Сауд аға Моллаудовпен (жандары жанатта болсын), басқа да өзіміз қатарлы жастармен қоян-қолтық жұмыс істедік. Одан кейінгі істеген жерлерімізде де ұйғыр халқының өкілдері болыпты, әлі де бар.
Хооош, солардың бірінен де артық, қисық әңгіме естіп көрмегенмін. Алайда, соңғы кездері өзім туған өлкедегі ұйғыр ағайындардың оспадар қылықтары туралы көп естіп жүрміз.

Өткенде ғана дәл осы ауданның Ақтам, Тиірмен ауылындарында орын алған оспадарсыз жағдайдан көбіңіз хабардарсыз. Алматы облысы әкімнің дер кезінде қабылдаған шешімінің арқасында құдай сақтап ел тыныштығы сақталды. Ал кешегі жағдайдан кейін Шонжыда қандай шиеленіс болғанын БАҚ-ы арқылы біліп жатырмыз. Екі күндік сапары осы оқиғаға тура келген Амандық Батталов әкім де шұғыл түрде жиналыс өткізгенде аудан жастарының ең бірінші қойған талабы аудан атын өзгерту болыпты. Бұл соқтасы піскен мәселе. Басқасы басқа ұйғыр ағайындардың қандай алқаға түсіп айтысса да қазақ бауырларына деген реніші, өкпесі болмауға тиіс. Неге дейсіз ғой?

Осыдан аттай 150 жыл бұрын қытай қырғынынан бассауғалап келген ұйғырлар мен дүңгендерге Тазабектей сұңқарды сатып кеткенін де кешіріп қазақтар пана болды ма? Болды. Одан кейін 20 ғасырдың басындағы Шелек өңірінде болған ұйғырлар қырғынында талай ұйғыр балаларын қазақтар "өз балам",-деп алып қалып аман-сау өсіріп ақар-шақар ел етті ме? Етті. 1938 жылы Алтай қазақтары бастап, артынан Іле, Тарбағатай қазақтары қостап, "Үш аймақ" көтерілісі шығып ізінше Шығыс Түркістан құрылды ма? Құрылды. Соған бастық бола қалайын деген қазақ болды ма? Жоқ.
Елімізде ұйғыр газеті, театры, телеарнасы, оқу орындары, басқа диаспораларда жоқ "Ұйғыртану орталығы" бар ма? Бар. Соларды жауып тастайық деп жатқан қазақтар бар ма? Жоқ. Ұйғыр ауданында шыны керек қазақтан гөрі ұйғыр ағайындар ауқатты тұрады. Жалпы Қазақияда кедей ұйғыр жоқтың қасы. Бизнестеріне біреу кедергі жасай ма? Жоқ.

Алайда, қазақтардың ұйғыр туыстарына өкпелері бар десек жаңылмаймыз. Оның басы сонау И. Юсупов ҚазақКСР-ң тізгінін ұстаған кезде басталды. Хрущевпен ауыз жаласып қазақ жерін бөлшектегені бар. Құдай оңдағанда (әлде қазақтың бағына) Хрущевтің билігі баянды болмай шықты. Болмаса не боларын құдай біледі. "1986 жылы қазақ жастары қанға бөгіп жатқанда бір топ ұйғыр қаймақтары М.С. Горбачевтің атына Қазақстан Ұйғыр автономиясын құрып беруін өтініп хат жазған", - деген қаңқуды да құлағымыз шалған. Алайда, ондай қаңқуға сене қоймадық. Тәуелсіздік алған жылдары да бір топ ұйғыр ағайындар Бельгиядан саяси баспана да сұрады Қазақстаннан қысым көргенін айтып.

Кешегі облыс әкімімен болған жиналыста ұйғыр ақсақалдарының біреуі "Шонжының атын өзгертсек өзгертейік. Аудан атына тиіспейік",-депті. Бұл ел болатын адамның сөзі ме? Ақсақалы сөйтіп тұрса жастарына не деп болады?
Айналайындар-ау "е, айналайындар. Отан ортақ. Отанымыздың тыныштығы үшін аудан атын өзгертсек өзгертейік. Бізді айдап салып жатқан 3-ші бір күштер (сол жиында айтылған) берекемізді қашырмасын. Аты өзгерсе де бәрібір халқы қалады. Панфилов, Шелектегі бауырлар да келбетін жоғалтпай отыр ғой",-деуге болатын ба еді? Ел қамын шын ойлаған жандар болса әбден болатын еді.

Шынына келсек, басқа диаспора өкілдеріне дәл қазақтардай кеңдік танытып отырған ұлт жоқ. Алысқа бармай-ақ, Өзбекстан мен Қырғызстанға барып көріңіздерші. Біздегі жағдайдың біреуі жасалып па екен? "Бәріміз мұсылманбыз",- депті бір азамат. Одан да "біз бауырлас халықпыз",-деп неге айтпайды? Демек, ондай идеология жүрмейді. Екіншіден, жақында бір Америка ұйғырлары партиясының "АҚШ Ұйғыр мемлекетінің тәуелсіздігін мойындады",-деген фейк хабарламасының уатсапта тарап жүргенін көріп қалдым. Содан желбуазданып біраз жастар көпірсе керек. Құдай-ау мұның әншейін ойын екенін орта білім алған адамның өзі де біледі ғой.
Хош, сонымен Шонжыға барған Баталов мырза біраз қордаланған жағдайлардан хабардар болып, шешуді қолға алатынын айтып, уәде беріпті. Бұйырса, оңынан болар.

Ағайындар, тәуелсіздік талай ұйғыр азаматтарының арманы болғанын білемін. Тілеулерің қабыл болсын! Алайда, оған жетудің жолы бауырыңның бауырын ою деп кім айтты? Оу, туыстар-ау, атасы басқа, діні басқа неміс пен кәріс, гректер өздерінің тарихи отандарына қайтып кетсе де Қазақстанды, қазақ ұлтын ұмытпай әрдайым алғыспен еске алып отырады. Бұл - тектілік. Текті боп қалайық, ағайын. Тәуелсіздік тек қазаққа ғана керек құндылық емес. Осы Отанды мекендейтін барша ұлыстарға да керек нәрсе. Қызық. Бала кезімде бауырларыммен шекісіп қалсам үлкендер "ей, төбет! Саған не жоқ? Сен үлкен емессің бе?",-дер, менікі дұрыс болса да ұрсып, жығып беретін. Кейін есейгенде "сен үлкенісің. Бар жауапкершілік сенде",-дейтін болды. Дегенмен, көңілде орынсыз естіген ұрысың тұрып тартыншақтайсың ше? Қазақтың күйі де сол. Дегенмен, 30 жыл өтті ғой. Енді ақ пен қараны айыра алатын кез келген шығар?

Сөз соңы: Ұйғыр ауданын "Қарадала", иәки "Шарын",-деп өзгертейік десе ала тақиялы ағайын өре түрегеліпті. Қарадала ұғымын "қап-қара тақыр",-деп қабылдапты. Жоқ, ағайын "қара" сөзі иісі Түркі халықтарында "ұлы", "үлкен" дегенді білдіреді.

 Досым Зікірия

Пікірлер