Ескерткіш тілі – ғасырлар үні

6197
Adyrna.kz Telegram

Қазақ тілінің тарихи танымындағы орта ғасыр ескерткіштерінің рөлі мен маңызы

 («Китаб – мухаддима» мәтіні негізінде)

  Әр кезеңдерде зерттеушілердің тарапынан қызығушылық тудырып келе жатқан түркі тілдері,  соның ішінде қазақ тілінің қалыптасуы, даму жолдарының өзіндік заңдылықтары, ұлттық дүние танымды қалыптастырудағы белсенді қызметі бүгінгі ғасырлар тоғысында зерттеудің  ерекше тәсілдерімен қоса, ұлттық таным мен болмыстың тарихи күре тамырын одан әрі  зерттеуді қажет етеді. Сондықтан қазақ тілінің  тарихына қатысты әрбір кезеңдерді жан-жақты зерттеп, жазба ескеткіштерге терең талдау  жасау арқылы, тілдің даму барысындағы ежелгі заман мен қазіргі кезең арасындағы  сабақтастықты анықтау арқылы тіліміздің  келешетегі қадамын нықтай түсеміз.
Адам баласының өмір бойғы қарым-қатынасының құралы болып келе жатқан тіл мәселесі  әрдайым  өзекті. Тіл дамуындағы  әр кезеңдердің нақты дерегі болып табылатын сөздік қордағы әрбір тілдік бірліктер немесе   белгілі бір тарихи жағдайаттың  бір үзігін бойына сақтап қалған оралымдар, тіпті әр дәуірдің тұтас белгісін көрсететін жазба ескерткіштерді тарихи-мәднеи-танымдық тілдік тұтастықта зерттеу басқа ғылымдармен қоса, қазақ тіл білімінің де өрісін кеңейтіп, тіл тарихын, туркологияның маңызын  тереңдете түсері сөзсіз. Ұлт пен тілдің тарихына қатысты зерттеулердің барлығы орта ғасыр тарихына соқпай кете алмайды. Түркілік мәдениет пен әлемдік өркениетте  орта ғасырдың үлесі қандай? Қытай қорғанынан Қара теңіз аралығындаы  Орта Азиядағы қазіргі түркі тілдес халықтардың құрылуына басты ұйытқы болған қыпшақтар кімдер? Түркітанушылар түркі тілдерінің ішінен қазіргі татар, башқұрт, қарашай, құмық, қарақалпақ, ноғай, қазақ тілдерін неге қыпшақ тобы деп жіктеді? Түркі халықтарының бірігіп-бөлініп, қайта құрылуына себеп болған орта ғасыр несімен құнды? Орта ғасырда өмір сүрген түркі халықтары артына мол рухани қазына қалдырды. Бұл қазынаның қомақты бөлігі – сан алуан әліпби негізінде хатқа түсіп, (руна, гот, армиян, манихей, соғды, араб т.б)  біздің заманымызға жеткен жазбалар. V ғасырдан XV  ғасырға дейінгі, яғни қазіргі заманғы ұлттар қалыптаса  бастаған кезеңге дейінгі жазба ескерткіштер бүкіл  түркі халқына ортақ мұра. Орта ғасырда Еуразианы мекендеген халықтар үшін  күрделі тарихи өзгерістер кезеңі болғаны  белгілі.  Ұлы дала парсылық деректер бойынша орта ғасырдың  басқы кезеңінде (XI ғ.) «Дешті Қыпшақ» деген атпен әлемге әйгілі болды. Орта ғасыр сонымен бірге түркі тектес халықтар өмірінде   жалпы түркілік одақ құрумен немесе одақтардың ыдырап, бірнеше халықтардың жеке отау тігуімен ерекшеленеді.  Орта ғасыр  жазба ескеткіштері жазылу мақсатына қарай үш топқа бөлінеді: 1.Әдеби-діни ескерткіштер. 2. Тілдік грамматикалық зерттеулер (сөздіктер және т.б). 3.Тарихи кезеңге арналған ескеткіштер (хандар шежіресі ,жалпы шежірелер, қолбасшылар мен батырлар, жорықтар туралы және т.б. [1, 30-32]  Осы орта ғасырдағы  әдеби-діни ескерткіштерінің бірі «Китаб Муқаддима» (Кітаптың кіріспе бөлімі) –  мәмлүк қыпшақтарының тілінде жазылған діни трактат (Х ғ.). Авторы – Абу-л Лайс ас – Самарқанди, араб әдебиетінің тарихында аты әйгілі заңгер (құқықтанушы), мұсылман дүниесінің белгілі теологі (ханифат бағытын уағыздаушы, яғни Құдай мен Ыбырайымды жалғыз деп танушы); 983 ж. Қайтыс болған. Қолжазба көлемі – 47 парақ (94). Әр бетте 6 жол арабша мәтін бар да, олар 6 жол болып қыпшақ тіліне жолма-жол аударылған. Мазмұны – ислам дінінің ережелері мен қағидлары, әдет ғұрыптары мен жөн-жосықтары туралы. Ол сол кездегі Мәмлүк мемлекетінің сұлтаны, яғни автордың сөзімен айтқанда, «жарқын жерлердің жалғыз билеушісі» – әл Мәлік әл Әшірәф Әбу Нәсір Кансух әл Гуру үшін жазылған да, соған сыйға тартылған (ол сұлтан үлкен кітапхана құрастырып, соның негізін қалаған). Бұл сұлтан Мысыр елін билеп тұрған мәмлүктер әулетінің ең соңғы сұлтаны еді (1500-1517ж.). Ол өзі мәмлүк мемлекетіндегі түріктер әдебиеті мен олардың тілін зерттеуді желеп-жебеуші  атақты да ірі меценат еді. Бізге жеткен Муқаддиманың қолжасбасы – түпнұсқаның  Асанбай ибн Судың жасаған көшірмесі. Мысыр елінде Мәмлүк елінің тарихына байланысты мәліметтерде Асанбайдың аты кеңінен белгілі болған. Осы «Муқаддима» іспеттес не болмаса соның кейбір үзінділері сияқты біршама жазба нұсқалар Париждың кітапханаларында бар көрінеді. Бұл қолжазба қазір Стамбулдың  Айа-София кітпханасында сақтаулы тұр. Оның материялдары  әлі ғылыми айналысқа түсе қойған жоқ. Қолжазба А.Зайончковскийдің  француз тілінде берілген түсініктемелері мен ең алғаш Будапешт (1959ж.) содан соң Варшава (1962ж) қалаларында жарияланды. [2,17 - 21].   «Муқаддима»  қолжазбасының алғашқы бетінде келтірілген мәтіннің аудармасы: Бисмиллаһир рахманир рахим  [1] Башладум  тәңри ады бирле дунида рахматы учун дур мумынлара кафирлара ахиретде рахмат едичи дур мумын [2] шукир тәңрие  сабит дур бисалижиди залымлары жаннат йахшылар учун [3] душманлықы йоқ илалла залымлар үстине уар тәңірі рахматы [4]  саламатылығы йарадламыш йахшы үстине Мухаммед дур аһли үстине  йаранлары үстине  [5] барчасы  үстине олсун айытды фақиһ Лайт атасы тәңри рахмат қылсун [6] бил хақ тәңр и  фарз дур тәңр и дур доғры ол дур.   Аудармасы : Бастадым Тәңірі атымен. [Бұ] дүниеде момындарға, кәпірлерге [жасаған] рахметі үшін ақиретте момындарға  сөзсіз  рахмет етуші Тәңіріге шүкір! Тозақ [бұ дүниенің]  залымдары үшін, жаннат жақсылар [үшін.] Дұшпандығы жоқ [болса,] залымдарға  [сондай жаннат болсын!] Тәңірі рахметі, саламаттығы жаратылған жақсы[ларға], Мұхаммедтің отбасына, жарандарға барлығына болсын.! [деп] айтты фаһих  Лайттың әкесі, – Тәңірі рахмет қылсын оған! Біліп қой хақ Тәңірі – парыз, Тәңірі ол тура [ақиқат.] Қолжазба мәтінінде сөздердің мынандай түрлерін көреміз: а . Түбір сөздер. «Муқаддима»  тіліндегі сөздердің көпшілігі түбір сөздер болып келеді: дил, баш, бир, ийр, ев, киши, от, бақ, кит, кич, қан, қара. т.б. ә . Тарихи туынды түбірлер. Бұл топқа тарихи тұрғыдан алғанда бір замандары түбір және қосымша морфемалардан тұрған, уақыт өте келе негіз болған түбірдің  лексикалық мағынасы көмескіленіп, түбір мен қосымша жымдасып, қолжазбада түбір күйінде жұмсалған сөздер жатады: бойун (мойын), авуч (уыс), қуйу (құдық),айыт (айту),чүберек (шүберек), қайт (қайту).  б . Туынды сөздер. Тілдгі барлық заттар мен ұғымдардың атауы тек түбір сөздерден ғана емес, кейбір атаулар туынды түбір сөздер арқылы беріледі. Мұндай сөздерді кеңейтілген немесе күрделі түбір деп атауға болады.  Мысалы: Тануқлуқ (куәлік), авдазлу (дәреті бар), арысуз (тазалықсыз), бақычы (қарауышы) т.б. в . Біріккен сөздер.Ескерткіш тіліндегі түркі сөздерінде біріккен сөздер кездеспейді. Алайда, араб тілінен енген кейбір кісі есімдерінің екі компоненттең тұратын біріккен сөздер екенін көреміз: Абдуллах (абд және аллах сөздерінің бірігуінен), Әбибәкир (Тайлақтың әкесі), Месудоғлы (Месудұлы)  т.б . г . Қос сөздер. Ескерткіш тілінде бір ғана қайтлама қос сөз қолданылған: қатты-қатты (қатты-қатты). ғ . Күрделі сөздер. Екі сөздің тіркесуі арқылы жасалады. Бұлар грамматикалық құрамы жағынанан екі сөзден тұрса да, бір ғана нәрсенің атауын білдіріп, бір мағынадағы сөз есебінде ғана жұмсалады: өлу намазы (жаназа) су әви (әжетхана), сару йағ (сары май), сирке суйу (сірке суы). «Муқаддима» тіліндегі сөздердің тұлғалық және мағыналық ерекшеліктері. Ескерткіш тіліндегі түркі сөздерінің басым көпшілігі ықылым заманнан бері келе жатқан, осы күнгі түркі халықтарының негізгі сөздік қорын құрап жүрген  жалпы түркілік сипаттағы сөздер болып келеді. Сөздердің үлкен бір тобы аз-кем  фонетикалық өзгерістерге ұшырағанымен  негізгі тұлғасы лексикалық мағынасын сақтаған. Мысалы: йурек (жүрек), дирсек (тірсек), қол (қол), баомақ (саусақ), ириң (ірің), қан (қан), құлақ (құлақ), қул (құл), от (шөп), тасма (таспа), теңри (тәңір), көз (бұлақ ,көз),  йер (жер), көмүр (көмір), көк (аспан), таш (тас), көңүл (көңіл), күч (күш), ач (ашу), бил (білу), вир (беру, дут (тұт), дүш (түсу), йуру (жүру),  дур (тұру) т.б. Бұл сөздер Орхон жазбалары мен кейінгі дәуірлердегі ескерткіштер тілінде де осылай қолданылған. Қазіргі түркі тілдеріне ортақ сөздер болып табылады. Ендігі бір сөздер түрлі өзгерістерді бастан кешірген. Олардын кейбіреуін бірден тани қою да мүмкін емес. Тіліміздегі варианттармен немесе басқа сөздермен, тіптен туыс тілдер элементтерімен  салыстыра отырып анықтауға болады. Бұл топқа кіретін сөздерді басым көпшілігі дыбыстардың түсірілуі немесе басқа дыбыстармен алмасуы сияқты фонетикалық өзгерістермен жеткен. Мысалы авуч сөзінің тіліміздегі баламасы – уыс. Қазақ тіліндегі сөз басындағы у дыбысына, алдымен көмескіленіп ұ// ү  дыбыстары естілетіндіктен дифтонг дыбыс деп қарайды да, ұ жазуда еленбейді. Ал бірінші буыннан кейінгі у дыбысы  ерін үндестігінің әлсіздігінен ы – ға айналғандығын ескерсек, мынадай дыбыс сәйкестіктері келіп шығады: а-о-ұ, ғ-в-у, у-ы, -ч-ш-с.  Сондай-ақ, сөз соңындағы ғ дыбысының түсірілуі арқылы жеткен бірқатар сөздер бар. Бұлардың көпшілігі сын – есім болып келеді. Мысалы: Сарығ >сару, арығ>ару, улығ>улу, кичиг>кичи, қатығ> қаты, өліг >өлу т.б.  Мұндай тұлғалық өзгерістерге түскен сөздердің бір бөлігі көне түркілік түбір мен қосымшаның жымдасып, кірігуінен пайда болған. М. Сабыр: «синхрондық тегістік тұрғысынан қарасақ, тұтас тұлға болып  көрінеді, ал  диахрондық  тереңдіктен барласақ, әлгі тұтас тұлғаның негіз бен қосымшаға ажырайтынын байқаймыз» — дейді. [3, 261 б]. Бұл сөздер «Мухаддима» тілінде  түбір сөз қалпында қолданылады және көбісінің түпкі түбірі ұмытылып, өлі түбірге айналған: қоқ (сасу) +уғ> қоқу (иіс), йоғур (шайқау) + т >йоғурт (айран), өғ(ақыл) + рет (үйрет) т.б Мұндай сөздердің көпшілігі көне етістік түбір мен етіс қосымшалар арасында кездеседі: ай+т >айт, қад+ ыт > қайт, кел+түр>келтір,сүмүк (мұрынбоқ) +үр>сүмкір (сіңбіру) т.б Сондай-ақ, негізгі түбірі ұмытылып, өлі түбірге айналған немесе дыбыс алмасу нәтижесінде түбір-қосымша деп бөлуге келмейтін есім сөздерден етістік тудырушы – ле жұрнағы арқылы жасалған бірқатар сөздер бар: беңкле (азан оқу), бисле (тәрбиелеу), зиббиле (үлкен дәрет сындыру). «Муқаддима» тіліндегі түркі сөздерін саралай келе жоғарыда сөз еткен алғашқы топтағы сөздерді, яғни фонетикалық және лексикалық өзгеріске ұшырамаған сөздерді – көне түркілік қабат, ал кейінгілерін – орта ғасырлық қабат деп көрсетуге болады. Себебі, соңғы топтағы сөздерде кездесетін құбылыстар мен өзгерістердің көпшілігі орта ғасырларда болғандығын аңғару қиын емес. Соңғы топтағы сөздерді М. Сабыр  көнерген сөздер қатарына жатқызады да, оларды ішінара: а) қазіргі түркі тілдерінде мүлдем ұшырамайтын сөздер; ә) мағынасы  жағынан көнерген сөздер; в)  түбір немесе қосымша морфемалардың  көнеруі арқылы көнерген сөздер деп төрт топқа бөліп қарастырады. [4, 80 б]. Алғашқы топқа «Муқаддима» тіліндегі мына сөздерді жатқызуға болады: үдік – мәсі, сару – қарай, сану – есепсіз, һанал – иек. Келесі топқа, яғни мағынасы  жағынан көнерген сөздер қазір де қолданылатын, алайда қолжазба тілінде мағыналық өзгерістерге түскен  сөздер жатады. Мысалы, оғылан сөзі қазіргі қазақ тілінде ұлан тұлғасында екені белгілі. Б. Сағындықов бұл сөздің  «жасөспірім, өрен, жеткіншек» мағынасында қолданылатындығын, тіліміздегі жыныстық мәнді бірден ала қоймағандығын, аса жиі қолданылу нәтижесінде «ер бала, «еркек бала» мағынасында қолданылады. [5,83 б] Қорыта келгенде, ескерткіштің мәмүліктер мемлекетінің соңғы дәуірлерінде жазылуы оған оғыз элементтерінің көптеп енуіне жол ашса да,  көптеген  құбылыстардың қазіргідей тұрақталғанын,  басқа ескерткішке қарағанда  қазіргі қазақ тіліне  жақындығын көреміз. Олай болса, ескерткіш материялдары қыпшақ және оғыз тобындағы тілдердің  тарихын зерттеуде  жүгінетін құнды дерек көзі болатындығы сөзсіз.   


Гүлфайруз МЫҚТЫБЕКОВА, ҚазҰПУ-дың магистрі  


ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1. Исабекова Ұ. Орта ғасыр жазба ескерткіштері – қазақ тілінің тарихи негізі. // – Дәстүр журналы, №8, тамыз 2010 ж.

2. Құрышжанұлы Ә. Мәмлүк қыпшақтарының тілінде жазылған бір ескерткіш жайында, — "Көне түркі жазуларының зерттелуі.  Бүгіні мен болашағы". Дөңгелек үстел материялдары. – Астана, 2004 ж.

3. Сабыр М. Орта түркі лексикасы мен қазақ тілі лексикасының сабақтастығы. – Алматы, Қазақ университеті, 2004. 315 б

4. М. Сабыр Бабадан қалған мұрағат // Тілтаным, 2003. №1 -78 -81 б.

5. Сағындықұлы Б. Қазақ тілі лексикасы дамуының этимологиялық негіздері. – Алматы: Санат, 1994-168 б.

 

Пікірлер