Түрмеде туған ән

2844
Adyrna.kz Telegram

Ол Мәдидің атақты «Үшқарасы» еді

Тарихы тереңнен тамыр алатын Атбасар қаласының алғашқы кірпіші 1845 жылдары қаланған. Содан бері өткен 170 жыл уақыт аралығында бұл өлке небір қилы заманды басынан кешіріп, көптеген айтулы оқиғаның  куәсі болды.

Үш жүзге есімі танымал жай­саң­дардың, сал-серілердің ат тұя­ғы тиген Атбасар шаһарында ес­­кі за­­маннан қалған ғимараттар күні бүгінге дейін сол қалпын сақ­тап келеді. Солардың бірі болып та­былатын, бұрынырақта мем­лекеттік автокөлік инспекциясы, одан кейін «Каравай» жекеменшік дүкені болған шағын ағаш үйдің арғы-бергі тарихын көбіміз біле бер­мейміз. Шынын айтсақ, біз де біле қоймайды екенбіз. Бір­ақ, ара-тұра іссапар барысында «Кон­­­­тинент» дүкеніне бас сұғып тұратынбыз. Денеңді шымырлатар бір сезім пайда болады. Қан­ша­ма сылап-сипап, әдіптеп қап­тағаныңмен, суық салқын есіп тұ­­ратын ғимараттар болады. Бұл да сондай.

Бұл қалай? Жауабын аудандық газеттегі әріптестеріме сәлемдесе барғанымда тілші Темірбек Қа­сымжанов айтты. Дүкеніміз бұ­рын, патша заманында түрме  кеңсесі болған екен. Қаланың қақ ортасында абақты орналасқан деп кім ойлаған. Түрме қазір де бар. Бірақ, ол қаланың сыртында. Осы жағдай бүгінгі ұрпақты тарихтан алшақтатып жібергендей екен. Тарих демекші, осындағы мұ­ра­ғаттан да байырғы абақты жайынан іліп алар дерек табылмай тұр.

Қарқаралының тумасы Темір­бек түрме төңірегіндегі әңгімеге үнемі құлақ түріп жүретінін айтады. Біз журналист бауырды әйгілі Мәди Бәпиұлының жұрағат ұрпағы ретінде қабылдадық. Оның айтуынша, жаңағы «Конти­нент» дүкенінің орнында патша зама­нында төрт бұрышында биік мұ­нарасы бар абақты тұрыпты. Қа­зір бұл түрменің жұрнағы да қалмаған. Оның есесіне абақ­ты­ның кеңсесі (бұрынғы МАИ ме­кемесінің ғимараты) дүкен ретінде тұрғындарға қызмет көр­сетуде.

Темірбек мені Атбасардың байырғы тұрғыны, аудандық ақ­сақалдар кеңесінің төрағасы Сабыржан Кенжебаевқа алып бар­ды. Бұрыннан білетін ағаммен жылы амандастық. Есендік-сау­лықтан кейін түрменің жайын сұ­рай бастағанбыз.

Бұл ақ патшаға да, қызылдарға да қызмет еткен мекеме ғой, –деп Сабыржан аға сөз өрбітті. Мен ұмытпасам, түрменің негізгі ғимараты 1960 жылдарға дейін бұ­зылмай, жұмыс істеп тұрды. Жеңіс көшесі жақтағы бұрышында бір мұнара, сосын қазіргі Жеңіс саябағы тұсында екінші мұнарасы, сырт жағында ағаштан салынған үй бар еді. Бала кезімде біз көр­генде ол төрт жылдық орыс мектебі болатын.  Қазіргі тұрған түрме кеңсесінің қа­сында төртінші мұнарасы аспанмен таласып тұратын. Оның үстіне, сырты биік дуалмен қоршалған, жоғарғы жағына айқыш-ұйқыш сымдар тартылған. Мұнара басында көк қалпақ киген күзетшілер жүретін. Көк қалпақ кигендеріне қарағанда, солдатқа ұқсамайды, шартты келісіммен қызмет етіп жүргендер болуы керек.

Ол уақытта бала болдық, онша айыра алмаймыз. Оспан деген кісіні біздің замандастарымыздың бәрі біледі. Қазір марқұм болып кетті, балалар үйінде тәрбиеленген. Негізі, Қарқаралының тумасы. Осы жақта кішкентай күнінде біреулер асырап алған екен. Біз суға түсуге Жабай өзеніне бара жатып, мұнара басында тұрған Оспан ағамен қалжыңдасып ойнайтын­быз. Содан есімде қалыпты. Түр­менің ішіне кіріп көргеніміз жоқ. Әйтеуір, сыртқы қоршауы биік болатын.

Патша заманында салынған бұл уездік түрмеде кімдер азап шекпеді дейсіз. Солардың қатарында үш жүзге есімі мәлім әнші, сері Мәди Бәпиұлы Алшынбаев қамауда отырып, қапалы күндерін өткізгені мәлім. Бұған Атбасар түрмесінде жатқанда елге кеңінен таралған «Үшқара» әнін шығаруы – дәлел. Бұл әннің өлең жолдарында: «Атбасар түрмесінде жыл жатамыз, Көңілді құмалақпен жұбатамыз. Есіктің тесігінен дыбыс шықса, Бар ма деп қаракесек тіл қатамыз.Терісаққан қалып қалды құрған сайран, Секілді көшкен бұлттай өтті жалған, Көрген аз, көрмеген көп, не кү­тіп тұр, Бой ұсынып шы­ға алмайсың терең ойдан», – деген жан сыздатар шумақтар бар.

Түрмеге «бандит» ретінде қамалған ел еркесі, от ауызды ақын-сазгер Мәди Бәпиұлы 1915 жылы абақтыдан қашып шығып, осы маңайдағы Терісаққан болысында бір жыл қыстайды.

«Егемен Қазақстан» газеті Мәди Бәпиұлының өмірі мен шы­ғар­машылығы жөнінде бір­шама тағылымды дүниелер жария­лады. Біз Атбасар абақ­тысымен байланысты болғандықтан, бір ғана мақаланы жаңғыртып, оқыр­­­ман жадына оралтсақ дейміз. Бұл «Етжеңді «Егемен Қазақ­стан» кітабының 2005 жылғы басылымындағы Жарқын Шә­керімнің «Мәдидің суреті қа­лай табылды?» деген мақаласы. Мә­дидің биыл жүз жылдан асып ба­ра жатқан жалғыз суретіне қа­тысты жәдігер әңгіменің маз­мұны төмендегідей.

Қарағанды музыкалық учи­лищесінде оқитын Жарқын Шә­керім Абай қаласындағы жез­десі, көмір шахтасының бас инженері Зейнөр арқылы Мәдидің туған қайынінісі Тоқаш Кәдікеев ақ­сақалмен танысады. Арада жарасты қарым-қатынас орнаған бір күні қария көне шабаданның құлпын ашып, сарғайған суретті көрсетеді.

– Бұл суретті Мәдидің өз қо­лынан алдым. «Атбасар абақ­тысынан қашып шығып, жасырынып жүргенде 1915 жылы түс­тім. Көзіңнің қарашығындай сақтарсың» деп берген еді, – дейді Тоқаш қария.

Т.Кәдікеевтің айтуынша, ақын­ды суретке түсіріп алуға қаракесек ішіндегі Жайсақ қажы деген кісінің Кәмал есімді ұлы себепкер болған. Ол қымбат жәдігерді көптеген жыл бойы жасырын сақтап келіпті.

Осы Кәмал кейін Көкшетау облысындағы Щучье қаласында мұғалімдік қызмет атқарыпты. Осында 1950 жылдары қайтыс болғаны айтылады. Өкініштісі, біз Бурабай маңындағы қалаға бірнеше мәрте барып, ресми сұрау салғанымызбен, бұл кісі туралы нақты дерек таба алмадық.

Не керек, Тоқаш қария 1967 жылы Жарқын Шәкерімді Абай қаласынан  Қарағандыға жіберіп, Мәдидің суретін бірнеше дана етіп үлкейттіріп алады. Оның екі данасы мен «негативін» «ке­йінгіге жеткізерсің» деп Жәкең­нің қолына ұстатқан. Бұл сурет тұңғыш рет «Орталық Қа­зақ­стан» газетінің 1968 жылғы 15 наурыздағы санында «Мәди хақындағы мағлұмат» деген тақы­рыппен жарияланды.

Жарқын Шәкерім қария аманатын адал атқарды. Мәди суретінің бір данасын халқымыздың өнер жанашыры Амангелді Ерме­гияевке, екіншісін Жүсіпбек Еле­бековтің 100 жылдық мерейтойы үстінде Қарқаралыдағы мұра­жайға тапсырған. Ал «негатив» халқымыздың ардақты ұлы Мәдидің 125 жылдығына орайластырылып шығарылған деректі фильмде пайдаланылды.

…«Егемен Қазақстанның» 95 жылдығы қарсаңында, 2014 жылы еліміздің бірнеше өңірінде газет күндері өткізілді. Сол жолы Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында да болғанбыз. Ақын мұражайын аралап, оны 1921 жылы атып өлтірген алаңды көр­генімізде алай-дүлей күй кеш­тік. Құлағымызға сегіз қырлы, бір сырлы толағай тұлғаның заман запыранын толғаған «Қаракесек», «Қарқаралы», «Үшқара», «Шір­кін-ай» әндерінің қуатты әуезі жетіп тұрды.


Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы

Пікірлер