«Шу басылсын, көзіңе көк шыбын үймелетемін»: Жамбыл облысында басшылықтан қысым көрген дәрігерлер жұмыстан кетпек

5720
Adyrna.kz Telegram

Меркі аудандық ауруханасында болған жағдай министрге жетті

Жамбыл облысында «Дипломмен ауылға» бағдарламасымен аудан орталығына келген жас дәрігерлер жұмыстан кетуге мәжбүр. Коронавируспен күресіп жатқан олар Меркі аудандық орталық ауруханасын басқарып отырған апалы-сіңлілі туысқандар тарапынан қысым көріп отырғандарын айтады. 84 мың халықтың денсаулығына жауапты аурухана қызметкерлері тиісті жабдықтар берілмегендіктен, масканы да өздері тігеді деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

АУДАНДА БІР ДӘРІГЕР КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРДЫ

Бұған дейін дәрігер-инфекционист Толқынай Ордабаева өзінің коронавирус жұқтыруына Меркі аудандық ауруханасының басшыларын айыптаған еді. Үш күннен бері коронавирус індетімен күресіп жатқан Толқынай мекеме басшылығының немқұрайлығынан дертке шалдықтым деп отыр.

«Ыстығым 39-40 градусқа дейін көтерілген еді. Қазір түсті. Бірақ коронавирусқа қарсы ішіп жатқан дәрілер өте ауыр болғандықтан, азқазаным да ауырып жатыр. Тамағы жақсы, бірақ бөлме аңырап тұр, терезеден суық соғады. Екі адам жатырмыз. Маған қауіпті кесел карантинде жатқан науқастардан жұққан.

Орталық аурухана әкімшілігі қысым көрсетіп, медициналық бетпердені өзімізге тіктірді. Аурулармен тікелей жұмыс істесек те қажетті қорғану құралы берілмеді. Ауырып тұрғанның өзінде, жұмыстан босатқылары келмеді. Өйткені, өзге инфекционист вирус жұқтырудан қорқып, келмеді», - дейді Тараздағы инфекциялық стационарда короновирустан емделіп жатқан Толқынай Ордабаева.

АУРУХАНА БАСШЫЛЫҒЫ АПАЛЫ-СІҢЛІЛІ ТУЫСҚАНДАР

Министр Біртановқа дейін шағымданған дәрігер-инфекционист  карантиндегі науқастарға қосымша тексеріс жасалмай, үйлеріне жіберілгенін айтады. Оның сөзінше, аймақта вируспен күресіп жатқан  дәрігерлерге мүлдем жағдай жасалмаған. Меркі аудандық орталық аурханасын апалы-сіңлілі туысқандар басқарады.

«Біздің аудандық аурухананың бас дәрігері  медицина саласына еш қатысы жоқ, экономист Данияр Нүсіпбаев деген 1988 жылғы жас жігіт. Медицинаны мүлдем түсінбейді. Ал бүкіл істі жүргізіп, аурухананы басқаратын - Жаңыл Шойбекова. Шойбекованың туған сіңлісі аурухананың бас бухгалтері. Бұл екеуі де Жамбыл облысы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың туған балдыздары.  Сондықтан ойларына келгендерін істеп отыр. Жұмыстан шығару, жұмысқа алу, ақша алу  қалыпты жағдай», - дейді Т. Ордабаева.

Таразда емделіп жатқан Толқынай Меркі аудандық орталық ауруханасына осыдан екі жыл бұрын жас маман ретінде келген. Дәрігер-инфекционист коронавируспен ауырып жатса, басшылар қолдау көрсетудің орнына, мәлімдемеден кейін қудалауды бастағанын айтады. Оның кабинетіне тінту жүргізіп, жүздеген медициналық маска, қолғап, тағы басқа да қорғаныш құралдарын тапқан. Сөйтіп, коронавирусқа қарсы қорғаныш құралдары берілмеді деген мәлімдемені жоққа шығарған.

БҰҒАН ДЕЙІН 8 ЖАС МАМАН КЕТІП ҚАЛҒАН

Толқынайдың сөздерін басқа да әріптестері растап отыр. Қаламқас Төреқұлдың сөзінше, ауруханада басқа да заңға қайшы әрекеттер болған.

 «Толқынайдың кабинетін тінтіп, бәлен дүние таптық деп жатыр. Полицияны ертіп алыпты. Ауруханада камералар жоқ. Кімнің не әкеліп тастағанын дәлелдей алмайсың. Осындағы стоматолог, хирург, онколог бірнеше дәрігер барып, бұларың ұят, Толқынайдың кабинетіне күнде кіреміз, мұндай заттар болмаған деп айтып кеттік. Үн жоқ. Маған қарсы да арам әрекеттер ұйымдастырылды. Былықтарын беттеріне айтқанда, менің үстімнен  тұрғындар арқылы арыз жинаған. Облыста «крышамыз» бар, не істей аласыңдар деп айтады», - деді аталған аурухананың тағы бір дәрігері Қаламқас Төреқұл.

Суретте: Меркі аудандық ауруханасы

27 жастағы жас маман Қаламқас өзіне бөлім меңгерушісі Гүлмира Манақбаева, Жаңыл Шойбекова және Ішкі аудит жетекшісі Смағұл Серкебайұлы қысым көрсеткенін айтады. Ол қажетті қорғаныш құралдары қызметкерлерге шынымен берілген жоқ деп отыр. Сондықтан, басқа әріптестері секілді Қаламқас та өзіне маска тігіп алған.

 «Заңсыздықты айтқанда келісімге келейік деді Шойбекова. Әр жазба сақтаулы менде. Әлі стреспен жүрміз. Бастықтар «шу басылсын, біріңнен кейін біріңнің көздеріңе көк шыбын үймелетеміз» деп қорқытып жатыр.  Осы жерден қалай да кеткім келеді. Бұған дейін 8 жас маман кетіп қалды. Дипломмен ауылға деп берген мемлекеттің ақшасын да қайтарып, кетіп қалғымыз келеді.

Екі жылдан бері бұлардың былықтарына шыдап келеміз. Тіркеудегі тұрғындардың денсаулығына деп миллиондап ақша бөлінеді. Учаскелік дәрігер, медбикелердің шотына артық ақша аударады. Дәрігерлерден 70-80 мың, кіші қызметкерлерден 30-40 мың теңгені қайтадан өздерінің кабинеттеріне алдыртады.

Мектеп директорлары дейсіз бе, бастықтарға жұмысқа жарамсыздық парағын аштыртады. «Науқастар» келмесе де олардың ЖСН-ін жібереді де, аш дейді. Міне, менде скриншоты да бар топқа жіберген. Ондай өтірік парақ білініп қалса кейін кім жауап береді? Бас дәрігер анау қызметтік көлігінің нөмірін 088 деп туған жылымен бірдей етіп жасатып, әйелін тасып, дүкен аралап жүр», - деді  заңсыздықтарды жіпке тізген дәрігер Қаламқас Төреқұл.

Суретте: Меркі аудандық ауруханасың бас дәрігері Данияр Нүсіпбаевтің қызметтік көлігі 

«ДИНАСТИЯМЫЗБЕН ДӘРІГЕРМІЗ» - АЙЫПТАЛУШЫ ШОЙБЕКОВА

Ал Меркі аудандық аурханасы бас дәрігерінің орынбасары Жаңыл Шойбекова өзінің облыстық денсаулық басқармасы басшысымен жақындығы бар екенін жасырмай, сіңлісі Замира Мұқанованың да осы ауруханада бас есепші екенін  растады.

«Олардың айтқандары шындыққа жанаспайды. Толқынай келген сайын өзі қолдансын деп  қорғаныш құралдары беріледі медбикесі екеуіне. Ол инфекциялық ауруларды қарайды. Сондықтан үнемі қорғаныш костюмдері беріліп тұрады. Ол бәрін өзінің ойынан шығарып жатыр. Өздері сондай адамдар, арызды жаза береді жан-жаққа. Жұмысымызға бөгет жасап отыр. Сіңілім 20 жылдан бері осында, қазір бас бухгалтер. Облыстық басқармадағы күйеу балам да университет бітіргелі осы медицина саласында. Династия болып жұмыс істейтін отбасылар бар ғой», - деді медицина саласында өзінің 34 жылдық тәжірибесі бар екенін ескерткен Жаңыл Бейсенқызы.

«МЕН ЭКОНОМИСПІН» - БАС ДӘРІГЕР

Меркі аудандық орталық ауруханасында 126 дәрігер мен орта дәрежелі 411 қызметкер жұмыс істейді. Олар аудандағы 84 мың халықтың денсаулығына жауапты. Өзара тартыс толастамай тұрған аурухананың бас дәрігері қазір комисися келіп, тексеруді бастап кеткенін айтты.

«Бас дәрігердің міндетін атқарушы болып отырғаныма 6 айдай болды. Мен экономиспін. Шойбекова - менің орынбасарым.  Ал оның сіңілісі  Мұқанова - бас бухгалтер. Қажетті қорғаныш құралдары бар. Басқа ештеңе айта алмаймын», - деді Меркі ауданы орталық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Данияр Нүсіпбаев.

Дәрігерлер істі прокуратура тексеруі керек деп санайды. Өйткені, басшылыққа қарсы шыққан жас дәрігерлер облыстан келе беретін комиссияға да, ішкі аудитке де сенбейді.

«Маған да, жанымдағы хирургке де індетке қарсы костьюмдер берген жоқ. Жұқтыру қаупі бізде де жоғары. Бір айға жеткізіңдер деп, екі сағатқа қана жарайтын маскадан үшеу берді. Амалсыз таныс іздеп, маска тігушілерден сатып алуға тура келді. Әріптесіміз жұмыста жүріп, коронавирус жұқтырды. Онсыз да стресс алған адамды керісінше,  қолдау керек,  қудаламай. Отбасымен басқарып отыр дегенді жауапты органдар бағалап, шешім шығаруы тиіс»,- деді аталған аурухананың дәрігер-травматологы Хамза Селимов.

Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Диас Ахметшәріптің сөзінше, іс министрдің тікелей бақылауында. Тексеріс қортындысы кейін жарияланады.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Пікірлер