Ерболат Мұстафаев – республикалық, халықаралық конкурстың лауреаты. Шет мемлекеттің 25 сахнасында күй өнерін дәріптеген.
Репертуарында 250-ден астам күй бар. Оның 80-нен астамы Қазақ радиосының «Алтын қорына» жазылған. Отыздан астам шәкірттері түрлі өнер ұжымдарында еңбек етеді.
– Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледжде 20 жыл жұмыс істеп, Алматыға қоныс аударғаныма 3-4 жылдың жүзі болды. Мен үшін бөтен жер емес, оған дейін он жыл тұрып кеткенмін. 1982 жылы консерваторияға түсіп, осында жоғары білім алдым. Кейін әкем ауырып, оның үстіне ел-жұртты сағынып, кері оралуыма тура келді. Мұнда келген соң Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің музыкалық факультетіне және Ахмет Жұбанов атындағы Республикалық Дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатқа жұмысқа орналастым. Сол жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алдым. Бұл марапат менің маңдайыма жайдан-жай бұйыра салған жоқ. Алматылық атанғаннан кейін Сыр өңіріндегі маңдай терім ұмыт қалып, жаңадан ізденістер жасауым керек, шығармашылығымды жаңадан бастауым қажет деп ойлап жүргенмін. Құдайға шүкір, менің өнерімді бағалайтын тыңдарманның қолдауымен халықтың алдына шығып, өнерімді дәріптеп келемін. Бірнеше мәрте «Телқоңыр» бағдарламасына, «Әңгіменің ашығы» хабарына, Алматы арнасының «Інжу-маржан» хабарына үш рет қатыстым. Арасында Қазақ радиосына сұхбат беріп тұрамын. А.Жұбанов мектебінің 50 жылдығына орай мектеп сахнасында концерттік бағдарлама ұсындым.Жылына бір рет Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінде лекция-концерт өткізіп жүрмін. 2015 жылы «Көне құлақ, ескі жад» атты кітабым жарық көрді. Жақында университет профессоры атандым.
Бірізділік басым болып барады
– 1980-90 жылдары майталман күйшілердің ортасында өзімізді күй ырғағының бай әлемінде жүргендей сезінетін едік. Нұрғиса Тілендиев, Қали Жантілеуов, Рүстембек Омаров, Рысбай Ғабдиев, Айса Шәріпов, Әзидолла Есқалиев, Шәміл Әбілтаев, Қаршыға Ахмедияров, Нұрахмет Жорабеков, Сәдуақас Балмағамбетов, Мағауия Хамзин және басқа кісілердің ойнау тәсілдерін көріп, қағып алуға тырысатынбыз. Мәкәлім Қойшыбаев, Латиф Хамиди, Кенжебек Күмісбеков, Мәлгаждар Әубәкіров, Құбыш Мұхитов, Нағым Меңдіғалиев, Айтекеш Толғанбаев, Айтқали Жайымов, Абдулхамит Райымбергенов сияқты оқытушыларды күнде көріп жүруіңнің өзі бір ғанибет болатын. Өткенге көз жібере отырып, сол уақыттардағы тартылатын күй нұсқалары неліктен қазір ұмытылып барады? Бірізділік неге басым? Көпнұсқалылық қайда жоғалды деген сұрақтар жиі мазалайды.
Өйткені кейінгі кездері күйшілер сайысында, республикалық түрлі конкурстарда орындаушылардың барлығы бір адамнан үйренгендей, құдды бір-бірімен келісіп алғандай әсер қалдырады. Әрине, қазақ халық аспаптар оркестріне түсірілген күйлерді барлық домбырашы бірдей орындағаны дұрыс, ал жеке орындалатын күйлер сол оркестрлік күйлердің кейпін кигені көңілге қонымсыз. Олай дейтін себебіміз, күй өнерінің байлығы оның көп нұсқалылығында, орындаушылық ерекшелігінде, дыбыс шығару байлығында, мәнерлеп тартылуында. Өкінішке қарай, қазір ескі нұсқалар бір-бірімен араласып, қойыртпаққа айналып кетті. Мысалы, Әбікен Хасеновпен Мағауия Хамзин орындаған Тәттімбеттің «Бес төресі» екеуі екі түрлі әдемі күй еді, қазір екі нұсқа бір күй ретінде тартылып жүр. Оны қарапайым көрермен аңдамағанымен, құлағы тесік тыңдаушы нұсқалардың араласып кеткенін тез аңғара алады. Сол сияқты Төлеген Момбеков шерткен, Генерал Асқаров тартқан Сүгірдің «Шалқымасы» да сол кейіпке түскен. Құрманғазының «Қайран шешем» күйін Дина әжеміздің орындаған дара нұсқасымен араластырып тартуға болар ма еді?
Ескі күй нұсқаларын орындайтын күйшілердің бірі 1970 жылы Қызылорда қаласында алғаш домбыра үйірмесін ашқан Тасболат Сқақов еді.Санап жатқан ешкім жоқ, сол ағайымыз 300-ге тарта күйдің басын қайыратын, қызықты әңгімелер айтатын. 1940 жылы туылған Тасболат ағай Ақтөбедегі мәдени-ағарту училищесіне түсіп, Әлмұрат Өтеғұловтан дәріс алған екен. 1934 жылы Құрманғазы атындағы оркестр құрылғанда еліміздің батыс өңірлерінен жеті домбырашы келеді. Қали Жантілеуов, Науша Бөкейханов, Лұқпан Мұхитов, Оқап Қабиғожиндермен қатар Әлмұрат та келген болатын. Нұрғиса атамыздың естеліктерінде бар, Әлмұрат сол кісінің ұстаздарының бірі болған. Бірақ таулы жер жақпады ма, әлде елді сағынды ма, Әлекең көп кідірмей еліне кетіп қалыпты. «Әлмұрат репертуары бай керемет күйші еді, Дина шешейден сабақ алдым, Мәменді көрдім деп отыратын» деп Тасболат ұстазым еске түсіретін. Мен күйлердің ескі нұсқаларын консерваторияға түскенге дейін сол ағайымнан үйренген едім. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген қағиданы ұстанған емеспін. Сол нұсқалармен әлі күнге дейін тартып жүрмін. Өз оқушыларыма да солай үйретуге тырысып бағамын. Меніңше, бір конкурстан жүлде алу үшін ғана қазіргі заманға сай нұсқамен ойнау, ескі нұсқаларды іздемеу, іздеуге ұмтылмау – болашақты ойламау деп түсінемін. «Болашақтың шабысынан қазіргі табысым артық» немесе «Намысым болмаса да табысым болсын» деген пендешілік ойдың шырмауында талай өнерпаз кетіп қалып жүр.Түрлі конкурстарда, күй сайыстарында қазылық еткен өнер адамдары да кейде ескі күй нұсқаларын дұрыс емес деп, жаңа нұсқаларды тықпалайтыны, оғаш тартылып кеткен бір-екі қағысқа бола өнерпазды тұқыртатыны қарныңды аштырады. Мұндай тірлік қазақ өнерін байытпайды, керісінше инкубатордан шыққан жұмыртқадай барлық күйшілерді бірізділікке итермелейді, жан-жақты зерттеуді тұсайды, көпнұсқалылықты жояды.
Батыс Еуропаның өзінде нота жазуы арқылы, тайға таңба басқандай етіп, жазып тастап кеткен дегеннің өзінде, әлемге әйгілі болған композиторлардың шығармаларының орындалуы, трактовкалары, басқа нұсқалары баршылық. Сондықтан екі немесе үш нұсқаның бір нұсқаға айналғанына қарсымын. Көз алдыңызға тек сары гүлдерден топталған даланы елестетіңізші. Енді сол сары гүлдердің арасында қызыл, көк, ақ гүлдер аралас болса, дала тоқылған кілемдей әдемі көрініс бермей ме? Сол секілді, күй өнерінің де байлығын толық көрсете білген жөн.
Тағы бір айта кететін жайт – қазіргі орындаушылардың арасында домбыраны қырғызша тартуы белең алды. Домбыраны иыққа салып, аударып-төңкеріп, тарсылдатып, ұрушылар тыңдарманның емес, көрерменнің көңілін ғана аулаушылар деп есептеймін. Қырғыз күйлері ән тақілеттес болса, қазақ күйлері – мазмұны бай, толық аяқталған формасы бар күрделі шығарма. Ал қазір тыңдаушыға сай орындаушы келген заман туды. Сахнада рахаттанып, былқылдатып күй тарта алмайсың, домбыраны аударып-төңкеріп, ұрғылап, иыққа салмасаң, сені көрермен қабылдамайды. Техникалық прогресс заманында өмір сүріп жатырмыз, тез тарту қажет деушілер көбейді. Әрине, көрерменнің көңілінен шығу, ыстық ықылас пен қошеметке бөлену дұрыс, тек күйдің барлығына соны телу бұрыс. Арзан марапат пен атақ-даңқты қуып жүріп, болашақтың барын да ұмытпағанымыз абзал. Жеріміздің байлығын ғана емес, өнеріміздің де бай мұрасын таза, адал күйінде кейінгі ұрпаққа табыстағанымыз жөн.
Ұлт тәрбиесі – ұлттық өнерде
– Жаһандану заманында жастар эстрадалық жеңіл әндерге, шоу бағдарламаларға бет бұрып, ұлт тәрбиесіне жете мән берілмей жатқанын көзіміз көріп жүр. Қазақ ұлтының төл өнері күй, қисса-дастан, жыр, өсиет-термелердің теледидардан және радиодан, концерт сахналарынан сирек көрінуі ойлы азаматтардың жанын жегідей жеп жүргенін сезіп жүрміз. Жалпы, жаһандану саясаты түптеп келгенде ұлт атаулының өзіндік ерекшеліктерін, даралығын жояды. Бұл жерде космополитизмнің де иісі аңқып-ақ тұр. Әрине, «бәріміз бір «Жер» атты планетада өмір сүріп жатырмыз, ұлттар бөлінбеу керек» деген дәйектер айтылады, дей тұрғанмен, ұлт ерекшелігі оның тілінен, салт-дәстүрінен, тегінен және өнерінен көрінеді. Біз, оқытушылар балаға білім беру жағынан кенде емеспіз, бірақ тәрбие беруге келгенде ақсап жатамыз. Атақты
А. Эйнштейннен сұрапты: «Баланы тәрбиелі етіп өсіру үшін не істеу керек деп ойлайсыз?» деп, сонда ол «Ертегі оқып беріңіздер» деген екен. Бұл нағыз ғұламаның сөзі деп айтар едік. Ертегі айтылған жерде ауыз әдебиеті де, жазба әдебиеті де, мәдениет те, тарих та, география да, музыка өнері де қамтылады. Күй өнері арқылы да жас ұрпаққа тәрбие беруге болады. Мысалы, ЮНЕСКО ұйымы «Қазақ халқының ата-бабасы осыдан бес мың жыл бұрын жылқы малын қолға үйреткен, сауып сүтін ішкен, мініп көлік еткен» деген деректі өз мұрағатына алтын әріппен жазды. Қазақ халқында 6 мың күй бар деп Ақселеу Сейдімбек ағамыз да айтып кетті. Қазір ғалымдар, өнер зерттеушілері «10 мың күй бар» деп болжайды. Сол күйлердің көбі жылқы малына арналған.Әр күйдің шығу тарихында терең сыр, айтылмаған астар жатыр. Мысалы Құрманғазының «Кісен ашқан» күйін алайықшы. Күй атасы «Менің қолым мен аяғымда кісен бар, біз орыс империясының боданымыз. Бодандықтан бостандыққа жету керек. Кісенді ашыңдар, болашақта қазақ тәуелсіз ел болу қажет, осы күйді тыңдай отырып, қазақ халқының басынан өткерген тағдыр-тауқыметін біліп жүріңдер, егемендікке ұмтылыңдар» деп тұрған жоқ па? Сейтектің «Заман-ай» күйінің де көтерген жүгі үлкен. 100 жыл бұрын орыс әскерлері қазақ даласына келіп, зорлықпен ер адамдарды окоп қазуға деген желеумен айдап алып кетіп жатқан кез. Қазақ халқының басына түскен сол зұлматты көзімен көрген Сейтек «Заман-ай» деп зарланып күй шығарады. Бұл күйді «күй-жоқтау» деп айтуға болады. Демек, күйдің атына шолу жасай отырып, талғампаз тыңдарман қазақ ұлтының терең тарихымен таныса алады.
Сондықтан қайда барсам тыңдарман алдында да, күйшілер арасында да «Ұлт тәрбиесі – ұлттық өнерде» деп үндеу тастап жүрмін. Концерт өткізсем де әуелі бай мұрамыздың шығу тарихын таныстырып отырамын. Мақсатым – күй өнерінің беделін көтеру, күй арқылы жастарға тәрбие беру. Күйшілер мектепке бөлінгенімізбен, жерге бөлінбесек екен деймін. Сырдың күйін бір ғана облысқа меншіктеп қоюға болмайды. Сүгір атындағы фестиваль міндетті түрде Созақта өтпеуі керек. Өскеменде, Маңғыстауда жүзеге асып жатса, ғанибет емес пе?! «Өткенге топырақ шашсаң, болашақ сені таспен атады» дейді данышпан қазақ. Біз қазақтың күй өнері арқылы келер ұрпаққа оң тәрбие бере алсақ, біздің болашағымыз да жарқын болары сөзсіз. Ұлттық өнер арқылы тәрбие алған ұрпақ қана елімізді ұшпаққа шығара алады.
Ерболат МҰСТАФАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші
"Айқын"