Түркілер қонақта

2704
Adyrna.kz Telegram

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Шығыстану факультетіне қарасты ТүркСОЙ кафедрасы, Нидерланды профессоры, түркі ескерткіштері және түркі тарихи фонологиясының маманы Білге Өзелмен, Алтай Республикасынан арнайы шақырылған Ырысту Мечешев, Алтын-Ай Баратова есімді өнерпаздармен кездесу ұйымдастырды.

Жақында ғана кафедра тізгінін ұстаған ф.ғ.д. Ерден Қажыбек «бұл шараны ұйымдастырудағы мақсатымыз – «түркілік тарихымыз бен мәдениетімізді зерделеп, танып, Алтай елінің өнерпаздарымен рухани байланысты  жандандыру, түркі дүниесінің мәдениетін қазақ жұртына насихаттау»­ – дей келе, қонақтарды қысқаша таныстырды. Одан әрі сөз алған түбі түркі голланд азаматы Білге Өзел өзі суретке түсірген таңбалы тастар мен бітік тастар бойынша слайд-шоу үлгісінде  баяндама жасады. Білге расында білгір екен. Көптеген жылдар бойы Алтай Республикасында зерттеу жұмыстарын жүргізген ол, мыңдаған жәдігер мен рухани мұраларымызды тауып, оны жұртшылыққа жариялап келеді. Көне Түрік тарихына қатысты таңбалы тастар мен жазуларды орыс пен батыс ғалымдарының емес, түркілік зерттеу тұрғысынан қарауды жөн санайды. Ол тастағы суреттерге жан-жақты сипаттама берді.

 Ырысту мен Алтын-Ай  топшур деп аталатын ұлттық аспабының сүйемелдеуімен «Қожаң», «Құлын»,  «Күлер хан», «Бөл-бөл», «Маадай Қара»,  «Жылқы»  секілді шығармаларды орындады. Батырлар жыры үлгісіндегі әуендері тыңдармандар делебесін қоздырып, рухын аспандатты. 210 мыңға жуықтаған алтайлықтар арасынан суырылып шыққан өнер майталмандарына шынайы ықыласпен соғылған шапалақ оларға шабыт сыйлады.

Бұдан әрі шараға қатысушылар кезекпен сөз сөйлеп, қонақтарға алғыс білдірумен қатар, бірқатар ұсыныс-пікірлерін айтты. Ырысту мен Алтын-Ай секілді дарындармен бірлесе жұмыс жасап, тамырлас елдің салт-дәстүрлері мен тарихын зерттеу, ғылыми кітаптарын шығарып, жалпы әртүрлі рухани сала бойынша ортақ жобалар жасау мәселесі сөз болды. 


 

Пікірлер