Жастарға артылған үміт пен сенім...

4179
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан! Жарастығымыздың да, жақсылығымыздың да, тыныштығымыздың да қиясы, махаббатымыздың ұясы - Қазақстан! Талай-талай қас батырлар жанын қиып, қасық қаны қалғанша күрескен, талай нәзік жанды аруларымыз құрбан болған, талай өзек өртер зардаптар мен көзге еріксіз жас ұялатар қуанышты сәттердің куәсі болған Отанымыз - Қазақстан!

Қазақстан - кең байырлы, көп ұлтты, баршаға құшағын жая ашқан, бейбіт, тәуелсіз мемлекет. Біздің ғаламат жерімізде сан дәуірдің сарабдал шежіресі жатыр. Біздің жерімізде не болмады десеңізші?! Біздің халқымыз не көрмеді?! Біздің еліміз ұлт болып, мемлекет болып, көк туымыз ашық аспанда желбіреп, әнұранымыз шарықтай айтылып, тәуелсіз ел болып қалыптасқанымыз Қазақ Ұлтының, Халқының жемісі. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі қазақ халқының сан ғасырлар бойы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр» деген сөзі бар. Осы уақытқа дейінгі жерімізде болған оқиғаларды сатылап айтар болсақ, шегіне жете алмаспыз, сірә. Халқымыздың өрлігі мен ерлігі біздің ұлан ғайыр жерімізді бүгінгі ұрпаққа, бізге, жеткізді. Қайсар да батыр халқымыз бізге осынау бейбіт заманды тарту етті.

Мен шексіз, шетсіз, асыл дүниелерге бай, киелі де шырайлы жерім үшін, қайсар, батыр, батыл, рухани қазынаға бай елім үшін қазірден-ақ еңбек етуге дайынмын! Қазіргі таңда Қазақстан түрлі салада қарыштап даму үстінде. Мәдениетіміз өсіп, тарихымыз тазаланып, сөздік қорымыз молайып, жылдан жылға көркейіп, өркендеп келеміз. Елбасымыз бен Президентіміздің бастауымен біз әлі де биік белестерді бағындыратынымызға мен кәміл сенемін!

Жас ұрпақ, бізге артылған сенім мен үміт мол. Еліміздің кез-келген азаматы елін сүйсе, елдің дамуына әрқайсысы өзінше үлес қосса, еліміз әлемге танылып, жаһандану дәуіріндегі алпауыт мемлекет боларымыз хақ. Өзімізге артылған сенім мен үмітті абыройлы атқарып шығуымызға тілектеспін, жас дос!

Қарайлап көк аспанға жарқыраған

Жер бетінде көздерінен жас тамған

Осынау қиын кезден сапарлатып

Жетті-ау халқым, Тәуелсіздік басты арман.

Қиындық, босып кету болды заман,

Халқымыз арайлаған таңды аңсаған.

Ерлік пен елдікті сақтау үшін

Талай қазақ бұл жолда болды құрбан.

Елімнің нәрі болды, көзі болды

Елтаңбасы, өзінің туы болды.

Тебірене толқытып шырқалатын

Әнұраны қашанда биік болды.

Тәуелсіздік- елімнің ерлік жолы,

Бабамның салып кеткен теңдік жолы.

Қастерлеп, қасиеттеу бұл ұғымды

Біздегі басты міндет, сенім жолы.

Менің халқым ержүрек, қайсар, батыр,

Қаныма сінген менің әр жахұты.

Әр сөзі көл көсір болса нақыл

Орны толмас жас ұрпақтың бақыты.

Мен елімді, жерімді, халқымды , тілімді сүйемін. Ең бастысы Қазақстан деп соққан жүрегімді сүйемін!

Милена Камелова,

Әл Фараби атындағы ҚазҰУ Филология және әлем тілдері факультетінің студенті

ғылыми жоба жетекшісі Ф.Қозыбақова,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих және археология, этнология факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры.

 

Пікірлер