Дәрігерлер алдап жатыр ма?!...

2844
Adyrna.kz Telegram

Кешеден бері осында Қазақстанда коронавирус дертіне шалдыққан 600-ден аса адамның 120 адамы, яғни, 19%-ы дәрігерлер деген дерек тарады. Өте қорқынышты, және алаңдарлық дерек. Себебі, инфекцияның нағыз ошағы болған Италияның өзінде бұл көрсеткіш 14% болса, Испанияда 12%, Германияда 2,5%, Қытайда 4% аспаған. Ал бізде – 19%! Яғни, дертке шалдыққандардың бестен бірі деген сөз!
Ендігі қызықты қараңыз. Осында желі қолданылушылары арасында «Президент Тоқаев дәрігерлерге беретін өсімпұлды белгілегеннен кейін, дәрігерлер осылай жаппай жұқтыра бастады немесе жұқтырдық деп өтірік ақпарат бере бастады» деген пікірлер бой көтере бастады. Мұндай пікір білдіру – жұмсартып айтқанда, қиянат («иттік» деуге біраз достарымның көңіліне келер деп, тежеліп отырмын), достар!
Біз бір нәрсені ұғып алсақ. COVID-19 – «жұқтырсам, емделіп алам ғой!» деп тәуекелге баратын, нақты вакцинасы, штамы бар сіз бен біз білетін ауру емес. Оны елдегі аурудан айыққандардың санына, пайыздық мөлшерлемесіне қарап аңғаруға болады. Ал оларды емдеп жатқан дәрігерлер мұны бізден артық біледі. Бұл жерде былай айтқанда «русская рулетка» сияқты. Иммунитетің мықты,тамағың дұрыс, ұйқың, миың тыныш адам болсаң, Құдай оңдап, аталарың қолдап, дертті жеңуің мүмкін. Бұл бес қаруың сай болмаса, кеттім дей бер.
Ал енді, дәрігерлердің жағдайына тура қарайық. Әу баста осы індет басталғалы онымен бетпе-бет келген осы дәрігерлер. Олардың қатарына жалпы практикадағы (ВОП), учаскелік дәрігерлерден бастап, жедел жәрдем және интенсивті терапия дәрігерлеріне дейінгі дәрігерлердің тұтас армиясы кіреді. Төтенше жағдай жарияланбай отырып, мұның бәрі күнделікті сол науқастармен қоян-қолтық жағдайда жұмыс жасады.
Одан қала берді, соғыстың алғашқы жылдарындағы екеуара бір винтовка тиген аталарымыз сияқты, қорғаныш материалдары жеткіліксіз жағдайда, бір реттік қорғаныш киімін бірнеше рет жуып киіп, жұмыс жасады (бұл туралы да жазылды). Көпшілік дәрігерлерге маскалар жеткіліксіз болды. Сондай қарбалас жағдайда, маман тапшылығы болғандықтан, күн түн демей ұйқысыз, дұрыс тамақсыз осы елдің азаматтарын аурудан арашалап қалу үшін дамылсыз жұмыс жасады. Ақпарат үшін айта кетейін, тек Алматыдағы И.Жекенова атындағы аурухананың өзі күніне шамамен 140 адамға дейін қабылдап отырған! Дәрігерлер аяқта керзі етік, үстіде «скафандр», оның сыртынан дождевик сынды бір реттік жабын, бетте маска, оның сыртынан респиратор, көзде шаңғышылардікіндей көзілдірікпен тоқтаусыз аяқтарынан тік тұрып ұйқысыз қызмет еткен. Тамақ пен транспорт жағдайының қандай болғанын жаздық. Осында бәріміз жаппай шулап жүріп оны бертінде ғана түзеттік. Сонда, бүкіл ауасы ластанған жерде 24 сағат тоқтаусыз шапқылап, сілелейтін, ұйқы көрмеген, дұрыс тамақ ішпеген, психологиялық қысымда жүрген, иммунитеттері плинтустан төмен құлағаған дәрігерлер жұқтырмағанда, үйде карантинде диванда жатқан біздер жұқтырамыз ба?
Достар, егер мен қолымда зәкүн күші бар адам болатын болсам, дәл қазір сол өтемақыны инфекциялық жұқпалы ауруханаларда қызмет етіп жатқан әрбір дәрігерінен бастап, күзетшісіне дейін, олардан бөлек учаскелік дәрігерлерден бастап, кім осы дертпен күреске жанама болсын араласса, ешбірін алаламай бергізер едім. Себебі, олардың жеген асы – адал, еңбектері зор. Оған оларды сол өтемақы үшін ауру жұқтырды деп сәуегейсімей, солардың орнында бір күн жұмыс жасап көрсек көз жеткізер едік.
P.S. Айтпақшы, өтемақыға байланысты өткенде жазылған посттың нәтижесіне тоқтала кетейін. Алматыдағы И.Жекенова атындағы жұқпалы аурулар ауруханасының басшылығы өткенде өтемақыға қатысты жазылған посттан кейін, бактериологиялық лабороторияның қызметкерлеріне өтемақы беретін болыпты да, Лабороториялық бөлім мен зарарсыздандыру бөлімін (стерильный блок) әлі де шөміштен қағып отыр екен. Мұны «саботаж» деп атағаннан басқа сөз түспей отыр ауызға. Жағдай әлі де түзелмесе, Президенттің атына ашық хат жазу ғана қалады.

Нұраддин Садықовтың желідегі жазбасынан

Пікірлер