Мәдиге қатысты бір оқиғаның баяны

3136
Adyrna.kz Telegram

Көрнекті жазушы, композитор, өнер зерттеуші Ілья Жақановтың «Аққу әні» кітабындағы (Ақтөбе: «А-Полиграфия» ЖШС – 2008 ж.) «Үшқара» эссе-реквиемін қызыға оқып шықтым. Әйгілі ақын-композитор Мәди Бәпиұлы жөнінде баяндалған оқиғалардың бірінде менің аталарыма тікелей қатысты тұсы бар екен. Басты кейіпкердің аузынан шыққан сөздерді еш өзгеріссіз келтірейін.
«… Асан руының ішінде Есмағамбет деген кісі болған. Оның үлкен ұлы Хасеннің Бибігүл, Уәзипа деген қыздары бар екен. Бибігүлді Әбжанның Мүсілімі алады. Бір жылдан кейін үлбіреген Бибігүл дүние салады. Мүсілім балдызы Уәзипаға үйленеді. Бір жыл өткен соң Мүсілімнің өзі қайтыс болады. Мүсілімнің жылын бергеннен кейін оның есуастау інісі Мәжін «Уәзипаны алам» деп шатақ шығарады. Уәзипа не істерін білмей зар илеп, басын тауға да, тасқа да ұрады. Қайын атасы Әбжан қатал, қыңыр кісі екен. «Уәзипаны Мәжінге алып берем» деп, ол сіреседі. Қыздың өз әкесі Хасен, үлкен әкесі Есмағамбеттер келеді, бәйек боп. Екі жақ келіспейді. Кетіседі. Ашынған Есмағамбет Әбжан ауылын шабады.


Әбжан Қақабайға барып шағым айтады. Қақабай: «қызды берме» дейді. Қыз әкесі Хасен бар жайды Мәдиге аян етеді. Мәди Уәзипаны құтқаруға бекінеді.
Әбжан Уәзипаны құлдыққа салып, жәбірлеп ұстайды. Есмағамбет қысып бара жатқан соң, ол Уәзипаны Айғыржал болысы Сейітқазының Нұртазасына алып қашады.
Тап сол жерде Талды өзенінің бойында Мәдилер жас бөрідей дүркіреген жігіттерімен қуып жетіп, Уәзипаны босатып алады.
Мұның арты, әрине, үлкен дау. Дауда билікті Жайсаң қажы айтады. Қақабай Әбжанды қорғамақшы болады, бірақ әбден беті ашылып, жауығып алған Мәди де жұлқынып шығып, сөзге араласып, Қақабайға сес білдіреді. Қақабай Мәдиге осы жолы «Қап, бәлем, көгерген көкбет, көрсетермін көрешекті» дейді. Бұл – 1910 жылдар болса керек...».
Алдымен, Ілья ағамның «Үшқарасында» жобалап айтылған мерзімді нақтылайын, оқиға 1919 жылы орын алған. Бұл кезде Қақабай (1835-1917) да, дауда билік айтты делінетін Жайсақ қажы (1854-1917) да (Жайсаң қажы деп жаңсақ жазылған) өмірде жоқ. Тіпті Әбжан да дүниеден көшкен, оның бәйбішесі Айбала да қайтыс болған. Оқырмандарға түсінікті болуы үшін әңгімені шежіреден бастап тарқатайын.
Арғын тайпасының қаракесек руына жататын біздің аталарымыз ертеде Бауыр Бошан елі атанып Едірей болысының аумағында (қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында) отырған. Жетінші атам Асан – Келдібек биден туған алты ағайынды Қаз дауысты Қазыбек бидің інісі болады.
Шежіре аңыздарында бабамыз әрі жаужүрек, әрі аңқау адамның кейпінде сипатталған. Жаугершілік заманында алыстан көрінген шаңды жаудың қарасы деп ойлап, сол жаққа тұра шауыпты. Қуып жетсе, жау дегені құйын болып шығыпты. Содан былай ел аузында «Құйын қуған Асан» атаныпты. Ұрпақтары негізінен сері мінезді және төбелес десе жанып түсетін қызу қанды болып келеді.
Асаннан – Ақкісі, Тастемір, Есіргеп туған. Жоғарыда аты аталған Есмағамбет – Ақкісінің ұрпағы болса, Әбжан – менің арғы атам, Тастемірдің ұрпағы.
Әбжан Тоқаұлы Баянауылдағы Сүйіндік-Қаржас руының Жәдігер атасына жататын Мыңбай деген адамның Айбала (1840-1919) есімді қызына үйленген. Мыңбай – академик Қаныш Имантайұлының атасы Сәтбаймен аталас ағайын.
Әбжан мен Айбаладан Әли (1862-1932), Мүсілім (1866-1918), Қани (1876-1933), Жәми (188?-1920) атты төрт ұл және төрт қыз туған. Мүсілім оқиғада баяндалғандай Есмағамбеттің Қасенінің (Хасен делініп жаңсақ жазылған) Бибігүл есімді қызына үйленген. Олардан Ыржас (1905-1932) атты ұл туған. Бибігүл қайтыс болған соң әмеңгерлік салтымен балдызы Өзипаны (біздің ақсақалдар осылай атайды) алған. Мүсілімнің өзі 1918 жылы дүниеден өтіпті. Келесі жылы марқұмның асы берілген соң «Ерден кетсе де, елден кетпейді» деген бұрынғының сөзіне сүйенген Тастемірден туған Қыстау әулетінің үлкендері Өзипаны Мүсілімнің кіші інісі Жәмиге (жарияланымда Мәжін делініп қате берілген) қосуды ұйғарады. Бірақ Өзипа өзінен жасы кіші және аурушаң Жәмиді көңілі қаламай, басқа қайнысы Қаниға тұрмысқа шыққысы келетінін айтқан. Атамыз бұл кезде қосағы Кәсіптен (1888-1938) бірнеше перзент көріпті. Оның үстіне әжеміз «Аттыдан жаяу жүріп кек алған» әйгілі ақын-композитор Жаяу Мұсаның қызы болса, үстінен тоқал алдырушы ма еді?..
Осы тұста бір қызық жайтты айта кетейін. Әжеміз Кәсіп 1905 жылы Едірейдегі Әбжан ауылына келін болып түскен күні біздің аталарымыз бір-біріне «әнді сен баста», «жоқ, өзің баста» деп, ойын-тойдың басталуын сөзбұйдаға салып отырған ғой. Сол сәтте шымылдық ішіндегі жас келін әкесі Жаяу Мұсаның «Баянауыл» әнін шырқап жіберіп, аталарымызды қатты ұялтқан екен...
Ал Кәсіптің жас жеңгесі Өзипа болса, Қанидан үміт үзе алмай, Жәмиге тигісі келмей, әрі-сәрі күйде жүрген. Ақыры, ойда-жоқта өзінде көңілі барын білдірген Ертіс жиегіндегі Айғыржал болысының бір жігітімен қашып кетіпті. (Бұл жігіт жоғарыда айтылған Сейітқазының Нұртазасы ма, әлде соның ауылынан ба, нақтысын айта алмаймын). Содан жесір дауы туындап, Қыстау әулетінің сойылсоғарлары әлгі жігіттің ауылының жылқысын барымталап әкелген. Көп уақыт өтпей ол жақтың адамдарының өздері Өзипаны еріксіз Әбжан ауылына алып келіп, жылқыларын айдап қайтыпты.
Міне, осы шақтан бастап ата-әжелеріміз Өзипаға қатты қорлық көрсеткен көрінеді. Бетіне күйе жағып, атқа теріс қаратып мінгізіп көпшілікке көрсеткен, «қарабет», «жүзіқара» деп ғайбаттап табалаған! Бұл жайтты естіген туыстарының бір тобы Әбжан ауылына тұтқиылдан тиісіпті. Іле қамсыз жүрген ер-азаматтарды соққыға жығып, Өзипаны алып кеткен. Әкеміз Бақтан Қаниұлы (1909-1995): «Ол кезде 10 жасар баламыз ғой, қорыққандықтан үйдің төбесіне шығып алып қарап тұрдық» – дейтін.
Содан не керек, Тастемірдің ұлы Қыстаудан туған Көшік, Қарпық, Жанақ, Тоқа, Тінәлі, Аббастың әулеті жиылып, мәселені Қос төбенің бауырында білектің күшімен шешуге уағдаласыпты да, Есмағамбетке хабар жіберген. Ол да қаймықпай күш сынасуға баратынын айтыпты.
Қос төбе – Павлодар облысы Май ауданының Ақшиман ауылы мен бұдан бұрынырақ Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданына қараған Айрық ауылы арасындағы төбе. Соның етегіндегі жазықта ертеде аламан бәйгелер өткізілген.
Біздің аталарымыз белгіленген уақыттан бір күн бұрын Үшқараның түбіндегі Мәдидің Сары апаны басына жиналыпты. Ту бие сойып ет жеп, қымыз ішіп, төбелеске кәдімгідей дайындалған. Мінерге аты жоқ ағайындардың бір-екеуі құрықтарын сүйретіп Едірейден 25 шақырым жердегі Үшқараға жаяу жетіпті.
Қос төбенің түбіндегі ұрысқа екі жақтан жүз шамалы әлді жігіттер қатысқан. Солардың бірі аталас ағайынымыз Қабыкей Бейсенқұлұлы (1902-1990) ақсақал сөзін «Өзипа соғысында...» деп бастап алып, оқиғаның ұңғыл-шұңғылына дейін майын тамыза әңгімелеуші еді. Атамыздың айтуына қарағанда, Мәди және Қыстау әулетінің үлкендері: ауылдың биі Қыдырбек Аббасұлы (1849-1930), ауылнайы Қани Әбжанұлы, тағы басқалар төбе үстінде ұрысты бақылап тұрған.
«Өзипа соғысында» біреудің басы жарылған, біреудің қолы сынған. Бірақ әбден күрделеніп түйінделіп қалған мәселе шешілмеген. Ақыры, Семейден арнайы келген сот екі жақтың ақсақалдарының басын қосып, бәтуаға келтіріпті.
Қабыкей атамыз – Мәдидің екінші әйелі Динаның туған бауыры. Осы себепті және ауылы Үшқараның түбінде, Мәдидің ауылымен көрші отырғандықтан Мәди бабамыз жайында білетіні көп еді. Атамыздың бәйбішесі Тиыштуған әжеміз де көргені мен көңіліне түйгені мол зерделі кісі болатын. Солар секілді ата-әжелерімізден естіген әңгімеге өз пайымдауымды қосайын.
Бейсенқұлдың қызы Динаны алған Мәди – Қыстау әулетіне күйеу. Егер өз қайынжұртына бүйрегі бұрмаса, қарсы шабуы неғайбіл, шынтуайтын айтқанда, бостекі сөз. Бір өкініштісі, жарияланымдағы 1919 жылы Мәди мен өмірде жоқ Қақабайдың бір-біріне жұлқынып сес көрсету оқиғасына аңғал оқырмандар сеніп қалуы мүмкін. Соның салдарынан, ағайындылардың өштесуіне Асанның екі ұлының ұрпақтары арасындағы жесір дауы себеп болыпты деп ойлауы ықтимал. Шындығында, Мәди мен Қақабайдың арасындағы дау-дамайдың өзге мәселелерге байланысты 1905 жылы басталғаны мұрағаттық құжаттарда көрсетілген.
Кезінде үлкендерімізден естіген әңгімені қағаз бетіне түсіргенмін. Бірақ бертін келе Асан бабамыздың екі ұлы Ақкісі мен Тастемір ұрпақтары арасындағы қақтығыс өнегелі іс емес қой, мұны кейінгі буынның білмегені жөн деп ойладым да, жазғандарымды жойып жібердім. Дәл сол оқиға кейін баспасөз бетінде басқаша сипатта көрініс береді деп ойламаппын. Енді жадымды жаңғыртып, ескі әңгімені есіме түсіріп отырған жайым бар.
Мәди бабамызға қатысты осы оқиғаның баяны өзім сыртынан аса құрметтейтін Ілья ағамның назарына ілінсе екен деймін. Егер Ілекең бұл жазбаммен танысса «Үшқара» эссе-реквиемінің біреулердің айтуымен жаңсақ жазылған тұсын қайта қарайтынына бек сенімдімін.

Арман ҚАНИ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
Павлодар қаласы.

Пікірлер