Арулар, асыл жандар

3718
Adyrna.kz Telegram

«adyrna.kz» ұлттық порталы ұжымы көктеммен бірге келіп жеткен 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен ақ кимешекті апаларды, ардақты аналарды, аяулы қыздарды шын жүрекпен құттықтайды.

Осы орайда қазақтың танымал ақыны Ұлықбек Есдәулет бастаған ақындардың жыр шашуын ұсынамыз!

Әйелдерге мадақ
(әзіл-шыны аралас)

Әйел деген – сүгірет тамып түскен ғарыштан,
Әйел деген - құдірет жаратылған намыстан.
Әйел барса жұмаққа айналады Сібірің,
Әйел барда сынаққа айналады ғұмырың.
Әйел деген тұғырың, онсыз өнбес түбірің,
Байланысты әйелге сүтпен сіңер білімің.

Әйел деген - данышпан, әйел деген - ән-ұран,
Әйел деген - арыстан, әйел деген - қабылан.
Әйел деген - алдаспан, ұстау қиын сабынан,
Мықты ұстасаң сабынан, түгенделер қазынаң.
Әйел деген – арғымақ, сипатпайтын жалынан,
Бір ұстатса жалынан ер бақытты, бағылан.
Әйел кейде - арадай, шаққанына қарамай,
Тата қалсаң балынан, татқың келер тағы дәм...

Бұлбұл безбес бағынан,
Құлан қашпас қағынан,
Алыстаса сағынам, жақындаса шабылам,
Әйелге бас иемін, әйелдерге жағынам.
Әйелдерді сүйемін, сүйемін де табынам;
Әйел деген жылылық, мәні терең ән ұғам,
Әйел деген сұлулық, нұр тараған шамынан.
Әйелдердің бәрін де, барлығын да сүйемін,
Кейбір кезде жаңылам, сүйгендердің санынан...

Әйел – жұмбақ,
Жұмбағын шешемін деп жанығам,
Әйел – ертек,
Ертекке сенген көңіл шадыман.
Әйел – жұлдыз,
Жұлдызға жетемін деп сабылам,
Әйел – жазмыш, пешене, тағдырымды танығам;

Әйел деген кітапты түсіне алмай қамығам,
Әйел біткен бұтақты игім келіп қағынам,
Алам ба деп сындырып, сыйластыққа бағынам,
Көбелектей көлбеңдеп, кете алмаймын жанынан;

Әйел кірер есіктің тұтқасы боп қағылам,
Ол тербеген бесіктің шырағы боп жағылам.
Махаббат пен шапағат, Әйел - мазмұн, мағынам,
Мағынасыз тірлікті сүріп тіпті нағылам?!
Әйел деген патшаның табылайық маңынан,
Аңдаусызда құлатып алмайықшы тағынан...

Ұлықбек Есдәлет

 

*   *   *

Әйел-гүл секілді...
Үзуге,таптауға болмайды!
Тіпті тәж секілді,
Жасырып,сақтауға болмайды!

Кейде әйел-түс тектес...
Оянып кеткенде таппайтын!
Мәңгілік қозғалыс,
Дем алмас,жатпайтын.

Кейде әйел-отқа да ұқсайды!
Алыстан сүйдірер,жақыннан күйдірер...
Қобыздың үні де сияқты...
Қап-қара тасты да идірер.

Кейде әйел-ауа да секілді!
Бар-жоғы білінбес...
Қазынаң қасыңда жүретін
Ешқашан бүлінбес!

Әйелдер әлемі-әдемі
Көзіңді соратын көрікті!
Әйелдер-махаббат түрмесі
Еркектер-тұтқыны ерікті!

Әйелдер,әйелдер,әйелдер
Ауыртар еркектер жүрегін...
Осынау мейрамда сендерге,
МЕН БАҚЫТ ТІЛЕДІМ!

Серік Елікбай

 

Қыздар үшін...

Күнге айналып кететұғын күлгенде,
Қыз дегенің қызғалдақ ғой білгенге.
Қыздар үшін – жалпақ әлем жайқалып,
Қыздар үшін – тербеледі гүлдер де.

Көзді салып қыраттарға, көк белге,
Қыз арқылы ораламыз өткенге.
Қыздар үшін – тұтас әлем түрленіп,
Қыздар үшін – келеді екен көктем де.

Махаббаттан асқан сірә, күш бар ма,
Не жетеді сұлулықты құшқанға?!
Қанат қағып қоңыр күзде аттанған,
Қыздар үшін – оралады құстар да.

Арайланып асылғанда таң белге,
Бірер сәтке ойланып көр мән бер де.
Қыздар үшін – мынау әлем жырланып,
Қыздар үшін – шырқалады әндер де.

Бұрымдарға жасырғандай ұятты,
Жылғалардан бұлақтар да жиі ақты.
Шартарапты құйқылжытқан құс үні
Сыңғырлаған қыз күлкісі сияқты.

Көңіліңнің кермесінен күн шығып,
Ұмтылады дүниеге құлшынып...
Қыздарменен қайырлы екен дүние,
Қыздарменен көрікті екен тіршілік!

Әлібек Шегебай

 

*   *   *

Арулардың мейрамында қар жауып,
Көктем тағы қалды қыстан алданып...
Онсыз да тым қаталдау тірлікте,
Жылу іздеп жаурадық.

Сезімдерді оятатын назданып,
Көңілдері көктем болып, жаз болып,
Жүрегінің жылуымен Арулар,
Ерітеді қарды анық!

Махаббатқа қаншама жыр арнадық,
Үміттерге үміттерді жалғадық.
Бір жылылық сезіледі мейрамнан,
Тұрса-дағы қар жауып...

Алмат ИСӘДІЛ

 

Пікірлер