БАУЫРЖАН СЕРІКБАЕВ: Карантин мен кішкентай ғана вирус талай жыртығымызды ашып берді

3112
Adyrna.kz Telegram

Қиын кезеңдер біраз жыртығымызды ашып берді. Негізі бұрыннан білетін дүниелер ғой. Бірақ қазір көзімізге шұқып, қолымызға ұстатып көрсетіп берді.

1. "Цифрлы Қазақстан" деп миллиардтаған теңге бөлінді. Нәтижесі ұятқа қалдырды.

2. "Индустриалды-инновациялық даму" деп біраз шуладық. Мұнай 20 долларға жеткенде экономиканың жағдайы белгілі болды.

3. Лентасы кесіліп завод, фабрика аштық. Бірақ экономиканың өсуіне ықпалы болмады. Көбісі жабылып тынды.

4. ЭКСПО деп жобамен 3 млрд доллар жұмсадық. Солтүстік өңіріміз әлі күнге 6 ай қыста көмір жағумен келеді.

5. Банк секторы әр кризис сайын мемлекеттен көмек алудан басқаны білмеді.

6. 30 жылда нақты өнім өндіретін мемлекет бола алмадық.

7. Жемқорлық балабақшадан басталып, үлкен қыметке дейін шарықтап кетті.

8. Сауатты, бәсекелі саяси жүйе орната алмадық. Есі дұрыс оппозиция да жоқ. Кімге сенерін білмей дал болған қоғамымыз бар.

9. Сенім кредиті төмендеп барады. Күрделі экономикалық шешімдер жасауға қоғамның көңіл-күйі көтермейді.

10. 30 жыл әнші, биші, спортшылардан жұлдыз жасадық. Телеарнаны күлкі мен арзан ойын-сауық қаптады. Нәтижесінде бүгінгі қоғамдық деңгейді алдық.

Қазақстанда тиімді жұмыс істеп тұрған, өз басым қызметіне көңілім толатын "Kaspi Gold" қана. Мұны да көп көріп талқандап тынбаса екен.

Негізі карантин мен кішкентай ғана вирус талай жыртығымызды ашып берді. Енді бұрынғы жолға ешкімнің түскісі келмейді. Санада төңкеріс жүріп жатыр. Өзгеріс пен даму қажет. Толқыннан толқын туып, алдыңғы толқынды ығыстырар кез де келді. Бір өзгерістің керегі анық. Президентке құдай қуат берсін. Құдайдың бір аты халық деген. Халықтың қолдауын берсін. Альтернатива жоқ. Талай жылғы дүниені тазалау, кері нәтижесі жан-жақтан атқылап көріне бастаған заманда билікке келу оңай емес. Қиын шаруа бір басында.

Бауыржан Серікбаев

Пікірлер