Тойларға мораторий жариялануы керек пе?

4261
Adyrna.kz Telegram

Осы аптадағы қоғамда талқыға түскен тақырыптың бірі – еліміздегі тойларға мораторий жариялау. Аталған мәселенің көтерілуіне abai.kz порталында жарияланған филолог, саясаттанушы Оралбек Өтеғұловтың еліміздегі тойларға 5 жылдық мораторий жариялау туралы ұсынысы болатын.

 Қазақ қоғамындағы дарақылықтың, қарызға батудың, білім сапасы төмен болуының астарында той синдромы жатыр деп біледі автор. Қазаққа той қажет пе? Мораторий жариялауға қоғамның көзқарасы қандай? деген мәселе төңірегінде «Адырна» ұлттық порталы әр сала өкілдерінің пікірін білді.

Зинат ҚАСЫМОВА, дәстүрлі әнші: Той – халықтың қазынасы. Думанды жақсы көретін, думандатып жүретін қазақ үшін тойдың орны ерекше. Еліміздегі әншілердің көбісі өз несібесін тойдан тауып, отбасын асырап жүр. Бірақ соңғы жағдайлар еліміз үшін де, әншілер үшін де қиынға соқты. Көп тойларды халық кредит алып жасайды, артынша шығынға батады. Бұны құп көрмеймін. Алайда, «Жалғыз қызын ұзата алмапты», «Баласына той жасап бере алмапты» дегеннен гөрі, қолда бар дүниемен шағып болсын той өткізген дұрыс. Ал тойларға түбегейлі мораторий жариялау керек дегенге қарсымын.

Саягүл БІРЛЕСБЕК, айтыскер ақын: Той жасау – қазіргі қазақтың жалғыз қуанышы. Себебі, қарапайым халық ешкімге керек емес. Бір-біріне тілек айтып, марқайып, көңіл көтеріп, қуанышымен бөлісу арқылы өздерін адам ретінде сезінеді. Сол үшін миллиондап кредит алып, банкке бәленбай жыл қарыз болуға дейін барады. Себебі, той – қуаныш! Тойға мораторий жариялау керек деген мәселемен келіспеймін, атамзаманнан қазақ тойсыз болмаған. Адам дүниеге келгеннен, дүниеден өткенге дейін аралықты тоймен өткерген. Бірақ қазіргі заманға, экономикалық талаптарға сай мораторийдің орнына, той жасаудағы адам саны, оған кететін шығын деген мәселерге шектеулер болуы керек. Бұл ысырапшшылдықтың, халықтың қарызға белшеден батуының алдын алады.

Айбек БЕСТЕНҚҰЛОВ, асаба: Той – қазақтың ажырамас бөлігі. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда туған-туыспен, дос-жаранмен қуанышыңды бөлісіп, атап өткенге не жетсін?! Тойды доғару керек дегенмен келіспеймін. Бұл асаба ретінде өз қамымызды ойлағандықтан емес, себебі жаратқан ешкімді несібесіз қалдырмайды. Той болмаса да басқа тіршілік табылады. Тойды доғару керек деп жүрген кісілерді түсінемін. Себебі қазақ ұят болмасын деп шамасы жетсе де, жетпесе де 6-8 сағаттық той үшін кредит алып, қаншама жылға қарызға кіруі жанға батады. Халық қиналып, ұзақ жылдарға қарызға кіргенін қаламаймын. Сондықтан, тойды доғару керек дегенше, ысырапты азайтып, барымен базар әркім шама-шарқынша қуанышты атап өту керек деп ойлаймын.

Сағатхан ҚАШҚЫНБАЕВА, мұғалім: Соңғы жылдары той шектен тыс көбейіп кетті. Ағайын-жұртпен қуанышты бөлісу деген жақсы. Бірақ әр нәрсенің өзінің шегі бар. Көрпеңе қарай көсіл дегенді қазақ бекер айтпаған. Біз әсіреқызыл, еліктегіш халықпыз. Көп жағдайда той жасамасақ анау не дейді? Мынау не дейді? анадан асып түсейін, мынадан асып түсейін деген жалған намыс алға шығып кетеді. Қазақтың туысы көп екенін білеміз, бірақ тойға туыстың туысын, таныстың танысын шақырып адам санын көбейтудің қажеті жоқ. Жақын деген 40-50 адамды шақырса жеткілікті. Егер де жалпыхалыққа 4-5 жылдық мораторий жарияласа, қос қолдап қолдаймын. Меніңше, халық осы мәселені іштей күтіп жүр. Қазақ кредит алып той жасағанша, кәсіп ашсын, ойлансын, ғылым-білімге ұмтылсын.

Ағын АЙДЫН, «Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер