Қайырымдылықтың қайнар көзі жастардан басталады

1202

Қазақ қашанда көмекке әзір. Оны дәстүріміздегі асардан бас­тап, күні кешегі Арыстағы жарылыстан соң жұмыла бас қосқан елден байқауға болады. Соңғы кездері халық «кең болсаң, кем болмайсың» деп, көмек керек дегеннің көпшілігіне жәрдемдесіп, сұрағанның қолын қайтармай келеді. Алайда жеке пайдасы үшін қайырымдылық атын жамылып, қарақан басын ойлайтындар мен «көмекке мұқтажбын» деп алдайтындардың саны көбейіп барады. Қайырымдылық қорлары мен ұйымдарының жұмысын кім қадағалап, қай мекеме реттейді?

Қазіргі кезде қайырымдылық жасау телефонның бірнеше батырмасын басумен-ақ шеші­летін болды. Бастысы – ниет. Есепшот деректері болса, мобильді қосымша арқылы үйде отырып, ақша аударасыз, одан бөлек ғаламторда краудфандинг деп аталатын ақша жинау мүмкіндігі бар. Әлеуметтік желіде қолдау сұрау, одан қалса оқырманы көп блогерлер мен танымал тұлғаларды араға салу да сәнге айналды.

Charities Aid Foundation халықаралық қайырымдылық ұйымы 2016 жылы жүргізген сауалнама нәтижесінде, қайы­рым­ды­лық жасау бойынша Қазақстан 140 елдің арасында 96-орында еке­ні белгілі болды. Ал көшті Мьян­ма, АҚШ, Аустралия бас­тап тұр. 2016-2017 жылдары рохинд­жа мұсылмандарын жаппай қыр­ған мьянмалықтардың қайырым­дылық индексі бойынша алғаш­қылардың бірі болу күмәнді емес пе? Онымен қоса әлемде бай­лығымен аса көзге түспейтін Тү­рікменстан 15-орында. Сауалнама әр елде 1000 адамның арасында жүргізілгенін ескерсек, нәтиженің объективті екені күдік туғызады.

Бүгінде елімізде «Дара», «Сәби», «Ниет», «Бауыржан», «Добровольное Общество Мило­сер­дие» сияқты қайырымды­лық­пен айналысатын ұйымдар мен Асқар Жакулин атындағы, Болат Өтемұратов атындағы жеке қайырымдылық қорлары бар.

Аружан Саин жетекшілік ететін «Добровольное Общество Милосердие» қайырымдылық қоры 2006 жылы негізі қаланғаннан 2018 жылға дейін 348 баланың еміне 2 млн АҚШ долларынан асатын қаржы жинаған. Ал 2018 жылдың өзінде қорға 281 млн теңгеден астам қаражат түскен. Оның 16,5 млн теңгеден көбі SMS-тен түскен қаржы. Мұнымен қоса отандық компания­лар да қайырымдылықпен айналысады. 2016-2017 жылдары еліміздегі компаниялар қайырымдылық пен демеушілікке 131 млрд теңге көлемінде қаржы бөлгені белгілі болды. Аталған ұйымдар тек науқастардың еміне ақша жинап, мұқтаждарға көмек қолын беруден бөлек, халықты мектеп, аурухана, спортзалдармен қамтамасыз етеді.

Дегенмен елімізде қайырымдылықты бақылайтын жүйе мен арнайы  мекемелер жоқ. 2015 жылы 16 қарашада «Қайырымдылық туралы» заң қабылданды. Алайда, заңда қайырымдылық жұмыстарын бақылаушы, жүйелеуші мекеме көрсетілмеген.

Осы орайда «Қайырымды жандар» еріктілер тобының жетекшісі Назерке Базарбековамен тілдестік. Назерке көмек сұрап келіп, алдап, ақшаны басқа мақсатта жұмсаған азаматтардың болғанын айтты. «2016 жылы Жәнел атты сіңліміздің операциясына ақша жинадық. Ем аяқталған соң, анасы Ақмарал Жақсылықованың донорға ақша бермей, Алматыдан пәтер сатып алғаны белгілі болды. Бұл іс сотқа дейін жетіп, Ақмарал Жақсылықоваға ақшаны қайтару керек деген үкім шығарылды. Қазір ол айлық табысына сәйкес ақшаны бөліп қайтарып жатыр. Мұндай оқиғалар аз емес. Қайырымдылық қорға көмек сұрап хабарласып, еріктілерге арнайы жалданған, тұруға қолайсыз пәтер көрсетіп, «күйеуім қайтыс болды» деп те көмек алатындар бар. Біздің ереже бойынша емге жиналған ақша аурухананың шотына аударылады. Эльмира деген азаматша ауруханаға емес, дәрігерге ауда­руды сұрап, оған үлесін беріп, операция жасатпай, ақшаны алып кеткен жағдай да болды. Бірақ біз ақшаны қайтардық», деді Назерке.

Қазір қайырымдылық қорлары туралы ақпаратты алдын ала тексерген жөн. Өйткені ұйымдардың жұмысы арнайы мекеме тарапынан бақыланбайды.  «Қолдарына жәшік ұстап, үй аралап, көшеде көмек сұрайтындар да көбейіп кетті. Қайырымдылық ұйымдарына келіп, процесін біліп алған соң, өз пайдасын ойлайтындар да болады. Дегенмен алаяқтарды анықтаудың бірнеше тексерілген жолы бар», дейді Назерке Базарбекова. Оның айтуына қарағанда, еліміздегі қайырымдылық ұйымдары өзара ақпарат алмасып, тіпті көрсететін көмегіне дейін бір-бірімен ақыл­дасып отырады екен.

Назерке Базарбекова еріктілермен бірге қайырымдылық қорларының жұмыстарын жүйелейтін жобаны дайындап жатқанын жеткізді. «Егер де орталықтанған жүйе болса, барлығы ашық әрі заңды болады. Мәселен, көмекке мұқтаж адам арнайы тексерулерден кейін деректер қоры тіркеледі. Жәрдем берушілер сол деректер қорынан қарап, тиісті мекемеге хабарласып, көмектеседі. Атқарылған шаралар мен жиналған ақшаның қайда жаратылғанын да сол жерден көріп отыруға мүмкіндік болады», деді еріктілер тобының мүшесі.

АҚШ-та қайырымдылық қорлардың жұмысын салық комитетімен қатар Федералды тергеу бюросы, бизнес бюросы мен ішкі кірістер қызметі бақылайды. Мұхиттың арғы жағындағы елде қайырымдылық қорын тіркеу де қиын. Ал біздің елдегі ережеге сәйкес, ұйымның мақсаты мен міндеті туралы жазылған хат пен басқаратын бірнеше адамның құжаты қажет. Көршілес Ресейде де бұл мәселе шешімін таппай отыр. Әлеуметтік желіде алдап кеткендер мен алданғандардың оқиғасы өріп жүр. «Экономика жоғары мектебі» зерттеу институтының мәліметінше, әрбір үшінші ресейлік қайырымдылыққа ақша бөледі екен. Ал олардың барлығы бүгінге дейін межелі же­ріне жетпеген. Бұл тұрғыда да Ресей сарапшылары мен қоғамдық ұйымдардың өкіл­дері қайы­рымдылық атын жамылған теріс ниет­тілерге нүкте қоятын шаралардың қажет­тілігін айтты.

Көмек көрсетпес бұрын ақпараттарды тексерген абзал. Өйткені жәрдем беремін деп, алаяқтардың қалтасын қалыңдатуыңыз әбден мүмкін. Әйтсе де, мұқтаждарға қолұшын созып жүргендер қоғамымызда аз емес. Филантроптардың жұмысын қадағалап, жүйесін реттейтін шаралар мемлекет тарапынан қолға алынып, бақыланса, жиналған қаражаттың да шын мұқтаждарға жетіп, халықтың да сенімі арта түсері сөзсіз.

Пікірлер
Редакция таңдауы
Серіктестер/Партнеры
Студия IMA - создание сайтов Доставка цветов Астана - Lova Buket