Қ.Өскенбаев: Сатып алынған билеттер құны толығымен қайтарылады

2747
Adyrna.kz Telegram

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев «COVID-19» коронавирустық инфекциясын таратпау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. 

Вице министрдің дерегінше, қазіргі кезде теміржол саласында 125 мың, әуе қатынасында -  20 мың, құрылыста - 600 мың адам жұмыс істейді. Олар жұмыстан қысқартылмайтын көрінеді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, «Көлік бағыттарының онлайн картасын» әзірлеген. Осы картаның көмегімен онлайн режімде көлік қатынастарын қарап отыруға болады. Карантин енгізілген қалалар қызыл түспен белгіленіпті.

Вице министрдің айтуынша, теміржол қатынасында жолаушылардың жүруі  тоқтаған, бірақ жүк тасымалы бола береді.
"Теміржол көлігі саласында ел аумағында төтенше жағдай және жекелеген қалаларда карантиндік режім енгізілген сәттен бастап Қазақстан аумағына бағытталған көрші теміржол әкімшіліктерінің барлық халықаралық пойыздары, «ҚТЖ» ҰК» АҚ халықаралық жолаушылар және қаламаңы пойыздары тоқтатылды.
Еліміз бойынша қатерлі дертті жұқтырғандар санының артуына байланысты әкімдіктер теміржолмен тұрғындар қозғалысын қосымша шектеу бойынша шаралар қабылдады. Теміржол шаруашылығы қызметкерлерін тасымалдауға арналған пойыздарды қоспағанда Қазақстан аумағында қатынайтын барлық теміржол жолаушылар пойыздары тоқтатылды. Жалпы алғанда, 133 жұп жолаушылар және қаламаңы пойыздарының жүруі шектеліп, қалған 24 пойыз бойынша барынша сақтық шаралары қабылданады. Хабарласқан күніне қарамастан жолаушыларға сатып алған билеттерінің құны толық көлемде қайтарылады, - деп атап өтті.

Ал автомобиль көлігінің барлық түрлерімен Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолиямен екіжақты жолаушылар және жүк тасымалдау, оның ішінде 117 тұрақты бағыт, сондай-ақ транзиттік жолаушылар тасымалы тоқтатылған. Бірақ, бұл тыйым санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, жүзеге асырылатын халықаралық қатынастағы жүк автокөлігі құралдарымен жүк тасымалдауға таралмайды.

Өскебаев өңірлерде карантин енгізілгенге дейінгі және одан кейінгі автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалдауды шектеу бойынша ұсыныстар берілгенін хабарлады. "Ол автовокзалдар, автобекеттер мен жолаушыларға қызмет көрсету тіректері жұмысын, қалалық тасымалды қоспағанда автокөлікпен жолаушылар тасымалының барлық түрін тоқтату; тұрақты қалалық және қаламаңы автобус тасымалын 50%-ға және одан көп көлемде, сондай-ақ олардың тұрақтылығын шектеу; тұрақты қалалық және қаламаңы автобус тасымалының күн сайынғы жұмыс уақытын карантин енгізілген өңірлерде сағат 19-00-ге дейін, өзге өңірлерде сағат 21-00-ге дейін шектеу; қалалық және қаламаңы тасымалындағы автобус салондарында дезинфекция жасау жиілігін арттыру, қалаішілік такси тасымалын шектеу сияқты шараларды қарастырады", - деді вице министр.

Сондай-ақ, теңіз көлігі бойынша 5 наурыздан бастап Ираннан келетін жүк автокөлік құралдарын Ақтау және Құрық порттары арқылы өткізу тоқтатылған.

"16 наурыздан шетелдерден қайтып келе жатқан қазақстандық азаматтарды қоспағанда Ақтау және Құрық порттары арқылы жолаушылар тасымалдау толықтай тоқтатылды. Сондай-ақ, теңіз порттарына кіру кезінде шет ел кемелерінің экипаж мүшелерінің жағаға шығуына тыйым салынды. Бүгінгі таңда порттарда санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды күшейту бойынша қосымша шаралар қабылданып жатыр. Портқа келетін жүк автокөліктерінің барлығына дезинфекция жүргізіледі. Маңғыстау облысы әкімдігінің шешіміне сәйкес ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап порттардан шығатын транзиттік жүк автокөліктерін шекараға дейін шығарып салады", - деп атап өтті.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер