Бүкіл Италия карантинге жабылды

3359
Adyrna.kz Telegram

9 наурызда Италияда коронавирустан тағы 93 адам қайтыс болды. Елде дерттен көз жұмғандар саны 463 адамға жеткен тұста үкімет бүкіл Италияда карантин жариялады, деп жазады azattyq.

Дүйсенбіде Италияда вирус жұқтырғандан 7375 адамнан 9172 адамға жетті. 9 наурыз кешкісін ел премьер-министрі Джузеппе Конте телеарна арқылы Италияның бүкіл аумағында карантин жариялайтынын мәлімдеді.

8 наурызда Италия елдің солтүстік аумағын “қызыл зона” деп атап, Милан, Венеция, Парма, Римини, Пьяченца сынды қаладағы 16 миллиондай адамды карантинге жапқан еді. Енді бұл қатаң шара бүкіл ел аумағын қамтиды.

Контенің сөзінше, тұрғындар тек жұмысқа не отбасының шұғыл шаруаларымен ғана сыртқа шыға алады. Италияның басқа аймағынан Солтүстік аймаққа баруға да тыйым салынды.

“Енді бізде қызыл зона деген болмайды. Біз енді бүкіл Италияны қорғауымыз керек” деді ол журналистерге.

Конте бұл шараны “Үйден шықпаймын” (“Io resto a casa”) деп атап, халықты қоғамдық орындарға бармауға шақырды.

Телеарна эфирінде Италия премьері “өмір сүру салтымыз сәл өзгеруі керек. Дәл қазір үйден шықпағанымыз абзал. Италия үшін қалауымыздан бас тартуымызға тура келеді. Мұны дәл қазір жасауымыз тиіс. Ол үшін осы қатаң шараға шыдауымыз керек ” деді премьер.

Италияның бүкіл қаласында түнгі шаралар, ойын-сауықтардың барлығы тоқтатылды.

Елде уақытша жүргендер және елге енді келгендер әуежайда өздерінің құжаттарын тексертіп, елден шығуға я кіруге рұқсат алуы тиіс.

Елдегі бүкіл спорт жарыстары, футбол матчтарының бәрі тоқтатылды.

9 наурызда Италияның бірнеше түрмесінде сотталушылар карантинге қарсы шу шығарып, түрмеде отырған алты адам қаза тапты. Сотталушылар түрмеге жақындарының кіре алмайтынына қарсы болған.

ӘЛЕМНІҢ БАСҚА ЕЛДЕРІНДЕГІ ЖАҒДАЙ

Қытайда тараған Covid-19 вирусын әлемде жұқтырғандар саны 111 мыңнан асып кетті. 3890 адам қаза болды.

Вирус тараған Қытайда 8 наурызда 41 адам дертке шалдыққаны белгілі болды. Бұл елде күннен-күнге вирус жұқтырғандар саны азайып келеді. Дегенмен, Қытайда қаңтардың басынан бері 80 700 адам вирус жұқтырып, 3100 адам опат болды.

Ал Оңтүстік Кореяда вирус жұқтырғандар 7400-ден асты. Елу адам қаза болды. Корея билігі елде вирус жұқтырғандар саны азайып келе жатқанын мәлімдеді. Мәселен, бұл елде 7 наурызда 448 вирус жұқтырған тіркелсе, 8 наурызда 272 адам дертке шалдыққан.

Иранда вирус жұқтырғандар жеті мыңнан асып кетті. 9 наурызда вирустан бақилық болғандар 230-дан асты.

Иранда вирустан қаза болғандар арасында депутаттар мен шенеуніктер де бар. 8 наурызда Тегеранда вирустан көз жұмған депутат Фатим Рахбарды жерледі.
Иранда вирустан қаза болғандар арасында депутаттар мен шенеуніктер де бар. 8 наурызда Тегеранда вирустан көз жұмған депутат Фатим Рахбарды жерледі.

Франция (1400), Германия (1100), Испания (1220), Ұлыбритания (320), Нидерланд (318), АҚШ (624) елінде вирус жұқтырғандар саны өсті.

Ресейде – 20 адамнан, Грузияда – 15 адамнан, Әзербайжанда – 9 адамнан, Беларусь пен Латвияда – 6 адамнан, Армения, Молдова, Украинада бір-бір адамнан вирус табылды. Бұл елдерде адам шығыны жоқ.

ҚАЗАҚСТАНДА ҚАНША АДАМ КАРАНТИНДЕ?

9 наурыздағы дерек бойынша, қазір Қазақстанда коронавирус тараған елдерден келген 3676 адам карантинде. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Қытай, Оңтүстік Корея және Ираннан келген 1053 адам, Италиядан келген 182 адам, Германия мен Испаниядан келген 2849 адам медициналық бақылауда. 408 адам карантиннен шыққан.

Министрліктің дерегінше, бақылаудағы адамдардың анализдері Алматыдағы Айқымбаев атындағы карантиндік және зоонозды жұқпалылар қазақ ғылыми орталығына жіберілген.

Үкіметтің мәлімдеуінше, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар жоқ. Қазақстан үкіметінің шешімімен вирус көп тараған елдерден келгендер 14 күн карантинге жіберіледі.

Пікірлер