Атадан бата алған азбайды

3445
Adyrna.kz Telegram

Бата – қазақ халқымен ғасырлар бойы бірге өмір сүріп келе жатқан қасиетін, қадірін жоғалтпаған.

Қайта жылдар өткен сайын жасарып, жаңарып, ұрпақ санасында жаңғырып келе жатқан киелі ұғым. Қазақ жаңа тірлік бастағанда, сапарға шығарында, тіпті, ел қорғаған батырлардың өзі жорыққа шығарда сол елдің батагөй қарияларынан тізерлеп отырып бата алған. Батаға, әруаққа толық сенген, қастерлеген, пір тұтқан, ардақтаған халықпыз. Қанша қиындық көрсе де, небір қиын-қыстау жаугершілік қилы-қилы заманды басынан өткізсе де, жер бетінен жойылып кетпеген. Сол батаның күшімен өркен жайған, ұрпақ өсірген, білектің күшімен, найзаның ұшымен, астындағы баға жетпес байлығымен осыншама жерді иемденген батыр халықпыз. Халқымыз «Батамен ер көгереді, жауынмен жер көгереді» деп тегін айтпаған.

Бата – халқымыздың мәдени-рухани мұ­расы, ұлттың асылы, игілігі, өмір азығы, өне­гесі, қозғаушы күші, ұйыт­қысы, бере­кесі, бірлігі, елімізде атқарылып жатқан игі іс­тердің құтты қадамы.
Халқымыздың батаны пір тұтқан, құр­меттеген, сенген асыл қасиетін Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та жалғас­тырып келе жатыр. Халқымыз «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген, Президентіміз ал­ғаш­қы сайлауалды науқаны кезінде еліміздің қырық дуалы ауыз, батагөй қарияларын жи­нап бата алуы, өз жұмысын бас­тауы на­ғыз көрегендік, ата салтын, ғұр­пын сақ­тау­дың, құрметтеудің айғағы емес пе?!

Алғашқы Президентті ұлықтау рәсі­мі­нен кейін елімізге танымал қой шаруа­шы­лы­­ғын өркендетудің майталманы, Социа­лис­тік Еңбек Ері Жолсейіт Мол­даса­нов:
– Әумин десең міне бата,
Нұреке, дарысын басыңа Қызыр ата.
Қызырың қияласын,
Басыңа бақ-дәулет ұяласын.
Ойға барсаң ойдан алып,
Қырға барсаң қырдан алып.
Қазақ халқының атын әлемге таныт, – деп бата бергені белгілі.
Ақсақалдың сол батасы періштенің құлағына шалынып, міне Қазақстанды басқарып отырған Нұрсұлтан Әбішұлын дүниежүзі танитын болды. Дүниежүзінде абыройы бар, үлкен бітімгершілік қасиеті бар, алып тұлғаға айналды. Экономикамыз қарыштап дамып, халқымыздың әл-ауқаты жақсарып, экономикалық қиыншылыққа ұшыратпай, өсіп-өнген, әл-ауқаты мықты отыз елдің қатарына қо­сылуға талпынып жатырмыз. «Ұлық бол­саң, кішік бол» деп халқынан бата алған Елбасымыз жұмыс сапарымен Алматы облысына келгенде екі рет Жолсейіт Мол­данасовтың үйіне кіріп сәлем беріп шы­ғыпты. Бұл Елбасымыздың қарапайым­дылығының, өзі батасын алған елдің ақсақалына деген құрметі емес пе! Кейін Нұрекеңнің отырған орындығына ел бас­қарып жүрген аза­мат­тардың өздері ке­ліп, арнайы отырып, көр­ші-қолаң, ағайын-туыс балаларын әкеліп отыр­ғызып кететін болды, – деп еске алады Жолсейіт Молда­са­нов ақсақалдың немере інісі Мәли Жа­пақ­ұлы өз естелігінде. 
Міне, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бойындағы батаны, елдің біртуар азамат­тарын, елдің асылдарын құрметтейтін қа­сиетін Қызылорда облысының әкімі, Елба­сының сенімді серігі Қырымбек Елеуұлы Кө­шербаев жалғастырып келе жатыр. Біздің Сыр елінің ел басқарған азамат­та­рының дарынды, елге белгілі азаматтары бүкіл қазақтың абыройын қара нардай өрге сүйреген, Дала академигі атанған екі мәрте Социалисттік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев атамыздан бата алу дәстүрін жалғастырды. Қырымбек Елеуұлының әкесі Елеу ағамыз да көп жыл ел басқарған, Сырдың текті, абыройлы азаматтарының бірі еді. Қырым­бектің жас кезінен-ақ алғырлығын, ақыл-парасатын байқап, ел аралаған кезінде өзі­мен бірге алып жүріп, Сыр өңірінің белгілі азаматтарына, батагөй қарияларына бала­сы­на бата бергізіп, елдің от ауыз­ды, орақ тіл­ді қарияларының әңгімесін тыңдатады екен. Қырымбек жоғарғы оқу орнын бі­ті­ріп, қызметті комсомолдан бас­таған кезінде ар­найы келіп, Ыбырай атасының батасын алған екен. Міне, бүгін атадан бата алған Қырымбек Елеуұлы үш облысты басқарды. Сыр бойына келгелі өзінің ел бас­қару­дағы бай тәжіри­бе­лерін, білімін, қабілетін туған елін көркейтуге, дамытуға ар­нап жатыр. Қы­­зылорда облысы бұрынғы жыл­дары өзі­нің экономикалық, әлеуметтік са­ла­лар­дың дамуы бойын­ша респуб­ли­када соңғы орын­да болса, қазіргі таңда көп көр­сеткіш­тер жөнінен алдыңғы үштіктен орын алуда. Соң­ғы екі жылда Қы­зылорда облысы адам ба­сына шаққандағы әлеу­меттік салаға жұмсалатын шығыстар көлемі бойынша республикада бірінші орында. Әкімнің бастамасымен облыста VII рет Байқоңыр инвестициялық форумы өт­кі­зіліп, 333 млрд теңгені құрайтын 31 жоба халықаралық қар­жы ұйымдары және «Мем­лекеттік же­кеменшік әріптестік» не­гізінде іске асыру жоспарланып отыр. Дүниежүзіндегі дағ­дарыс кезеңіне байла­нысты респуб­ли­када мұнай өндіру күрт төмендеп, оның 2,6 млн тоннасы Қы­зылор­да облысының еншісінде болғандықтан облыс әкімі Сыр өңірінің болашағы метал­лургия өнімдеріне бай­ла­нысты болатынын болжады. Сыр өңі­рін­дегі Бала Сауыс­қандықтағы ваннадий өн­діретін «Балауса», полиметалл өндіретін Шал­қия кен орын­дарын дамытуды инвес­торлар арқылы қол­ға алып, келешекте сол кен орындарында жұ­мыс істейтін мамандар даярлауға Ресей­дің Москва және Санкт-Петербург қала­сының жоғарғы оқу орын­да­рында грантпен 321 Сыр өңірінің жас­тары білім алып жатқандығы облыс әкі­мі­нің Сыр елінің болашағына деген перзенттік қамқорлығы емес пе? 

Бір кездері облыста Ыбырай Жақаевтың орталықта тұрған мүсіні алынып, қаланың бір түкпіріне апарып қойылған болатын. Қырымбек Елеуұлы өзі келісімен Ы.Жа­қаевтың мүсінін қайтадан орталық алаңға әкеліп орнатып, аруақты қастерлейтін, ха­лық­тың тағзым ететін қасиетті орнына ай­налдырды. Осы жерден «Еңбек аллея­сын» ашты. Шарадан кейін атаның аруа­ғы­на ас беріліп, құран бағышталды. Бұл шара батагөй атаны құрметтеудің, батаны ардақ­таудың шынайы көрінісі болды. 

Сәбең де бата алған екен
Қазақтың атақты жазушысы Сәбит Мұқанов өзінің Ы.Жақаев туралы әйгілі «Сырдария» романын жазған кезде бір жылға жуық көктемгі жер айдау, тырмалау, күріш себу, суға бастыру, суда ұстау мен суды тоқтатып, күріштің пісу дәуірінде және орақ науқанын аяқтап, сүдігер жыртуды өз көзімен көріп, барып Алматыға қайтқан екен. Жақаев ауылындағы осы күнгі Қой­шыбай Оразымбетов көшесінің аяғындағы көлдің жағасына колхоз арнайы қараша үй тігіп, сонда демалып жатады екен. Бірақ, күнде таңертең таңғы шайды Ыбыраймен бірге ішіп, ол кісінің батасын алады екен,  деп оқиғаны көзімен көрген Ыбырайдың батасын таңғы шайда бірге алған бұрынғы Қызылту колхозының механизаторы, қа­зір­гі таңда Байсын ауылының батагөй ақсақалы Ысқақ Мақашев былай еске алады: – Жас кезім, колхозда механизатор­дың көмекшісімін. Бірде таңертең колхозға келсем, Жамсап деген трактор бригадиріміз бар болатын. Жастарға қарап – колхозға біраз уақыттан бері қазақтың атақты жазу­шысы Сәбит Мұқанов келіп, Ыбекең туралы кітап жазамын деп елмен, халықпен араласып жатыр. Күнде таңертең шайды Ыбекеңмен бірге ішіп, батасын алады екен. Сендер де жүріп Ыбекеңнің батасын алың­дар, әрі жазушыны көріп қайтасыңдар дегесін 5-6 жігіт Жамсапқа еріп барсақ, екеуі шайды ішіп болуға жақындап қалған екен. Біз нан ауыз тиіп болғасын Сәбит Мұқанов: – Жас жігіттер екен, мен күнде таңертең Ыбекеңе сәлем беріп, бата­сын аламын, сендер де бірге қол жайыңдар, – деп Ыбекеңнен бата сұрады. Жаймен ғана берді. Аяқ жағында елдің алды болың­дар деген жағын естіп қалдым. Құдайға шүкір жаман болғаным жоқ. Елдің алды болдым деп те айтуыма болады. Жасым 84-ке кетіп бара жатыр. Бала-шағам, бау-шарбағым аман. Атадан бата алғасын ба, батаны көңіліме медет қылып ардақтағасын ба өмірім жаман болған жоқ. Аллаға шүкір деп бала-шағамның қызығын көріп отыр­ған жайымыз бар, – деп сөзін аяқтады. Сол жылы қысқа қарай Ыбекең жолы түсіп Ал­ма­тыға барса Сәбең үйіне қонаққа шақы­рыпты. Астан кейін Сәбит Ыбекеңе бөлме­ле­рін аралатып көрсетіпті. Үйдің подвалы бар екен, онда қысқа дайындалған соғым­ның еті, үйрек, қаз, қырғауыл, қоян бәрінің еті бар екен. Жоғарыға шыққаннан кейін Сә­бең Ыбекеңе: – Биыл сәл қоңтор­ғай­лаумыз. Келініміз екеуміз айына 3500 сом ай­лық аламыз, – депті. Сонда Ыбекең жай­мен ғана күлімсіреп: – Сәбитжан-ау, сен мен туралы кітап жазам дегесін батаның шұрай­лы жерлерін шын көңілмен бер­ген­мін-ау деймін. Тұрмысың жаман емес екен ғой, – депті.

Ақын да бата алған
Биылғы жылы туғанына 125 жыл­дығын тойлағалы жатқан Ыбырай атамыз 1947 жылы 171 центнерден өнім алып дү­ние­жүзі­лік рекорд жасаған, сол кездегі күріш­тің отаны жапондықтар жағасын ұстап, кәрістер қайран қалған екен. Ал, өзі­міз­дің ғалымдар күмәнмен қарап, жоғарғы жақтан тексерулер басталады. Тексеру­лерден әбден шаршаған Ыбекең: – Ба­сымды қатырып мені неге кеңсеге шақыра бересіңдер. Жер әне, су әне, өнім әне, тексере беріңдер. Ал мен Айманкүлдің дауысын, Нартайдың әнін сағындым, – деп көрші ауылға кетіп қа­лыпты. Айманкүл – Әбділда Тәжібаевтың анасы. Ол да Ыбекең барған кезде құшағын жайып қарсы алып, өлеңдерін Ыбекеңе дауыс­тап оқып береді екен. Сол кезде жас Әбділ­да да Ыбекеңнің батасын алып, ақын­дықтың шыңына ұмты­лыпты. Аманкүл де Ыбырайға жиен екен. Әбділда да Ыбе­кең­мен түп нағашым деп әзілдесуді жақсы кө­реді екен.
Туған жерге табаным тисе,
Қара шалды іздеп барамын.
Жас кезімнен батаңды алып,
Өскен ақын балаңмын, – деп жырлауы да сол сыйластықтан туындаса керек. 1971 жылы 6 маусымда 80-ге толып, Социалистік Еңбек Ерінің екінші Алтын жұлдызы беріл­генде Әбділда Тәжібаевтың ағасының қуа­нышына жүрегі жарылып, «Ағатай» деген жүрекжарды лебізіндегі:
Сексенге жеттің қартайдың,
Сонда да келген жоқ әлі жантайғың.
Бауырым сымбатың неткен сом еді,
Сұңқылдап тұрған секілді жыры 
Нартайдың,
Топырақтың, судың, жарықтың,
Сырына қанық киелім,
Мен де бүгін сексенге келген тойыңда,
Ақ қырау басып шаршаған басымды
Алдыңда тұрып иемін, – деуі ағасына деген шексіз құрметтің, сыйластықтың белгісі болса керек. Бұл фәниде сыйласып өткен ақын жүрек пен қазақтың абыройын өрге сүйреген батагөй жүрек, бірі ағатайлап, бірі бауырым деп жанына тартып, қол ұстасып, бірге жүрген шығар...

Басынан сипағандар бақытты
Сыр бойының ардақты азаматы, сексен­нің сеңгіріне қадам басып, елдің ба­та­гөй қариясына айналып отырған Сейілбек Шаухаманов ағамыз 1989 жылы 23 тамызда Шиелі ауданына аудандық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланғаннан кейін бюро мүшелерін алып қалып, жабық бюро өткізіп, бюрода: – Мен қызметті бастағанда Ыбырайдың батасын алған адаммын. Сондықтан менің кабине­тімде, жұмыс столымда Ыбекеңнің бейнесі тұру екен, – деп тапсырма береді. Бірақ, өкінішке орай, бүкіл Шиеліден Ыбекеңнің бюсты табылмай көршілес Жаңақорған ауда­нынан табылған екен. Сол дәуірде біздің ауданда Ыбекеңді құрметтеудің, оны насихаттаудың өз дәрежесінде емес екенін Атамыздың 85 жасқа толған тойында қа­зақ­тың ақиық жазушысы Әзілхан Нұршайықов мінберде тұрып, сол кездегі аудандық пар­тия комитетінің хатшысы О.Бәйімбетовке қарап: – Ореке, сіздің ауданда Ыбырайды құрметтеу біздің Жазылбекті құрметтеуге қарағанда нашар екен. Сіздер біздерден көп қалып қойыпсыздар, – деп дөп басып айтқан екен.
Сейілбек Шаухаманов өзінің бата ал­ған, өскен, абырой алған Шиелінің киелі же­ріне аянбай қызмет жасады. Шиелі ау­даны сол жылдары 15000 га жерге күріш егіп, 500 000 ц күріш беретін іргелі ауданға айналды. Атаның батасы, елдің ықыласы Сейілбек ағамызды да биіктетті. Шиелі ауданынан орталық партия комитетіне жауапты ұйымдастырушы, Талдықорған облатком төрағасы болып, көп жыл Қы­зылорда облысының әкімі болды. Сейілбек ағамыздың бойындағы өмірі өзгермейтін қасиеті – өзінің атасы мен анасынан күнде таңертең тұрғанда, жұмысқа кетіп бара жатқанда бата алады екен. Батамен жатып, батамен тұрады екен. Батамен өсіп, батаны ардақтаған Сейілбек ағамыз да өз бойын­дағы барлық асыл қасиеттерін халқына аямай беріп келе жатыр. Облыстық арда­герлер кеңесі батаны насихаттауға мән беріп, «Ақ бата» кітабының екі кітабы жа­рық көрді. «Білгенге – маржан, білмегенге – арзан» деген айдармен 107 сұраққа жауа­бы және бірнеше кітаптардың авторы. Өзінің замандастары елдің біртуар азамат­тары жайлы толғаныстары халық көңілінен шығуда. Батаны құрметтеудің, ардақтаудың биік шыңы үлгісін Сейілбек ағамыздан көруге болады.
1982 жылдың қоңыр күзі болу керек. Мен ол кезде Еңбекші совхозында партия комитетінің хатшысымын. Совхоз ди­ректоры Жамалхан Баетовпен көрші тұра­мыз. Кешкісін үйге ауылдан Машбек деген ағамыз келіп еді, бірге отырып дәм татыңыз дегесін бардым. Машбек ақсақал өте байыпты, көрген, түйгені мол азамат екен. Түннің бір уақытына дейін әңгіме-дүкен құрдық. Сөздің арасында қасында 5-6 жа­сар Нұрлыбек деген баласына Ыбырайдың басына тағзым етіп, баламды аунатып алайын деп келіп едім, – деп айтып қалды. Үлкен балам Бердібек Москвада диссер­тация қорғайын деп жатыр еді, соны да мына директор ағасына айтайын деп едім, – деді. Сол атадан бата алған бала Нұрлыбек бұл күнде Қызылорда қаласын дөңгелетіп басқарып отыр. «Қыранның көзі қияда­ғыны шалады» дегендей, Шиелі ауданына әкім болып келісімен Ыбырайдың еш жерде ескерткіш бейнесі, сырттан келген қонақтарға көрсететін, атаның аруағын ардақтайтын ештеңе жоқ екенін байқап, бірден облыс орталығында тұңғыш Прези­дент атындағы паркті ұйымдастырып, көзге түскен елдің білікті азаматы Пердәлі Арқа­баевты ауданға алдырып, Жақаев атындағы саябақты жасады. Саябақтың төріне Ыбырай Жақаевтың биіктігі 3 метрлік ескерткішін әкеліп орнатқызды. Қазір ата атындағы саябақ Шиеліге көрік беріп, жастардың тағзым ететін, тәлім-тәрбие бе­ретін аудандағы бірден-бір тәрбие ошағына айналды. Биылға күріш егу алдында облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербаев мырза барлық аудан әкімдерін жинап, ата аруағына сиынып, құран бағыштатып, атаның көзі тірі ізбасары Социалистік Еңбек Ері 95 жастағы Шырынкүл Қазан­баеваны алдырып, бүкіл диқан қауымына бата бергізіп, күріш егуді бастауы ата аруа­ғын қастерлеудің, биіктетудің бір көрінісі болды. Атадан бата алған, батаны ардақ­таған, Шиеліде сайрап игілікті істерінің ізі жатқан, халықтың жүрегінде қалған Нұр­лы­бек ініміздің асар асулары мол болғай деген тілектеміз.
«Айқын» газетінің директоры, бас ре­дактор Нұртөре Жүсіп Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факуль­тетіне оқуға түскеннен кейін арнайы Алма­тыдан студент достары Дархан Мыңбай, Сапаралы Бейбіт бірге келіп Ыбырайдан бата алғанын өзі былай еске түсіреді:
– 1980 жылдың ақпан айында Қазақ мем­лекеттік университетінің журналистика факультетінің алғашқы курстың бірінші жартысын бітіріп демалысқа шықтық. 90-ға таяп қалған Ыбырай атамнан көзі тірісінде бата алсам ба деген ойым бар еді. Соны қа­сымдағы бірге оқитын, бірге жүретін дос­тарым Дархан Мыңбай мен Сапаралы Бей­бітке айтып едім, екеуі де «біз де барамыз, биылғы демалысты сенің ауылыңда өткі­земіз» деді. Сонымен үшеуміз ақпанның қарлы боранында жаяу – жалпы вокзалдан атамыздың үйіне келдік. Келіні Жалғас бізді күтіп, атамызға апарып таныстырып жа­тыр. Мына бала өзіңіздің Бәйтілес ініңіз­дің, Рабиға қарындасыңыздың баласы екен. Аты Нұртөре, қасында достары Дар­хан, Бейбіт ту Алматыдан сізге арнайы бата алуға келіпті десе: – Ту, Сонда Алматыдағы балалар да мені біле ме екен. Ойпырмай, а?! – деді де қасында жақындау отырған Бей­біттің иығына қолын салып, сен қай бала­сың, – деп жатыр. Бейбіт: – Мен Семейден, тобықтымын десе, – Иә, тобықты Абайдың елі емес пе, Абайды, Құнанбайды кім біл­мейді. Бабалардың аруағы жұғысты болсын, – деп басынан сипады. Дарханның қолы­нан ұстап отырып: – Денең шымыр, қада­мың нық екен, жаман болмайсың-ау, – деді. Арасында кейбір сөздерді екі рет қай­­­талап отырды. Бірақ, 90-ға жақында­ғанмен сөзі ширақ, ойы ұшқыр екен. Ара­сында Жалғас: Мына Нұртөре балаңызға бата беріңізші, – деп еді: – Бүкіл қазақтың баласы болсын, – деді. Үшеуміз де атаның батасы қабыл болсын, – деген ізгі тілекпен, атадан бата алғанымызға марқайып қайттық.

Ғұмыр жасы ұзарды
Ыбырай атасы туралы Социалистік Еңбек Ері 95 жастағы Шырынкүл Қазан­баева былай деп еске алады: – Біздің өміріміздің біраз уақыты атамызбен қатар­лас өтті. Өмірдің көп қиындығын, ашар­шылықты, Ұлы Отан соғысының отты жылдарын бірге өткіздік. Бірге еңбек еттік. Өзі туыс болғасын оңашада табағын алып, сәлем жасап, «көп жаса» деген батасын талай алдық. Сол батасының біреуі періш­тенің құлағына шалынған ба, қазір жасым 95-ке келді. Өмірдің қызығын көріп, тәуел­сіз еліміздің тыныс-тіршілігінің куәсі бо­лып, елдің батагөй қариясы болып, жас­тардың тілеуін тілеп отырмыз. Өткен жылы облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы келіп, жағ­дайыма байланысты жаңадан үй салып берді. Жаңа үйге кіргенде ішінің бәрін аудан әкімі Қайратбек інім екеуі жаңа жиһаз­дарға толтырды. Үйдегі келінім апам­ның төркіндері мықты екен, – деп әзіл­дейді. Атамыздың шапағатымен болған бір тір­лікті айтып кетсем артық емес шығар. Мен өзі екі қыз бала тудым да баладан тоқ­тап қалдым. Бір күні Ыбекең өзінен өзі: – Балам таршылық жасама. Жұмаділданың (күйеуім) артында ұрпақ қалсын, – деді. Мен оны неге айтқанын түсініңкіремей, көп­ке дейін өзім дүниеге тағы перзент әке­летін шығармын деп күтіп жүрдім. Бірде кешкісін Еңбекшіде Әбді деген жақын қайнағам бар еді. Сол кісі келіп: – Балам, мен енді ұзамаймын. Мына абысының әлі бала көтереді. Мына ініме Күлбазарды аманат етемін. Сен таршылық жасама, – деді. Сол кезде барып баяғы Ыбекеңнің айтқаны ойыма сап ете қалды. Ту жарық­тық-ай тегін емес екенсің ғой деп ойла­дым. Сол ағамыз көп ұзамай қайтыс болды. Жылы өткесін күйеуімді өзім ертіп барып абысыныма қостым. Бір жылдан кейін шекесі торсықтай ұл бала туды. Кіндігін Қантай деген абысыным бар еді, өздері Сырда тұратын, түн ішінде атпен алдырып, соған кескіздім. Атын ата аманатымен ар­манымызға жеттік қой деп Бақыт қойдым. Жарықтық пейіштің төрінде жүрген шығар, – деп сөзін аяқтады.
Шынында Шырынкүлдің де көп тірлігі ер азаматтың тірлігіндей ғой. Алла тағала бойындағы жақсы қасиеттеріне бола сонша жасты, бақ-дәулетті, абыройды бекер бер­меген ғой. Жар төсегін қызғанбай, қор­ланбай, өз қолымен күйеуін біреуге апарып беру екінің бірінің қолынан келе бермейтін, суреттеуге тіл жетпейтін, тек Шырынкүлдей алтындардың ғана қолынан келетін, ұрпақ­қа үлгі, өнеге болатын ғажайып тірлік емес пе?
Атасынан бата алған атамыздың келін­дерінің көбісі ғасырға жуық өмір сүріп отыр. Атасынан бата алған талай жылдар ау­данда басшылық қызметте болған ауданның «Бибіпатымасы» атанған Ұлман Мәміреева 94 жаста, Ыбырайдың жақын келіні, талай «көп жаса» деген батасын алған Бибіхан 96 жаста, өмір бойы Ыбы­райдың бригадирі болған Қойшыбай Ора­зымбетовтың әйелі Күлмарал 93 жаста, қарындасы Әбуқызы Күлажар 90 жаста. Ыбырай ағасы туралы Нұртөре Жүсіптің анасы Рабиға Бәйділдақызы былай еске алады: 
– Мен туыстық жағынан Ыбекеңе жа­қын болғанмен солардың әулетіне Боқаев Әбу ағамыздың үйіне келін болып түстім. Себебі, менің күйеуім ата-анасынан жастай жетім қалып, Боқаев Әбу ағамыздың үйінде екен. Әбу ағамыздың әйелі Наржанова Назгүл күйеуімнің әкесінің туған апасы. Ол кез қиын заман ғой. Мен бірден Ыбырай аға­мыздың звеносына сушы болып жұмыс­қа түстім. Жас кезіміз ғой, қайраттымыз. Менің жұмысқа ықыласым, күш-қайратым, ынта-жігерім ағама ұнаған болу керек. Өмірі «балам бақытты бол, көп жаса» дей­тін. Менің өмірімнің ұзақ болғаны, бала-шағамның қызығын көріп отырғаным бірін­ші Алладан шығар, бірақ ағамның ықыласынан, батасынан болды-ау деп ойлаймын. Құдайға шүкір, Алматы мен Шиелінің арасын жол қылып, немере­лер­дің, балалардың, шөберелердің қызығын көріп отырмын. Алматыға барсам Нұртөрем, ауылға келсем Бектөрем күтіп алады. Келіндердің аялы алақанын көріп, аталарының аманатын арқалап отырмын. Нұртөремнің бағы басынан кетпесін, бау-шарбағым аман болсын деп хақтан тілеймін, – деп сөзін аяқтады. 
1964 жылы облыста сол кездегі облыс­тық партия комитетінің идеология жөнін­дегі хатшысы Қ.Жарқынбековтің, облыс­тық комсомол комитетінің бірінші хат­шысы А.Айдосовтың басшылығымен облыста Жақаевшылар қозғалысы белең алды. Жастар мектеп бітірісімен күріш егуге комсомолдық жолдамамен кетіп жатты. Олардың барлық жерде Ыбырай атасынан бата алу дәстүрі жалғасып жатты. Жас­тардың арасында еңбекке деген жаңа­ша көзқарас, ынта-ықылас пайда болды. Дүниеге «Жақаевшылар маршы» әні келіп, ол жастардың сүйіп айтатын әніне айналды. Облыста пайда болған Жақаевшы­лар қоз­ғалысының нәтижесінде диқан атасынан бата алған ауданымызда еңбек озаттарының үлкен шоғыры пайда болды. Серікбай Бе­галиев, Дариха Сейітова, Күнімхан Бай­жігітова, Зухра Сағындықова, Шәркүл Мүсілімова, Цой Магельс, Закира Ержа­нова, Шаранбек Орынбаев басқаратын комсомол жастар бригадасы, Берікқара Әбжапбаров, Бағлан Әшірбеков, Рысбай Мәуленовтер ел құрметіне бөленді. 
Осы еңбек озаттарының арасынан қа­зіргі заман ағымына ілесіп, ауданда үлкен абыройға бөленіп отырған Бағлан Әшір­беков жайлы айтсақ артық болмас деп ойлаймын. Бағлан кеңес үкіметінің кезінде озат күрішші ретінде БЛҚЖО-ның ХVІІІ-ХІХ съездеріне делегат болып қатысты. 1980-84 ж.ж. аралығында пленум мүшесі болды. Гаванада өткен студенттер мен жастардың бүкілдүниежүзілік фестиваліне қатысқан, «Құрмет белгісі» орденің иегері. 1988 жылдан бері «Әшірбеков» шаруа қожалығын басқарады. Қазіргі таңда қожалық 700 га күріш, 250 га жоңышқа, 120 га бидай, 15 га мақсары егеді. Соңғы үш жылда жыл қорытындысымен озаттарға бір «Нива», екі «Джип» машинасын берген. Өзінің қарамағындағы жеті адамға үй салып берген. Аудандағы барлық іс-шара­ларға, тұрмысы төмен отбасыларына де­меу­шілік жасап келеді. 2015 жыл қоры­тындысы бойынша ауданның «Үздік меценаты» дипломымен марапатталды. Ал, сол кездегі Жақаевшылар қозғалысының белсенді мүшесі, БЛҚЖО-ның съезіне делегат болып қатысқан, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, көп жыл басшылық қызметте болған, қазіргі таңда ауыл арда­герлер кеңесінің төрағасы Берікқара Әбжапбаров өз естелігін былай айтады:
– Ыбырайдың батасын алған сол кез­дегі көп күрішшілердің бірімін. Мектеп бітірген кезде түгел сынып болып үндеу қа­былдап, күріш егуге қалдық. Ыбырай атамыздың қолынан еңбек аттестатын алып, батасын алдық. Күріш еккеннен жақсы өнім алып, Мәскеуге БЛҚЖО-ның съезіне делегат болып қатыстым. Қазақстан делегациясының атынан сөйлейтін болып, мінберге шықтым. Бізді залға қарап сөйлейсіңдер деп үйреткен. Мінберге шы­ғып залға қарап едім, залдағы адамдардың көзі ақбөкеннің көзіндей болып самсап, көзімді шағыстырып, қайтып қағазға қара­ғанда дым көрінбей, алдымдағы жазудың бәрі ағарып кетті. Шамалыдан кейін барып әріп көріне бастады. Тездетіп оқып шығып түсе бастадым, менің бағыма менен кейін РСФСР-дің делегаты сөйлейтін болып ор­ны­нан тұра беріп еді, дереу соның орнына отырып алып, шамалы демалып, тыныстап, өзіме-өзім келгеннен кейін өз орныма отыр­дым. Мені қарапайым қазақтың қара ба­ласын Мәскеудің төрінде сөйлеткен, Мәс­кеуге табанымның тигені еңбектің құ­діреті. Ыбырай қолымызға ұстатқан еңбек атестатының, атамыздың батасының құ­ді­реті деп білемін, – деп сөзін аяқтады. 
«Бата алған азбайды да тозбайды» деп халқымыз айтқандай, тәңіріміз ақырдың Пай­ғамбарын жаратқаннан кейін дүниеге, халқына демеу, қолдау болсын деп Ыбырай сияқты ғасырларда бір туатын, сөзі дуалы, болмысы ғажап тұлғаларды дүниеге кел­тір­ген. Олардың батасы қабыл болған, солар ар­қылы жаратушы жердегі пенделеріне бе­ре­ке, бірлік, бақ, дәулет сыйлаған. 
Осы сөздеріміздің дәлелі ретінде Жақаевқа екінші мәрте Алтын жұлдызбен марапаттауға арналып, колхозда өткен салтанатты жиналыста даңғайыр диқан Бегалиев Серікбайдың: – Бұрынғы заманда анадай әулие, мынадай әулие өтіпті деп сиынып жатамыз, осы заманның нағыз әулиесі, нағыз аруағы біздің Ыбекең ғой, – деген сөзін келтірсек артық болмас.
Ыбырай атамыздың дүниеден озғанына отыз жылдан аса уақыт болса да күннен күнге абыройы асқақтай, халқының сана­сында жаңарып, жасарып, рухы аспандап биіктей түсуде. Ауданда атамыздың туға­нына 125 жыл толу мерекесін қарсы алуға дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Арнайы комиссия құрылып, оны аудан әкімі Қайратбек Әубәкірұлы Сәрсем­баев­тың өзі басқарып, өткізілетін іс-шаралар нақтыланды. Биылғы жыл шиеліліктер үшін жылдың басында Ыбырай жылы болып белгіленді. Ыбырайды құрметтеу Елбасымыз көтеріп отырған Мәңгілік ел идеясының іске асуы, құрметтелуі, ал бата – Мәңгілік елдің идеологиясы, түп қазығы, қозғаушы күші, бет-бейнесі. Батаны ардақтау Мәңгілік ел азаматтарының мін­деті, абыройы, мақсаты. Бата алған, оны ардақтаған, өмірінің қозғаушы күшіне ай­налдырған азаматтардың өмірі, абыройы, шық­қан биігі – тоқсан ауыз сөздің то­бықтай түйіні.


Есіркеп ШӘДІБЕКОВ, 
зейнеткер,
Қызылорда облысы, 
Шиелі ауданы

"Айқын"

 

Пікірлер